Тоқсанның толғауы

Ол өзінің ғибратты ғұмырын, өнегелі өмірін ұлы мамандық — ұстаздыққа арнап, жан-жағына тәлім беріп келе жатқан адам. Негізінде мұғалім болу — мәртебелі міндетті мойынға алу. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Қамалхан Қуан бүгінде тоқсан атты тау басына көтерілсе де, ұстаздық ұлағатын жан-жағына кеңінен таратып жүр.
Балалықтан басталған жол
Иә, үлкен өмірге апаратын жолдардың бәрі балалықтан басталады. Кім-кім үшін де бал дәурен балалықтан қымбат ештеңе жоқ. Бірге ойнап өскен достарың, алаңсыз-қамсыз шақтарың ылғи да көз алдыңда тұрады.
Қамалхан ағаның сол кезеңі тым тәтті болды деп айтуға да келе бермейді. Алты жастан енді асқанында сұрапыл соғыс хабары елді шошытты. Оның әсерінің қаттылығы сондай — алыстағы ауылдың адамдарының өзі алғашқы күннен дүрбелең күйге ұшырады. Елдің бас көтерер азаматтарын, оның ішінде әр шаңырақтың үміт күтіп отырған жастарын жаппай әскер қатарына шақыра бастады. Есін біліп қалған жас балалардың өзі біртүрлі алаң күй кешті.
Киетін киім мен ішетін тамақтың тапшылығы бірден сезілді. Өйткені «Бәрі де майдан үшін!» деген ұран басты орынға шығарылды.
Қандай қиындықтар орын алса да, мектептегі сабақ тоқтаған жоқ. Бірақ қажетті оқу құралдары жетіспеді. Соған қарамастан, бала Қамалхан қолдағы барын ұқыптап ұстап, қағаз-қаламына мұқият қарап, үлгілі оқушылар қатарынан көрінеді. Бәлкім, болашақта мұғалім болсам деген балаң арманының негізі де сол кездерде ұшқын атты ма екен…
— Айтатыны жоқ, талай қиындықтармен бетпе-бет келдік қой. Балалық шағымыз соғыс өртіне оранды деп айтуға болады. Шынымен де заманымыз қиын еді. Қазіргі буын түсінбеуі де мүмкін, тіпті үстімізге киетін киіміміз жетіспейтін. Барды базарлау дегенді сол кезде сезіндік. Үлкен кісілер мал терісін жеріне жеткізіп илеп, содан тон тігіп беретін. Оқитын мектебіміз де жақын емес. Оған бару үшін төрт-бес шақырымжаяу жүреміз.Қолымызға әдемі кітап ұстап, таза дәптерге жазу — ол да бір арман, — деп еске түсіреді ол сол бір кезеңдерді.
Қамалхан аға мына бір жағдайды әлі күнге дейін ұмытпайды. Бірде ауылда сайлау өтеді. Оған саяси науқан ретінде қатты мән беріледі ғой. Соның әсері ме, әлде сайлау құжаттарын реттеу үшін бе, әйтеуір жоғары жақтан қарындаш, қағаз секілді жазуға қажетті құралдар молынан жеткізіледі. Оның қызығын ең алдымен білімге құштар оқушылар көреді. Балалар қағаз-қаламы азая бастаған тұста «тағы да сайлау болса екен» деп армандайды екен.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылындағы шағын білім ұясынан әріп танып, сауатын ашқан талапты шәкірт жоғары кластарды Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебінде оқиды. Осылайша ол жасөспірім шағында қала көріп, жан-жақтан келген өзі қатарлас балалармен танысып, жаңа достар тауып, өмірдің жаңа бір белесіне көтерілгендей күй кешеді.
Еңбекте шыңдалу немесе ұстаз белестері
1953 жылы Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін сол кездегі қалыптасқан жағдай бойынша өндіріске еңбек етуге жол тартады.
Ойыл ауданындағы«Саралжын» совхозында шопан болып, қой шаруашылығын өркендетуге үлес қосады. Он сегіздегі жас жігіт ат үстінде жүріп, кең далада шексіз арман-қиял құшағында тербеледі. Келесі жылы егіс даласында еңбек етіп, тың игеруге қатысады.
Осылайша екі жыл еңбекте шыңдалған, есейген, өзін-өзі үлкен өмірге дайындаған жігерлі жігіт Ақтөбе педагогика институтына келіп, құжаттарын тапсырады. Жолы болып өзі көптен армандаған студенттер қатарына қосылады.
Алайда Ақтөбедегі бұл жоғары оқу орны көп ұзамай жабылып, болашақ мұғалімдер білім алуды жалғастыру мақсатында Қызылорда, Атырау, Орал қалаларына жол тартады. Ол Қазақстанның бұрынғы астанасы болған Қызылорданы таңдайды.
Сөйтіп,1960 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысы Луговой ауданына барып, мұғалім болып жұмыс істейді. Осы өңірдегі Қорағаты орта мектебі ұстаздық жолындағы тұсауын кескен алтын ұя ретінде жанына әлі күнге дейін ыстық. Кейін Құлан атауын алған сол аймақтың жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырады.
