Бес кеселден қашық бол…
Форум
Сейсенбі күні Өнер орталығында «Жастар. Жігер. Болашақ» атты форум өтті. Онда жастар арасындағы нашақорлық, лудомания, буллинг пен суицид мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңірімізден шыққан белгілі өнер адамдары жастарға тағылымды әңгімелерін айтты.
Аталған форумға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев, «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, әнші Нұрболат Абдуллин, айтыскер ақын Қайнар Алагөзов, «Жаужүрек мың бала» фильміне түскен танымал актер Артур Төлепов, сондай-ақ ішкі істер саласының қызметкерлері, қала мектептері мен колледждерінен мыңға жуық оқушы қатысты.
Форум Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры жастарының қойылымымен басталды.
Бұдан кейінсөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында екенін, қазір жастардың өздігінен ізденіп, жаңа білім алуына мүмкіндік мол екенін жеткізді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жалпыға ортақ құндылықтарды дамыту мен қазір елге қауіп төндіріп тұрған 5 кеселге тоқталды. Президент жастар арасында құқық бұзушылық, нашақорлық, вандализм, қатыгездік, бұзақылық жағдайлардың өскенін атап өтті. Бұл қиындықтарды жеңу үшін қоғамның қолдауы қажет. Біз сіздерді, жастарды өмір жолын жауапкершілікпен таңдауға шақырамыз. Бізге өркениетті қоғам болуға кедергі келтіретін жаман әдеттерден арылу керек. Бұл зұлымдыққа қарсы күресте елде нашақорлыққа, лудоманияға, буллингке қарсы заңдар күшейтілді. Мұндай қылмыстар үшін жаза қатаң екенін ұмытпаңыздар.
Қоғамдық жұмыс пен бастамаларға қатысу, білім мен салауатты өмір салтына ұмтылу – бұл бүгінгі жастар үшін басты құндылық. Тәуелсіз еліміздің болашағы сіздерге байланысты. Біз жастар өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынына және өзінің жарқын болашағын құра алатынына сенімдіміз,— деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында Қазыбек Әлішев жастар арасында лудомания, нашақорлық, басқа да қылмыстарды болдырмау мақсатында елімізде қабылданып жатқан заң жобалары аясында сөз қозғаса, Есен Елеукен жинағандарды жақсы оқып, арманға жету жолында үздіксіз еңбектенуге шақырды.
Форум аясында айтыскер ақын Қайнар Алагөзов жастарға жыр-арнауын жолдап, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Ал әнші Нұрболат Абдуллин мен актер Артур Төлепов өз бастарынан өткен оқиғаларын баяндап, жастарды озат оқуға, өздері таңдаған мамандық иесі болуға үндеді.
Жалпы, форум аясында жастарды жаман қасиеттерден алшақтату, оның ішінде нашақорлық, суицид, буллингпен күресу және олардың алдын-алу мәселелері сөз болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтің айтуынша, соңғы жылдары өңірімізде қылмыс саны азайғанымен, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деректерінің саны артқан.
— Статистикаға жүгінсек, биыл жыл басынан бері облыста 40-қа жуық жас қылмыс жасап, абақтыға жабылды. Олардың дені — колледж және мектеп оқушылары. Сондай-ақ биыл облыста буллингтің кесірінен екі жасөспірім көз жұмды. Бұл қылмыстық істер бойынша кінәлілер жазаланды. Бұдан бөлек оқу орындарында бопсалаумен айналысқан 7 жасөспірім қамауға алынды. Міне, осындай жағдайға түспеу үшін біз осы отырған жастарды өзгелерге әлімжеттік жасамауға, есірткіден, құмар ойыннан, басқа да қылмыстардан аулақ болуға шақырамыз, — деді департамент бастығы.
Форумжас әнші Нұртас Омаровтың орындауындағы «Жастар жалыны» әнімен аяқталды.
Данагүл ҚАЗИХАН.