Қазақстанға үлгі болған ауыл мектептерін дамытудың ақтөбелік моделі

Үш жыл бұрын біздің Ақтөбеден бастау алған «Білім ALL» ауылды дамытуға бағытталған ауқымды жобасы өз жемісін берді. Осы бірегей жобаның арқасында тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюдың ақтөбелік үлгісі қалыптасты. Ауыл балаларының білім сапасын арттыру жобасы былтыр Қазақстанның жекелеген облыстарында қолға алынған еді. Ал биылдан бастап Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес еліміздің күллі өңіріне енгізіліп жатыр. Ақтөбелік жобаның басты мақсаты — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау.
Былтыр желтоқсан айында біздің облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мектептерін дамытуды мақсат еткен жоба жұмысымен танысу үшін Хромтау ауданына арнайы барды. Өңірдегі 12 тірек мектептің бірі — №1 білім шаңырағының тыныс-тірлігімен танысты. Ел Президенті онда цифрлық технологияларды қолдана отырып сабақ өткізу тәсілін көрді. Сондай-ақ аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн режимде қатысты.
Біз елге үлгі болған жоба туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен әңгімелескен едік. Сонымен…
Облыс мерейі
— Былтыр қыркүйек айында Ақтөбеде «Цифрлық технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің
әлеуетін дамыту» пилоттық жобасының қорытындысы бойынша
республикалық семинар өткізілді. Екі күнге созылған семинар аясындағы іс-шараларға Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі арнайы келіп қатысты. Ол Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы тірек мектептің тірлігімен танысты. Айта кету керек, бұрын әдетте пилоттық жобалардың нәтижесі тиісті органдарға қағаз түрінде ұсынылатын. Бұл жолы біздің өңірден бастау алған жобаның жемісін Үкімет басшысы Олжас Бектенов өз көзімен көріп, лайықты бағасын беріп, ауыл мектептерін қолдаудың ақтөбелік моделін көпке үлгі етіп, оны еліміздің барлық өңірінде дамытуға тапсырма берді. Бұл — біздің Ақтөбе облысы үшін үлкен мерей», — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.
Жоба жұмысы Үкімет отырысында да қаралды. Облыс әкімі Асхат Шахаров жоба жұмысы туралы, жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетілген қолдау жөнінде жан-жақты есеп берді.
Шешілмеген мәселелер
Елімізде ауыл мектептері көп. Олардың проблемасы да шаш-етектен. Нақты дәлелдер келтірсек, Қазақстандағы 6878 мемлекеттік мектептің 73 пайызы (5026 ғимарат) ауылдық жерлерде орналасқан. Ондағы оқушылардың үлесі — 1,5 млн бала (жалпы мектеп оқушыларының 42 пайызы).
Еліміздегі барлық апатты жағдайдағы білім беру ұйымдарының көбі ауылдарға тиесілі (76 пайыз). Олардың басым бөлігі Батыс Қазақстан (14), Қызылорда (4) және Түркістан (3) облыстарында орналасқан. Сондай-ақ ауылдарда 181 саманнан, 51 ағаштан, 13 қамыстан салынған мектеп бар. Бұл мектептер заман талаптарына сай болмағандықтан балалардың сапалы білім алуына қиындық туғызатыны анық.
Бейімделген ғимараттарда 770 шағын жинақты мектеп (ШЖМ) орналасқан. 317 ауыл мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. 248 ШЖМ-да (9,2 пайыз) ыстық тамақ ұйымдастыруға жағдай жоқ, ал 465-інде (13 пайыз) кітапхана жоқ.
1090 ШЖМ жоғары жылдамдықты интернетке қосылмаған. Көптеген мектепте физика, химия, биология, робототехника және IT пәндері бойынша заманауи кабинеттер жетіспейді. Ауыл мектептеріндегі компьютерлік техниканың 22-24 пайыз, ал ШЖМ-де 24 пайызға дейін жаңарту қажет. Бұл мәселелер де ауыл балалары үшін қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз етуде қосымша қиындықтар тудырады.
Директорлардың кәсіби дамуы жеткіліксіз бе?
ШЖМ білім алушылар контингенті — 185 мың адам (мектеп білім алушыларының жалпы санының 5,3 пайызы).
