Тұлға

Шыншыл демократ, ашық саясаткер

Заманымыздың заңғар жазушысы, дүниежүзілік әдебиет пен мәдениетке зор үлес қосқан қайраткер Мұхтар Әуезов: «Дүниеде болып өткен нелер ұлы жандар бар. Олардың ішінде даналары да аз емес-ті. Көбінен қалған дарынды кітап, ұлы шығармалар, ұлағатты істер саналы тірлігіңде үнемі еске түсіп, қатарыңа ілесіп жүргендей болады, біз оларды керегіне қарай пайдаланамыз, ісімізге жаратамыз»,— деп жазды. Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, экономист-ғалым Марат Оспановтың өмір жолы, қызметі және мұрасымен танысқанда, осы сөздер еріксіз ойға оралады.

Белгілі қоғам қайраткерінің ел егемендігін нығайтудағы рөліне, ой тереңдігі мен тұтастығына, өмір ағымының бір сәтін де қалт жібермеген көрегендігіне, тұлғалық тұтас болмысына тәнті боласың.

80-жылдардың екінші жартысындаелде аса ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптасқан еді. Бұл бұрынғы КСРО басшыларының толғағы жеткен өзгерістерді жүзеге асыруға дәрменсіздігінен ғана емес, оның қажеттігін түсінуге қабілетсіздігі мен қоғамдық-саяси өмірдің аса маңызды мәселелері бойынша жариялылықтың болмауынан да айқын көрінді. Елдегі қалыптасқан жүйені өзгертукеректігін түсінгеналдыңғы қатарлы азаматтардың бірі МаратОспанов болды. Марат 1987 жылы Ақтөбе қаласында «Қайта құру үшін» атты клубтың негізін қалап, оның жетекшісіретінде саясат сахнасына шықты. Саясат алаңында жүрген 10 жылдан астам уақытта еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы дамуы, аяғынан тік тұруы үшін жасалған игі қадамдардың басы-қасында болды.

Марат Оспанов 1989 жылы сол кездегі облыс басшысы Ю.Трофимовке: «Үш жыл қатарынан облыста астық дайындау жоспары орындалмай келеді, оның өндірілу көрсеткіші төмендеген… Мал басының орташа жылдық саны — 1983 жылғы деңгейде. Сіз ауыл шаруашылығының жағдайына деген жауапкершілікті сезінесіз бе, соны білгім келеді», — деп хат жолдайды. Партияның әлеуметтік-экономикалық саясатын сынаған бұл хат көбейтіліп, қолдан-қолға көшумен болды. Сөйтіп, Марат Тұрдыбекұлы күрескер тұлға ретінде ел аузына іліге бастады. 1990 жылы ол «Ақтөберентген» зауытының ұжымы атынан сайлауға ұсынылып, ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Осылайша обком хатшысына жолданған хат оқытушының өмірін түбегейлі өзгертеді. Кейін М.Оспанов: «Бұл менің саясат жолындағы қызметімнің бастауы болады деп ойламап ем. Менің ойымда мүлдем басқа нәрсе болды ғой», — деп еске алды.

Ол ешқашан ағысқа қарсы жүзуден қаймықпады. Заң жобаларын идеологиялық, концептуальдық тұрғыдан қатаң қадағалап, мәселенің қай бағытта шешілетінін де алдын ала болжай білді. Қиын сәттерде сөйлеуге көбірек уақыт беру немесе дер кезінде пікірталасты аяқтай қою, қатардағы депутат ретінде сөз алуарқылы да жол тауып отырды.

Парламентте ол күнбе-күн, отырыс сайын халық қалаулыларын Үкіметтің «қол баласына» айналдыруға қарсы күресімен көпшіліктің есінде қалды. Оның басқаруында Парламент турашыл, бірбеткей болды, кейде тұста қызу дауласты, ал оңай көнгіштік болмады. Мәжілістің бірінші спикері Марат Оспанов керек сәтте ел тағдыры үшін өз мойнына міндет артудан тайынбайтын мінезімен депутаттарға үлгі болды.

М.Оспанов экономикалық мәселелерді елеп-екшеп, тереңнен зерттеп, еліміздің болашақ экономикалық дамуын болжай білді. Оны теориялық тұрғыда «Қазақстан Республикасындағы салықтың басқару жүйесін жетілдірудегі проблемалар», «Шетелдік инвестиция және капитал: теориялық мәселелер мен пайдалану практикасы», «Агробизнестің теориясы мен практикасы», «Салық реформасы және салықтық қатынастардың үйлесімі», т.б. еңбектерінде тиянақтады.

Марат Тұрдыбекұлы әрқашан проблемалық мәселенің тарихына көз жіберіп, пайда болуына себепкер факторлар мен жағдайларды анықтау арқылы қазақстандық өтпелі экономиканың ерекшеліктерін талдап, зерттей білді. Бұл зерттеулер сол тұста Қазақстандағыенді дамып келе жатқан нарықтық экономика жағдайында мемлекетішілік экономикалық саясатты дұрыс жүргізуде маңызды рөл атқарды.

Ол аграрлық саясатқа, яғни ауыл шаруашылығын қолдау мәселесіне де үлкен көңіл бөлді. Бұл бағыттағы ұсыныстарының қатарында ауыл шаруашылық кәсіпорындарының қарыздарын, құрылымын қайта қарау, олардан үстемелер мен айыппұлдарды алып тастау, ауыл шаруашылық өнімдерін өткізуде бәсекелестік ортаны қалыптастыру, т.б. болды.