Оңтүстікте екі жыл еңбек еткен соң елге оралды. Сол кездегі Октябрь ауданының орталығы Қандыағаш қаласына келіп табан тірейді. Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, өз тәжірибесін толықтыра түседі. Білім жолында өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, соның нәтижесінде директорлық қызметке дейін көтеріледі. Осы мектептеширек ғасырға жуық ұстаздық етіп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етеді.
1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін аудан орталығында жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол — Қандыағаш қалалық №4 орта мектебі.
Бұл салада мол тәжірибесі бар, басқарушылық та, ұйымдастырушылық та қабілеті танылған Қамалхан Қуанды жоғары басшылық жаңа мектептің директорлығына ұсынады. Уақытында Бүкілодақтық екпінді құрылысқа айналған Шилісай кен орнының қаржысына салынған 1200 орындық, төрт қабатты зәулім білім ордасын бастапқыда аралас тілді мектеп қылып ашу жоспарланады. Әлі де болса мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге тосқауыл көп кезең еді бұл. Соған қарамастан, Қамалхан Қуан тәуекелге бел байлайды. Кеңес отырысында еліміз тәуелсіздік алған жылы ашылатын мектептің таза қазақ мектебі болуы керектігін дәлелдеп, өз ұсынысын көпшілікке қолдатып шығарады.
Бастапқыда қазақ тіліндегі мектепке 600 оқушы қабылданады. Бірте-бірте орыс мектебінде оқитын оқушылар да осылай қарай бұрыла бастайды. Сөйтіп, жаңа оқу жылында 805 оқушы тізімге тіркеледі.
Жаңа мектеп ашудың да өзіндік қиындықтары аз болмайды. Нарықтық кезең басталған тұс болғандықтан ба, тақта, үстел, парта табудың өзі қиынға соғады. Директордың өзі бас болып, аудан мектептерін аралап, таныстарды жағалап дегендей, мектепке керекті көрнекі құралдарды іздестіре бастайды. Бір қызығы, орыс мектептерінің екінші-үшінші кластарында оқитын бірқатар қазақ балалары осында келіп, білім алуды төменгі кластан бастайды. Бұл бір жағынан, ата-аналардың да жанашырлығы мен жауапкершілігінен туындаған жайт еді. Мұның барлығы жаңа мектеп ұжымы мүшелерін жігерлендіре түседі.
Көп ұзамай Қамалхан Қуан жетекшілік ететін №4 қазақ орта мектебі аудан бойынша алдыңғы орындардан көріне бастайды. Оқушылардың тәртібі мен тәрбиесі жағынан үлгі орта ретінде танылады. Мектеп жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері облыстық деңгейдегі түрлі өнер байқауларынан жүлделі орындарға көтеріліп, білім ордасының мерейін арттыра түседі. Жас буын балақандардың спортқа құштарлығы артып, оның көптеген түрлерінен жетістіктерге жете бастайды.
Бұл тұста мектеп директоры жанына білікті мамандарды тартып, оларды бір мақсатқа — оқу-үлгерім сапасын арттыруға, шәкірттерді жан-жақты жетілдіру ісіне жұмылдырады. Жоғары класс оқушылары арасында мамандық таңдау, кәсіпке бағдарлау жұмыстары ауқымды түрде жүргізіле бастайды.
Қамалхан аға 1993 жылы облыстық директорлар байқауына қатысып, өзінің әріптестері арасында лауреат атанады. Бұл — оның тынымсыз ізденісінің, үздіксіз еңбегінің жемісі болатын. Мұның барлығы мектеп ұжымымдағы мұғалімдердің ерен еңбегінің, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдығының, басшы ретінде мені қолдауының нәтижесі еді. Үлкенді-кішілі мұғалімдердің, бір сөзбен айтқанда әріптестерімнің атқарған жұмыстарының арқасында менің еңбегім көпке танылды, жоғары бағаланды. Бұған мен қатты қуандым», — дейді сол уақытты еске алған ұстаз-басшы тебіреніп отырып.
Қамалхан аға мектепте күні-түні тынымсыз еңбек ете жүріп, аудан өміріне, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Ол уақытта жұртшылық арасында үгіт-насихат, ағартушылық шараларға кеңінен көңіл бөлінетін. Оған білім саласы қызметкерлері де көбірек тартылатын.
Қамалхан Қуанның бұл бағыттағы еңбегі жоғары бағаланып, облыс бойынша жарық көрген «Үздік насихатшы» атты кітапқа есімі енгізілді. Сонымен бірге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қабылдап, Алғыс хатпен марапаттап, қолына сағат тағады.
Мектеп директоры болу бір жағынан, ұстаздарға ұстаздық ету деген сөз. Осы ауыр жүкті ол абыроймен атқарды. Соның нәтижесінде жоғары дәрежелі мұғалім атағына ие болды, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атанды, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін кеудесіне тақты.