Өңірлер | ШЖМ
саны |
олардың ішінде | ШЖМ
оқушылар саны |
олардың ішінде | ||
қала | ауыл | қала | ауыл | |||
ҚР | 2 654 | 30 | 2 624 | 185 114 | 2 393 | 182 721 |
Абай | 159 | 2 | 157 | 12 133 | 134 | 11 999 |
Ақмола | 341 | 3 | 338 | 22 581 | 193 | 22 388 |
Ақтөбе | 201 | 2 | 199 | 13 654 | 71 | 13 583 |
Алматы | 73 | 0 | 73 | 5 714 | 0 | 5 714 |
Атырау | 27 | 0 | 27 | 1 840 | 0 | 1 840 |
Батыс Қазақстан | 206 | 1 | 205 | 14 431 | 55 | 14 376 |
Жамбыл | 141 | 4 | 137 | 12 712 | 415 | 12 297 |
Жетісу | 136 | 1 | 135 | 12 588 | 125 | 12 463 |
Қарағанды | 161 | 4 | 157 | 11 671 | 301 | 11 370 |
Қостанай | 273 | 1 | 272 | 17 249 | 139 | 17 110 |
Қызылорда | 12 | 0 | 12 | 523 | 0 | 523 |
Маңғыстау | 10 | 0 | 10 | 895 | 0 | 895 |
Павлодар | 212 | 2 | 210 | 13 021 | 185 | 12 836 |
Солтүстік Қазақстан | 334 | 2 | 332 | 20 483 | 214 | 20 269 |
Түркістан | 138 | 3 | 135 | 11 764 | 68 | 11 696 |
Ұлытау | 35 | 3 | 32 | 2 445 | 253 | 2 192 |
Шығыс Қазақстан | 195 | 2 | 193 | 11 410 | 240 | 11 170 |
Маңызды мәселелердің бірі — шағын жинақты мектеп басшыларының біліктілік деңгейі. Бұл мектептің дамуы мен басқаруында шешуші рөл атқарады. ШЖМ директорларының жалпы саны — 2 654 адам. 1941 басшының біліктілік санаты мүлдем жоқ. Өңірлер бойынша деректерді талдау қорытындысы басшылардың дайындық деңгейі мен біліктілік санаттарында айтарлықтай айырмашылықтар бар екенін көрсетті.
Талдау барысында білім беру ұйымдарындағы басқару жүйесіне қатысты негізгі мәселелер анықталды. Біріншіден, жоғары басқарушылық дағдылары бар басшылардың, мысалы, «екінші санаттағы басшы» және «бірінші санаттағы басшы» деңгейіндегі кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл мектеп директорларының кәсіби дамуының жеткіліксіз екендігін және ол өз кезегінде басқарудың жалпы төмен деңгейінен көрінеді. Екіншіден, кейбір өңірлерде біліктілік санаты жоқ директорлардың жоғары үлесі тіркелген.
р/с | Өңірлер | Директорлардың жалпы саны | Біліктілік санаты жоқ директорлар саны | |
1 | Алматы | 359 | 233 | |
2 | Ақмола | 354 | 235 | |
3 | Жамбыл | 310 | 180 | |
4 | Қостанай | 272 | 189 | |
5 | Павлодар | 232 | 153 | |
6 | Солтүстік Қазақстан | 323 | 157 | |
7 | Түркістан | 718 | 393 |
Педагогтердің жетіспеушілігі — ауыл мектептеріндегі негізгі мәселелердің бірі. Шағын комплектілі мектептерде мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты бір педагог бірнеше пәнді оқытатыны рас. Біліктілігі жоғары мамандар аз. Әсіресе математика, ағылшын тілі, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері тапшы.
р/с | Өңірлер | Педагог кадрларға сұраныс көп өңірлер | |
1 | Абай | 126 | |
2 | Ақмола | 114 | |
3 | Қостанай | 146 | |
4 | Павлодар | 131 | |
5 | Солтүстік Қазақстан | 92 | |
6 | Шығыс Қазақстан | 95 |
Халықаралық зерттеу
Халықаралық зерттеулердің деректері қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасында айырмашылық бар екенін байқатады.
Мысалы, PIRLS-2021 зерттеуі қала және ауыл балалары арасындағы оқу қорытындыларындағы айырмашылық 21 балл екенін көрсетті. 2016 жылмен салыстырғанда бұл алшақтық 11 балға өскен.
