Оннан астам адам жұмыспен қамтылады

Жәрмеңке
Қобда ауданында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында және жалпы бос жұмыс орындарына жұмыссыздарды тарту мақсатында жәрмеңке өтіп жатыр. Мұнда 66 қызмет түрі ұсынылған.
Аудандық әкімшілік пен мансап орталығы мұндай іс-шараны жиі өткізіп тұрады.
— Аудан бойынша пробация есебінде 5 азамат тіркелген. Қазіргі таңда олардың барлығы жұмыспен қамтылды. Жалпы, ауданда 531 азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оның 111-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 22 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етуде. «Күміс алқа» жобасына 35 азамат қатысып жатыр. Сонымен қатар 4 жас маман жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасты. Бүгінде «Еңбек» порталына 66 қызметке бос жұмыс орны жарияланды. Жәрмеңке 19 наурызға дейін жалғасатын болады. Шамамен 12 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар,— дедіҚобда аудандық мансап орталығының директоры Қуаныш Бегалиев.
Жәрмеңкеде логопед, ветеринарлық санитар, кір жуушы, компьютер технигі, тәрбиеші, музыкалық жетекші тәріздіжұмысшы мамандарға сұраныс бар. Сонымен қатар жәрмеңке барысында мемлекеттік қызметке орналасу жөнінде жұмыс сұрап келген азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілуде.Орталық директорының айтуынша, жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімдік оқуларға жіберіп, қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға қатыстыру жыл соңына дейін жалғасады.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,
Қобда ауданы.