Қаладағы қызмет
Қамалхан аға құрметті еңбек демалысына шыққан соң облыс орталығына — Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Өмір бойы еңбекті серік еткен ұстазды мұнда да іргелі істер күтіп тұр еді. Ол әуелі №6, сосын №1 кәсіптік лицейлерде 2019 жылға дейін қызмет атқарды.
Сол уақыттарда аталған оқу орындарында басшы болған кәсіптік білім беру саласының ардагерлері, Қазақстан білім беру саласыныуң үздігі атағының иегерлері Салық Сарқұлов пен Жанкелді Қалқаман Қамалхан Қуанның өздеріне ақылшы аға, жанашыр әріптес болғанын, қай жерде жүрсе де қазақ тілінің қамқоршысы ретінде қызметін аямағанын бүгінде мақтаныш сезімімен айтады.
Қамалхан аға тоқсан жастың биігіне көтерілер тұста да қоғамдық жұмыстан тыс қалған емес. Облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің, облыстық ішкі саясат басқармасының ақпараттық кеңесінің мүшесі ретінде оның қатысумен жүзеге асқан игілікті шаралар, білім саласын жетілдіруге қатысты жүйелі жұмыстар көпшіліктің ойынан шығып, жақсы бағасын алды.
Ол бекітілген жоспар бойыша жастармен кездесіп, тәрбие сағаттарын өткізеді, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өзі білім алған алтын ұясы — Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектебінде қамқоршылық кеңестің төрағасы қызметін атқарып, жастарға жол, кішілерге қамқор боларлық шаруалардың басы-қасында жүреді. Мүмкіндігінше жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетеді. Жастардың ортасына өмірден алған тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Қамалхан ағаның облыстық «Атамекен» ардагерлер ансамблінің құрамында өнер көрсетуі де талайға үлгі. 2019 жылы осы ансамблдің атынан республикалық байқауға қатысып, Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін орындап, жүлделі бірінші орынға ие болды.
Отбасындағы өнеге
Қамалхан Қуанұлы өзінің өмірлік серігі Меруерт Сапаровамен ұзақ ғұмыр жолында қол ұстасып, бірге келе жатқанына қуанышын жасырмайды. Олар қандай қиын тұста да бірін-бірі қолдаудан, бір-бірінің жанынан табылудан тайған емес.
Екеуі шаңырақты қуанышқа бөлеп, дүниеге келген сүйкімді перзенттерінің күлкісімен көгеріп-көктеді.
Меруерт апа ұзақ жылдар бойы теміржол ауруханасында жедел жәрдем бөлімінде қызмет атқарды. Оның қаншама адамның өміріне араша болғанын бүгінде санамалап шығу қиын болар. Әйтеуір, әлі күнге дейін үлкенді-кішілі талай адам иіліп сәлем беріп, алғыстарын айтып жатады.
Олардың үлкені Марина— облысқа белгілі білікті дәрігер, ақ халатты абзал жан. Ал екінші қызы Гүлмира «АқтөбеМұнайСервис» мекемесінде директордың орынбасары болып қызмет атқарды. Ол өкінішке қарай, өткен жылы дүниеден өтті.
Айнаш — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында басшылық қызметтер атқарып, байланыс саласында өзінің біліктілігін көрсетіп жүрген кәсіби маман.
Луиза шет тілі факультетін үздік бітірді. Төрт тілде еркін сөйлейтін ерекше талант иесі.
Ал шаңырақ иесі Әмір Қуанов Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, бүгінде шетелде программист мамандығын меңгеріп жатыр.
Мәуелі бәйтерекке айналған ардагер ұстаз бүгінде он шақты немеренің, жеті-сегіз шөберенің мақтан тұтар ардақты атасы.
Басқа да марапаттарымен қоса, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері, өңірдің дамуы мен ағартушылық саласына қосқан үлесі үшін Мұғалжар ауданының және Қандыағаш қаласының Құрметті азаматы атанған абзал ата, асқар тау ағаның абзал адамгершілік қасиеттері әлі талай айналаға шуақ шаша берері сөзсіз.
* * *
Ай аялап, жыл жылжып,
Жеттім, міне, тоқсанға, — деп жырлаған екен кезінде қарт ақын Кенен Әзірбаев.
Біз Қамалхан ағаның қазіргі келбетін сол тоқсанға қия алмадық.
Әлі күнге дейін бос уақытында домбырасын шертіп, әуелетіп ән салатын Қамалхан ағаның орындауындағы тоқсанның толғауын басқаша ұғындық.
Таңертең ұйқыдан елден бұрын оянып, өзі тұрған үйінің қарсы бетіндегі денсаулық аллеясында сергек басып, сенімді қадам жасап жүретін оның өр қимылынан өмірге құштарлықты, алғы күндерге ұмтылысты байқайсыз.
Иә, ол өзін сонау балаң кезінен осылай тәрбиелеген адам. Өзгелерге де сол тәлімін ұғындырып келеді!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.