PISA-2022 зерттеуі бойынша да ауыл балаларының сапа көрсеткіші төмен. Аталған халықаралық зерттеудің қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің оқушылары қалалық мектептердегі қатарластарынан айтарлықтай төмен нәтиже көрсеткен. Мысалы, оқу сауаттылығында — 37 балл, математикада
18 балл және жаратылыстану ғылымында 26 балл айырмашылық бар.
Талдау жұмыстары ауыл мектептеріндегі балалардың тұрақты түрде артта қалу үрдісін көрсетіп отыр.
Білім беру сапасындағы бұл алшақтықтарды жою үшін ел Президенті Жолдауында Үкіметке нақты міндет жүктеді. Соған байланысты елімізде ауыл мектептерін дамытуға көбірек көңіл бөлінуде, мемлекет тарапынан кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Жобаның үш кезеңі
Ауылдағы білім беруді дамытудың маңызды бағыты — шағын жинақты мектептер желісін және олардың өзара іс-қимылын оңтайландыру. Ауыл мектептерін дамытудағы ақтөбелік модельде бұл бағыттағы жұмыстар бір ізге түсіп, жүйеленген. Жоба аясында тірек мектептердің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақталған мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталған. Мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Жобаға қатысқан мектеп басшылары мен педагогтері цифрлық құзыреттілікті арттыруға және кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Біздің облыстың бұл ізгі ісі де өзгелерге өнеге болып отыр.
Былтыр желтоқсан айының 3-і күні өткен Үкімет отырысында ауыл мектептерінің мәселесін жүйелі шешу үшін Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірге, келесі жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі аясында кемінде 200 тірек мектеп желісін құруды міндеттеді.
— Ауыл мектептерін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді. Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын комплектілі мектептерді жарақтандыруға 1 миллиард 800 миллион теңге бөлген. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Қысқасы, тірек мектептер шағын мектептердегі білім деңгейін көтеруге атсалысып жатыр.
Қыркүйек айында Ақтөбе облысына барған сапарымда осы жобаның алғашқы оң нәтижелерімен таныстым. Балалардың білім сапасы жақсара түскен. Ең басты нәтиже осы болуы керек. Сондықтан мен жобаны басқа өңірлерге де кеңінен таратуды тапсырдым, — деді Үкімет отырысында Премьер-Министр.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қаңтардың 31-і күні Оқу-ағарту министрлігінің Қазақстан Республикасында ауыл мектептерін дамытудың «Ауыл мектебі — сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдерін бекіту туралы бұйрығы шықты. Қазір министрліктің ұйытқы болуымен «Ауыл мектебі — сапа алаңы» жобасы қолға алынды. Жобаны масштабтауды 2024-2026 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
— Масштабтау үш кезеңнен тұрады.
1-кезең: 2024 жылғы қыркүйектен бастап Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Оған 10 тірек мектебі мен 30 шағын жинақты мектеп тартылды.
2-кезең: 2025 жылғы қаңтар айынан басталды. 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қамтылады.
3-кезең: 2025 жылғы қыркүйек айынан басталады. Бұл кезеңде масштабтау жұмысы 17 өңірдің 443 тірек және 1824 шағын жинақты мектебімен толығады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.
Сөйтіп, ауыл мектебін дамытуда Ақтөбенің жобасы, Ақтөбенің моделі күллі Қазақстанға үлгі болып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің ұйытқы болуымен қолға алынған «Ауыл мектебі — сапа алаңы» жобасында біздің Ақтөбенің үлгісі басшылыққа алынған.
Облыста 403 білім шаңырағы бар. Соның 201-і — шағын жинақты мектептер.
«Цифрлық технологияларды пайдаланып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасына біздің өңірдегі 134 ауыл мектебі (5304 оқушы, 223 педагог) қамтылды. Оқыту бес пән бойынша жүргізілді (ағылшын тілі, физика, химия, математика, биология).
Жобаның қорытындысында оқушылардың білім сапасы көтерілді. Мысалы, ағылшын тілі — 3,7 пайыз, физика — 2,4 пайыз, химия — 2,7 пайыз, математика — 5,1 пайыз, биология — 4,1 пайыз. Педагогтер өз тәжірибелеріне цифрлық технологияларды қолдануға негізделген оқытудың жаңа форматтарын енгізді.
