Жаңалықтар

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Брифинг

Биыл көктемде облыс бойынша 1120 азамат әскер қатарына шақырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Ақтөбе облысы қорғаныс істері бойынша департамент бастығы Әділет Отарбаевтың баяндауынша, дәл қазіргі күні мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жүргізіліп жатыр.

Биыл облыс бойынша барлығы 1120 азамат әскер қатарына шақырылады. Оның ішінде 590 адам Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына, 361 адам — Ұлттық Ұланға, 130 адам — еліміздің шекара қызметіне, 28 адам —Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 11 адам мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі, — деді ол.

Былтыр осы мерзімде әскери қызметке 2183 адамды шақыру жоспарланған. Дегенмен нақты шақырылғандар саны 2206 адамға жетіп, жоспар 101 пайызға орындалған.

Бұл — жастарды әскери борышын өтеуге ынталандырып, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Былтыр облыста 6276 жас тіркелді. Сондай-ақ 500-ге жуық азаматшақыру мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланса, 463 адам әскери қызметтен босатылды, — деді спикер.

Брифинг барысында қорғаныс істері бойынша департамент өкілдері мерзімді әскери қызметшілерге берілетін жеңілдіктер, әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру шарттары мен әскери қызметке шақыру тәртібі, жастарды әскери есепке қою сияқты өзге де мәселелерді жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар әскери саладағы жаңашылдықтар мен цифрландыру ісі де баяндалды.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button