Тұлға

Жұбанов феномені

Құдайберген Жұбановтың туғанына — 125 жыл

Профессор Құдайберген Жұбанов қазақ филологиясындағы ерекше құбылыс. Ол ғылымға 1920 жылдардың аяғында келіп, 30-жылдардың соңғы ширегіне дейін белсене араласты.

Қ.Жұбанов көптеген батыс-шығыс тілдерін жетік меңгерген, славян-герман,роман тілдерін еркін пайдаланып,ал шығыста араб-парсы,шағатай,моңғол тілдерін білген. Оларды түркі тілдерімен салыстыра пайдаланып, оған қоса академик Н. Я. Маррдың шәкірті есебінде грузин, қытай тілдерінің деректерін де өз зерттеулеріне қатыстырды. 1932 жылдың соңында Ленинградтан аспирантура бітіріп келгеннен кейін, ол Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) қазақ тілі және жалпы тіл білімі кафедрасын басқарған, 1933 жылы мемлекеттік термин комиссиясының төрағасы болып тағайындалады, ал 1934 жылдан бастап КСРО Ғылым АкадемиясыҚазақ филиалының тіл, әдебиет секторын басқарған. Сонымен бірге өлкелік партия комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтында аударма жөнінде кеңесші болған және Қазақ ұлт мәдениетін зерттеуші ғылыми институты ғылыми кеңесінің мүшесі және тілтану бөлімінің меңгерушісі болған. Осы уақыт ішінде тіл, әдебиет, мәдениет, тарих, оның халық ағарту, қоғамтану, ұлттану салалары бойынша үздіксіз ізденістер жүргізген. Ал лингвистика мәселелерін ол сол кезде Одақта үстем болып тұрған Н.Маррдың тіл туралы жаңа ілімінің негізінде жалпыеуропалық деңгейде қарастырған.

Қ.Жұбанов ҚазПИ-дің профессоры, Академияның тіл, әдебиет секторының меңгерушісі, халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі және сектор меңгерушісі, комиссариат жанындағы мемлекеттік термин комиссиясының төрағасы бола жүріп, қазақ тіл білімінің практикалық мәселелерімен де мықтап шұғылданған.

Атап айтқанда, Құдайберген Жұбанов қазақ тілін мектепте оқытудың тұңғыш мемлекеттік бағдарламасын, сонымен бірге қазақ тілінің орталау және орта мектепке арналған екі бөлімді грамматикасын жасаған. Оның бірінші кітабы «Жалпы морфология» деген атпен 1936 жылы жарық көрген, ал 1937 жылы басылып шығуға тиісті екінші кітап синтаксис мәселелеріне арналған еді. Бірақ ол баспадан шығып үлгермей жатып цензурамен тәркіленген.

Терминкомның төрағасы ретінде Қ.Жұбанов ғаламат теориялық білгірлік пен ғылыми ұйымдастырушылық қабілетін танытты. 1935 жылдың мамыр айында өкіметтің қаулысымен республиканың Халық ағарту комиссариаты мәдениет қызметкерлерінің тұңғыш съезін шақырады. Съезд жұмысын ұйымдастырушы комитеттің төрағасы етіп профессор Қ.Жұбановты тағайындайды.

Қ.Жұбанов осы съезде қазақ тілінің мәдениетін көтеру;қазақ мектептеріне арналған оқу құралдары мен оқулықтар жасау жөнінде және қазақ тілінің мемлекеттік терминдерін жасаудың принциптерін белгілеу мәселелері бойынша баяндамалар жасайды.Сол съезде Қ.Жұбанов ұсынған қазақ терминдерін жасаудың 10 тармақты принциптері бірауыздан және өзгеріссіз қабылданады.

Қазақ әдеби тілі күні бүгінге дейін физика,математика,биология,химия,география,қоғамдық пәндер бойынша осы принципке негіздеп жасалып, қалыптасқан терминдік атауларды қолданып келеді.Профессор Жұбанов еуропалық деңгейде білім алған тұңғыш профессионал лингвист болғандықтан,  тіл білімінің теориялық мәселелерін зерттеуде тек жеке қазақ тілтанымы аясында шектеліп қалмай,зерттеу объектісін негізінен түркологиялық таным деңгейінде қарастыра отырып, ғылымның диапазонын (аумағын) жалпы тіл білімі аспектілері шеңберінде пайымдаған. Бұған оның 1934 жылы «Политехникалық мектеп» атты журналда «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар» деген айдармен жарияланған еңбектері дәлел.

«Қазақ тілінің фонетикасы»(«Дыбыс жүйесі») атты мақаласы 1935 жылы Қазақ ұлт мәдениетін зерттеуші ғылыми институтының «Еңбектер»аталатын жинағында жарық көрген. «К постановке исследования истории фонетики казахского языка» атты еңбегі жәнеКСРО Ғылым Академиясының қазақ филиалында лингвистика секторын басқара жүріп әзірлеп, «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» сериясы бойынша 1936 жылы жарық көрген: 1) «Изистории порядка слов в казахском предложении»; 2) «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» еңбектері, сондай-ақ осы сериямен 1937 жылы жарық көруге тиісті, бірақ цензура тәркілеп, шығармай қойған: 3) «О частях речи в казахском языке»; 4) «Двойные слова синонимического типа»;5) «Возникновение фонематического различия глухих и звонких»; 6) «Подражательные слова как особые формы словообразования»; 7) «Скотоведческие междометия казахов»; 8) «К природе и генезису залоговых форм в казахском языке»;  9)«Структура местоимении в казахском языке»;10)«Элементы кинетической сигнализации в женской речи казахов»атты туындылары да осы сөзімізге айқын дәлел.