Ауыл сақталып қалады
Сонымен, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңмен «Ауыл мектебі — сапа алаңы» жобасы аясында ШЖМ-ні оңтайландыру мақсатында тірек мектептерінің бөлімшелері құрылатын болады. Соған сәйкес тірек мектептерді және оларға бекітілетін ШЖМ-ні айқындау мен олардың қызметін реттеу ережелері әзірленеді. Географиялық орналасу принципі бойынша тірек мектепке 3-тен 5-ке дейін ШЖМ бекітіледі. Тірек мектептердің филиалдарын құру кезінде контингенті 5-тен 40 балаға дейінгі мектептер ірі тірек мектеппен біріктіріліп, оның бөлімшелеріне айналады. Мұндай тәсілдің артықшылықтары көп. Мысалы, кадрлық әлеует оңтайландырылады, яғни педагогтер бірнеше бөлімшеде сабақ бере алады немесе бір әдістемелік бірлестік аясында тәжірибе алмаса алады, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жеңілдейді. Сондай-ақ ауыл мектебін сақтап қалуға сеп.
Жоба аясында шекара маңындағы ауылдардағы мектептердің жабылуына жол берілмейді.
ШЖМ-нің басты міндеті — тірек мектебінің қолдауы мен ресурстарын тиімді пайдалану.
Өңірлер | Мемлекеттік мектептер саны | олардың ішінде | Білім алушылардың саны | олардың ішінде | ||
қала | ауыл | қала | ауыл | |||
ҚР | 6 878 | 1 852 | 5 026 | 3 544 454 | 2 038 295 | 1 506 159 |
Абай | 303 | 74 | 229 | 99 714 | 61 054 | 38 660 |
Ақмола | 528 | 93 | 435 | 138 362 | 72 877 | 65 485 |
Ақтөбе | 403 | 123 | 280 | 170 121 | 124 611 | 45 510 |
Алматы | 430 | 40 | 390 | 350 931 | 48 657 | 302 274 |
Атырау | 205 | 76 | 129 | 139 843 | 76 822 | 63 021 |
Батыс Қазақстан | 358 | 60 | 298 | 121 789 | 70 081 | 51 708 |
Жамбыл | 451 | 99 | 352 | 230 333 | 99 575 | 130 758 |
Жетісу | 314 | 58 | 256 | 128 167 | 58 674 | 69 493 |
Қарағанды | 394 | 172 | 222 | 170 077 | 136 073 | 34 004 |
Қостанай | 433 | 87 | 346 | 111 687 | 69 867 | 41 820 |
Қызылорда | 297 | 66 | 231 | 168 696 | 75 491 | 93 205 |
Маңғыстау | 149 | 49 | 100 | 171 485 | 76 712 | 94 773 |
Павлодар | 355 | 85 | 270 | 115 417 | 81 613 | 33 804 |
Солтүстік Қазақстан | 438 | 57 | 381 | 71 711 | 34 407 | 37 304 |
Түркістан | 914 | 112 | 802 | 471 319 | 108 986 | 362 333 |
Ұлытау | 85 | 38 | 47 | 40 847 | 32 155 | 8 692 |
Шығыс Қазақстан | 344 | 86 | 258 | 98 000 | 64 685 | 33 315 |
Астана қ. | 109 | 109 | 0 | 233 411 | 233 411 | 0 |
Алматы қ. | 215 | 215 | 0 | 308 709 | 308 709 | 0 |
Шымкент қ. | 153 | 153 | 0 | 203 835 | 203 835 | 0 |
P.S. Үкімет отырысында Олжас Бектенов Цифрлық даму министрлігіне биыл 1 қыркүйекке қарай ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмысын аяқтауды да тапсырды. Бұл ретте де Ақтөбе көшбастап тұр. Өңірдегі 434 жалпы білім беретін мектептің 433-і интернет желісіне қосылған. Интернеті жоқ білім шаңырағы — кешкі мектеп қана.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл мектептерін цифрландыру — жай ғана технологиялық инновация емес, бұл білім сапасын арттырудың және қала мен ауыл балалары арасындағы айырмашылықты жоюдың стратегиялық жолы.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.