Ұтқыр ойлылар сайысы
17 қараша — Халықаралық студенттер күніне орай «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «IQAS» зияткерлік лигасы өтті. Оған қаламыздағы оқу ордаларының білім алушылары қатысты.
Зияткерлік ойын алдында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Құлбергенов жастарды мерекемен құттықтап, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
— Қызығы мол студенттік шақ — адам өміріндегі қызықты естеліктерге толы, ұмытылмас кезеңдердің бірі. Бүгінде өңір жастарының қоғамдық жұмыстармен айналысуына барлық жағдай жасалған. Облыстық, қалалық жастар ресурстық орталықтары жастарды еңбекке баулу мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырады. Ендігі кезекте жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналды полиция өкілдерімен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 25 қарашадан бастап «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында жоспарланған кешенді іс-шараларымыз басталады, — деді ол.
Ұлттық, тарихи, мәдени, рухани құндылықтарды жастардың арасында дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қатысушылар 6 топқа бөлініп, 4 кезең бойынша бақ сынасты. Ойлылар сайысында қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Әбуов түрлі логикалық сұрақтар қойып, ойынды қыздыра түсті. ALT Ақтөбе гуманитарлық–техникалық колледжінің оқушысы Ақжан Есіркеген зияткерлік ойынның тартысты өткендігін айтады.
— Сайыста төрт кезең бойынша сұрақтарға жауап бердік. Ең қызықты ойын «Құпия ұяшықтар» кезеңінде өтті. Бұл кезеңде логикалық, тарихи-мәдени бағыттағы сұрақтардың шешімін таптық. Бос уақытымды ұтымды пайдаланып, осындай қызықты сайыстардан қалмауға тырысамын, — дейді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің командасы жеңімпаз атанды. Ал жүлделі 2-орынды Ақтөбе политехникалық колледжінің жастары, 3-орынды Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің жастары иеленді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.