Олжас Бектенов су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді

Үкімет
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірлердегі гидрометеорологиялық жағдай туралы баяндады. «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқыны жағдайын модельдеу нәтижелері туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, су нысандарының жағдайы туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ықтимал су тасқынына қарсы жедел әрекет етуге күштер мен құралдардың дайындығы туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндама жасады. Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімдері өңірлерде елді мекендерді су басудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
13 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің қар басып жатқан аумағы 67 пайызды құрайды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастағанын айтты. Бұл ретте еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр. Қостанай облысында 150 см-ге дейін және одан да көп, Ақмола облысында 139 см-ге дейін, Павлодар облысында 159 см-ге дейін, Қарағанды облысында 132 см-ге дейін тоң бар. Болжамдарға сәйкес наурыз және сәуір айлары жылы болады деп күтілуде, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады.
«Қазгидромет» биыл алғаш рет әрбір өңір бойынша су шығынының ең жоғары деңгейін, гидрологиялық бекеттер бойынша ағын көлемін көрсететін және қауіпті аймақтағы елді мекендерді анықтай отырып, егжей-тегжейлі ақпарат берді. Көктемгі су тасқынын тудыратын факторларға жүргізілген талдау су басу қаупі бар аймақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Тасқын қаупі жоғары аймаққа Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстары; қауіп деңгейі орташа аймаққа Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары жатады.
Су басу қаупін азайту мақсатында уәкілетті органдар Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының су тасқыны қаупі бар елді мекендерін аралап, шұғыл шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта ТЖМ құрамында 37 мыңнан астам адам, 13 мың бірлік техника, 4 мыңнан астам су айдау қондырғысы және 640 бірлік жүзу құралы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарын топтастыру орындары белгіленді. ТЖМ әуе кемелері тәулік бойы кезекшілікте. Сонымен қатар жалпы саны 1 мыңға жуық қызметкер, 120 бірлік түрлі мақсаттағы техника, 123 су айдау және 39 бірлік жүзу құралы бар ТЖМ күштері мен құралдарының резерві дайындалды.
«Мемлекет басшысы су тасқынының алдын алу шараларына басымдық беруді тапсырды. Үкімет су тасқынының алдын алу және кері әсерін жоюға бағытталған ұйымдастырушылық-профилактикалық, инженерлік-техникалық және жедел шаралар қабылдауда. Дегенмен аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауға тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуға тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс», — деп атап өткен Премьер-Министр бірқатар тапсырмалар берді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу міндеті қойылды. Жағдай күрделене түссе, қосымша күштер мен құралдарды енгізу бойынша шаралар қабылдау, олардың әрекеттерінің ықтимал нұсқаларын анықтау қажет.
Атырау облысының әкімдігіне Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елді мекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне жауапты органдармен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Primeminister.kz
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегіреспубликалық штаб отырысындаоблыс әкімі Асхат Шахаровөңірдің көктемгі су тасқынына дайындығытуралы баяндама жасады.
Штаб отырысы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Жиын барысында елдегі су тасқыны жағдайы, сондай-ақ тәуекелі жоғары өңірлерде су тасқыны мен су басудың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Бүгінгі таңда өңірдің үш ірі су айдынының — Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларының толымдылығы — олардың жобалық көлемінің 25- 40 пайызына тең.
«Қазгидрометтің» деректері бойынша Ақтөбе су қоймасына 299 млн текше метрге дейін және Қарғалы су қоймасына 142 млн текше метргедейін су келеді деп күтілуде. Болжам расталған жағдайда суды қауіпсіз ағызу және су басудың алдын алу шаралары көзделген.
Жалпы облыс бойынша халықты және инфрақұрылымды су тасқынынан қорғау мақсатында 160-тан астам іс-шара іске асырылды, оған жергілікті бюджеттен 6,1 млрд теңге бөлінді. Осы іс-шаралар шеңберінде өзендердің жағалауын және қорғаныс бөгеттерін нығайту, арықтар мен каналдарды тазартубойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр, автомобиль жолдарында су өткізу құбырлары орнатылды, нөсер кәрізі және су бұру каналдары салынып, жөнделді.
Өзендердегі мұз кептелісінің алдын алуға ерекше назар аударылады. Су айдындарының 24 учаскесінде мұз кептелісін болдырмайтын жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл —су тасқынының алдын алудың маңызды факторы.
Су тасқынына дайындық аясында қар шығару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елді мекендерден 762,7 мың текше метр оның ішінде Ақтөбе қаласынан 430 мың текше метр қар шығарылды.
Бұдан басқа жанар-жағармай және инертті материалдардың қажетті қорлары, су тасқыны кезінде шұғыл көмек көрсету үшін қажетті ресурстарды қамтамасыз ететін қаптар дайындалды.
Ақтөбе облысындағы азаматтық қорғау жүйесі 24/7 күшейтілген режимге ауыстырылды, бұл жағдайдың кез келген өзгерістеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Елді мекендерде қар шығару, арықтар мен су өткізу құрылыстарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту және мұз жару жұмыстары секілді алдын алу шаралары жалғасып жатыр.
Су тасқыны кезеңіне дайындық тек тәжірибеде ғана емес, сонымен қатар «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде де пысықталатынын атап өту маңызды, оның барысында 61 практикалық іс-шара өткізілді. Су басу қаупін азайту үшін қажетті шаралар жасалуда.
Асхат Шахаров су тасқыны кезеңіне дайындық барысында барлық деңгейдегі күш-жігерді үйлестіруге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Барлық қабылданған шаралар су тасқынының ықтимал салдарын барынша болдырмауға және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Біз су басу қаупін азайту және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Биыл қорғаныс бөгеттерін нығайтуға, дренаж жүйесін жақсартуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда су қоймаларынан суды уақтылы ағызуға назар аударамыз. Осы шаралардың барлығы облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ инфрақұрылым мен қоршаған орта үшін су тасқынының ықтимал салдарын азайтуға бағытталған, — деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
М.ТАБЫН.