Қ.Жұбанов 1937 жылы нақақ қараланып,«халық жауы» атанғаннан кейін оның еңбектері ғылыми айналымға түскен жоқ. Ғалым арада 20 жылдай үзіліс өткен соң ғана ақталды. Осы тұста оның есімі қазақ филиологиясының жаңа буыны үшін тек қазақ тіл білімінің өкілі ретінде ғана танылды. Сонау 30-жылдардың орта шенінде ғалым түркологиялық сипаттағы еңбектерін неліктен орысша жазып, жариялағанына ешкім мән бермеді. Ол еңбектердің мазмұны сарапталып, танылмай-ақ,жұртшылыққа «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген жалпы атпен ұсынылды. Бірақ қайтажарияланған Қ.Жұбанов мұрасы түгел емес еді. Оның көптеген мақалалары мен кітаптары табылған да жоқ. Ал қолжазба еңбектерінен тек бірлі-жарымы ғана жинақтарға енгізіліп отыр.

Қ.Жұбанов ғылымға 1920 жылдардың соңғы ширегінде келіп араласты. Бұл кезде кеңес елінде В.Лениннің өзі қолдаған, түрік, әзірбайжан халықтары ынта білдірген жаңа латын әліппесін жасау міндеті күн тәртібіне қойылды. Қ.Жұбанов осы латын жазуының белсенді насихатшыларының бірі болды. Аталған кезеңде кеңес мектебі жүйелі түрде бастауыш, орталау, орта оқу орындарына бөлініп, одан әрі халыққа жоғары білім беру үшін педагогикалық институттар мен университеттер ашу, академиялық ғылымды дамыту, ұлттық ғылым тілін қалыптастыру міндеті тұрды. Сол міндеттерді орындау жолында мол дайындықпен келген Қ.Жұбанов жаңа жазуға негізделген қазақ тілінің әліппесін, емлесін, грамматикасын, терминалогиясын қалыптастыру ісіне белсенді араласты. Сонымен бірге қазақ тілін жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу мекемелеріне дербес пән етіп ұсыну үшін тілтанудың теориялық мәселелерін терең де тиянақты зерделей бастады. Бірақ оның ғұмыры қысқа болды. Аспирантураны бітіріп келгеннен кейін ҚазПИ-дің қабырғасында, халық ағарту жүйесінде небәрі 5-ақ жыл еңбек етті. Алайда біз ғұламаның сол аз уақытта жазып қалдырған терең теориялық әрі практикалық мұраларын әлі күнге түгел тауып, зерттеп болған жоқпыз. Біздің мақсатымыз —Құдайберген Жұбановтың рухани танымын барынша қамтып, жан-жақты түсіне білу.

Профессор Қ.Жұбанов ұлы ақын Абай Құнанбаев туралы 1934 жылы «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деген мақала жариялады. Бұл мақалада айтылған қағидалардың қазақ әдеби тілі мен қазақ әдебиетін зерттеу үшін тарихи рөлі, маңызы аса зор болды. Егер ол кездегі Абай турасындағы, оның творчествосын бағалау жайындағы айтыс-тартыстар мен көзқарастарды еске алсақ, бір алуан пікір иелері — Абайды, оның творчествосын бұрынғы үстем тапқа телігені, енді бір алуаны — Абайдың әдеби мұрасын халыққа тән деп бағалағаны, үшіншілері оған әрі-сәрі қарағаны мәлім. Дәл сол кезде қазақтың халық әдебиеті мен оған Абайдың көзқарасы қандай болғандығын, ақынның халық әдебиетінен қандай нәр алғанын, Абайдың шығыс әдебиетіне қатысын,оның несіне назар аударып,несінен безінгенін,орыс әдебиетінен қандай үлгі-өнеге алғанын тарихи жағынан толық сипаттап, ғылыми жолмен дәлелдеген, Абайды қазақ әдебиетінің ескі жұртынан да, «ислам мәдениетінің кірлі көрпесінен» де сілкініп шыққан, қазақ әдебиетін жаңа бағытқа салып, қазақ мәдениетін жаңа соны жолға түсірген ақын деп танып, оның(Абайдың) тарихи қызметін ең алғаш рет дұрыс бағалаған профессор Қ.Жұбанов еді.

«Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» (1936 жылы)атты мақаласында ғалым-публицист қазақ тілінің тұтастығын,біркелкілігін сөз еткенде, тіліміздің бұл қасиеті қазақ халқының ішкі-сыртқы жағдайларымен байланысты ертерек,яғни ХIV-ХVIII ғасырлар аралығында қалыптасқанын айтады.Бұдан біз Қ.Жұбанов тек лингвист тілші ғана емес,кең тынысты филолог-шығыстанушы деген ой түйеміз.

Келесі бір орны бөлек дүние — «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жөнінен»атты, тіл мен тарих деректері негізінде жазылған еңбегі.Мұнда автор музыка терминдерінің (домбыра,қобыз, т.б.) этимологиясын, яғни түп-төркінін ашып береді. Сол кездегі оқымыстылардың музыка саласы бойынша еңбектеріндегі пікірлердің біреуін қостап отырса, екінші біреуіне қарсы дау айтады. Зерттеуде тек қазақ мәдениеті ғана емес,басқа да көптеген халықтардың рухани ой-өрісі ашып көрсетіледі.

Профессор Жұбановтың артына қалдырған мол мұрасына шағын талдау жасау арқылы біз оның ұлт руханиятындағы орнын, ғылым әлеміндегі феномен екенін тағы бір жеткізуді көздедік.

Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,доцент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button