Күн жылынды Көктемгі қарбаласқа әзірміз бе?

Былтыр тасқын кезінде Ақтөбе қаласы мен алты ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды. Оның ішінде облыс орталығын айтпағанда Ырғыз, Ойыл, Қобда аудандары көбірек зардап шекті. Биыл тасқынның алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Соңғы он күндікте өңірге қар мол түсті. Облыс бойынша қар шығару жұмыстары күні-түні жүргізілді. Қазгидромет мамандарының болжамынша, алдағы аптада күн күрт жылынып кетуі мүмкін. 13 наурыздан бастап облыстың оңтүстік-солтүстік аймақтарында жаңбыр жауады. 13-18 наурыз аралығында Ақтөбе қаласы мен кейбір ауданда сынап бағаны түнде -1-ден 7 градусқа дейін, күндіз де 2-7 градус жылылықты көрсетеді деп болжанып отыр. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 8-13 градусқа дейін жылынады. Ал қар күрт ерісе, тасқын қаупі жоғарылайтыны анық. Алайда қазір қала мен ауыл-аймақта қар шығару, еріген қар суын сору жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Арнайы техникалардың көмегімен облыс аумағынан 58100 текше метр қар шығарылды.
Ырғыз бен Ойыл
Былтыр тасқыннан қатты зардап шеккен Ойыл ауданында Ойыл, Қиыл және Қайыңды өзендері тасыса, су кіруі ықтимал 7 елді мекен бар. Ақкемер, Кемер, Ақжар, Қаратал, Көптоғай, Амангелді, Қарасу ауылдары қауіпті аймаққа жатады.Бұл ауылдарда жалпы саны 831 тұрғын үй бар, халық саны — 4607 адам.
Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ауданда 7000 куб қар шығарылды, жұмыстар жалғасуда. Жанар-жағармай қоры 30 000 дана қапшық, 5 қайық, 31 мотопомпа, 350 000 тонна инертті материалдар әзірленді, қажетті техникалар дайындыққа келтірілді.
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жазғы-күзгі кезеңдегі инженерлік жұмыстар жоспары бойынша, 11 іс-шара қарастырылып енгізілген, қазіргі таңда 8 іс-шара орындалды, 3 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қаратал ауылына және Ойыл селосына кіреберіс жолдарын ағымдағы жөндеу, Ойыл ауылына кіреберіс көпірін реконструкциялау, Қаратал және Ақкемер ауылдарында жағалауды нығайту мақсатындағы қорғаныс бөгеттері толық аяқталды.
Қазіргі таңда аталған елді мекендерге комиссиялық көзбен шолу тексерістері жүргізілуде, анықталған кемшіліктер бойынша ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берілген.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Амангелді, Көптоғай, Қаракөл елді мекендеріндегі бөгеттер нығайтылып, аудандағы эвакуациялық пункттер жасақталып, азық-түлік қорын әзірлеуге кәсіпкерлермен келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар Ойыл өзені бойында мұз кептелісі болуы ықтимал аймақтарында мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін «Нормал Ворк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 9 млн теңгеге келісімшарт жасалып, барлығы 3600 шаршы метр мұз жарылды. Атап айтар болсақ, Ашықбай, Сарқырауық, Ақмешіт маңындағы мұз кептелуі мүмкін аймақтарда мұз жару жұмыстары жүргізілген.
Былтыр тасқыннан зардап шеккен ауданның бірі — Ырғыз. Ауданда көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры арқылы бөлінген демеушілік қаражат есебінен Жайсаңбай, Құтикөл, Ырғыз, Құйылыс, Белшер және Мамыр ауылдарында су бұру жұмыстары жүргізіліпті. Жайсаңбай ауылындағы жұмыстар қазіргі уақытта жалғасуда. Бұл ауылдағы су бұру жұмыстары осы жылдың наурыз айында аяқталады деп күтілуде.
— Бұдан басқа жергілікті бюджет қаражатынан Жаныс би және Аманкөл ауылдарындағы бөгеттерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Шеңбертал ауылының бөгеті демеушілер есебінен нығайтылды. Бүгінде аудан бойынша көктемгі су тасқыны кезеңіне 250 000 дана қапшық, 12 рулон кленка (720 метр), моторлы 2 темір қайық, моторлы 4 резина қайық, 25 дана мотопомпа, 4 дана құтқару шеңбері, 10 дана құтқару жилеті, 30 дана генератор, 3500 бума қамыс дайын тұр. Сонымен қатар, 1 тиегіш, 1 Камаз, 1 «К-700» арнайы техникалары су тасқынына қарсы шараларға жұмылдырылатын болады. Арнайы техникалар мен жабдықтарды жанармаймен қамтамасыз ету үшін 11 000 литр дизель отыны, 5 000 литр АИ-92 бензинін сатып алу жоспарланып, бүгінде дизель отынының 6000 литрі, АИ-92 бензинінің 2500 литрі сатып алынды, — делінген аудандық әкімдік хабарламасында.
Мұз жаруға аудандық бюджеттен 11 250 000 теңге бөлінген. Ырғыз өзенінде жалпы ауданы 4500 шаршы метр болатын мұз жарылған.
Сондай-ақ тасқын судың деңгейін бақылауда ұстау мақсатында 7 елдімекенге гидробекеттер орнатылған. Олар — Шеңбертал, Ырғыз, Дүкен, Мамыр, Белшер, Құйлыс, Жайсаңбай ауылдары.
Қар ашылып, мұз жарылды
Қобда ауданында да тасқынға қарсы жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Жиренқопа, Қызылжар, Жарық, Қобда, И.Білтабанов ауылдарында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қамтылған аумақ — 5800 шаршы метр. Жалпы, мұз жару Ақтөбе, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Қобда және Хромтау аудандарында жүргізіліп жатыр.
Алға ауданында көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарды әкімдік қайта пысықтады. Былтырғы су тасқынынан зардап шеккен Алға мен Қарабұлақ ауылының арасын жалғайтын көпірдің бір бағытын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мердігер мекеме 15 наурызда жұмыстарды аяқтауға тиіс. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары көпір жанынан салынған жолмен қатынап жүр.
Бүгінде аудандағы барлық елді мекендегі суағарлар мен арықтар, су өткізгіш құбырлар қардан тазартылып, қар шығарылуда. Сондай-ақ алдын ала қаптар құммен толтырылып, қажетті техникалар, инерттік материалдар, су сорғыш мотопомпалар, генераторлар қоры жасақталып жатыр.
Аудан әкімшілігі тұрғындар мен бизнес нысандары иелерінен өздеріне тиесілі аумақтағы үй мен ғимараттардың арықтарын тазартып, аулаларындағы артық қарды көшеге шығаруды сұрайды.
Төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб отырысында өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы мәселе қаралды. Облыс әкімі Асхат Шахаров су басу қаупін азайту үшін көшелерді және аула аумақтарын қардан тазартуды, жаңбыр суын сору жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне мониторингті күшейту және алдын алу шараларын уақтылы жүргізуді ескертті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.