Саясат терең білімді, өз ойыңды үнемі дамытып отыруды, мақсат қоя білуді және жан-жақты дамуды қажет етеді. Марат Тұрдыбекұлы қазақ тілін үйренгісі келді — өте жақсы дәрежеде меңгере білді; домбырада ойнауды мақсат етті — тез арада оны да үйреніп алды.Ғалым-саясаткер проблемаларды шешу барысында көптеген ғалымдарымыздың, саясаткерлеріміздің эмоциялық тұрғыдан жіберген қателіктерін қайталаған жоқ.

Марат Оспанов жемқорлықпен күреске де үлкен мән берді, сондай-ақ кәсіпкер құқығын қорғауды заңдастыру; қоғам мен саяси жүйені демократияландыру; төртінші билік — бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қатысты ұсыныстарды дер кезінде алға тартты.Ол жемқорлықпен күресті зияны көбірек тиіп отырған салаларда күшейту керек деп есептеді. Құқық қорғау органдарын, қаржы саласын, кеден қызметін, мемлекеттік мүліктерді басқару жүйесін осындай салалар қатарында атады.

Парламенттегі заңдар жобасын талқылауда халық қалаулыларының әр түрлі көзқарастарының бір арнада тоғысуы көптеген талас-тартыс, пікір алмасулардан кейін қалыпқа түсетін жай екені белгілі. Сондықтан да Марат Оспанов келісімге келу мен ымыраласуда асқан шеберлік таныта білді. Дауыс беруді ешқашан Парламенттің негізгі қызметтерінің бірі деп қабылдаған жоқ. Ол нағыз пікір алысу барысында ғана болашағы бар, пайдасы жоғары заңдар қабылданады деген ойда болды.

Марат Оспанов қашанда өз пікірі бар және оның өзгелердің пікірімен сәйкестігін бақылап, жалтақтауды білмейтін, әріптестері үшін де, баспасөз үшін де, халық үшін де ашық саясаткер, ел-жұрты шын мәнінде сыйлаған танымал тұлға болды. Бұл «М.Оспанов ешқашан депутаттар пікірімен санаспады» деген сөз емес. Керісінше, ең әуелі депутаттарға өз ойын білдіруге мүмкіндік беріп, кей жағдайда оны аяғына шейін тыңдауға шыдамы таусылса да өзін ұстай білді, іштей қанша қарсы болса да, сыр білдірмеуге тырысты, кей тұста әдемі әзілмен қолдап та қойды. Ал аудитория Марат Оспановтың сабырлылығын көріп, оған отырыс төрағасы ретінде сеніммен қарады. «М.Оспанов шешілмейтіндей болған мәселелерді шешіп, араздасқандарды татуластыра, тұйыққа тірелген жағдайлардан жол таба білді», — деп жазылды кейін естеліктерде.

Ол тек Парламенттегі талқылаулар ғана емес, журналистермен сұхбаттарға, сайлаушылармен кездесулерге де зор мән беріп, Парламенттің өте маңызды билік органы екенін жете түсінген адам еді. Марат Тұрдыбекұлышыншыл демократ болды және оның ойынша демократияны бейнелейтін орган — Парламентболатын.

Көзін көргендер мен қызметтестерінің айтуынша, оның бойында саясаткерлерде сирек кездесетін шынайылық қасиеті болды. Сонысымен де пікіріне қарсы бағыттағы оппоненттерінің өзін «қарусыздандыра» алатын.

Көрнекті қоғам қайраткері, тәуелсіздік тудырған танымал тұлға Марат Тұрдыбекұлының елі, халқы үшін істеген игілікті істерінің, өнегелі өмірінің кейінгі жастарға үлгі-өнеге болар тұсы көп, оның қайраткерлік ғұмырын зерттеп, жарыққа шығару жастар тәрбиесі үшін маңызды деп білеміз.

Алтай Тайжанов,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

ЕСІМІ — ЕЛ ЖАДЫНДА…

Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздепарламентаризм мен демократия негізін қалаушылардың бірі, Парламент Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Марат Оспанов — есімі ел жадында мәңгі сақталатын тарихи тұлға.

Ол бұдан 75 жыл бұрын Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала кезінен зейінді, зерек, көшбасшылық қасиеттері басым болған.

М.Оспанов елдегі қоғамдық-саяси процестерге белсенді араласып, республика Парламентінің қалыптасуына, саяси және экономикалық реформалардың әзірленіп, жүзеге асырылуына үлес қосты. Қаржы және бюджет, салық, т.б. экономикалық салаларға арналған 100-ден астам ғылыми мақала, 8 монографияжазды.Дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, 1999 жылы «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты дағдарысқа қарсыэкономикалықбағдарламасын жариялады, кейін бұл Үкіметтің экономикалық бағдарламасында негіз етіп алынды.

Білім мен тәрбие — егіз. Адамгершілік құндылықтар осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны жетік түсінген Марат Оспановкейінгі жас буынның бойына өркениетті Қазақстанды орнатуға деген құштарлық сезімін ұялатуға күш салды. Егемен еліміздің болашақ ұрпағы өзге өркениетті халықтардан кем болмай, солармен терезесі тең болсын деп армандады. Туған елінің мәртебесі биік, абыройы асқақ болуы үшін жастарды жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырды. Өзі әрдайым жастарға қамқорлық көрсетті.

2019 жылы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында М.Оспановтың туғанына 70 жыл толуына орай республикалық конференция ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен ізденушілер, ел экономикасына сүбелі үлесін қосып жүрген тұлғалар, сондай-ақ Марат Оспановтың жары, ғалымның атындағы қоғамдық қордың басшысы Бақыт Оспанова да қатысты.

Биыл да ғалымның 75 жылдығына орай тағы бір мазмұнды жиын өткізу жоспарланып отыр. Ғалым, қоғам қайраткері  Марат Тұрдыбекұлының есімін ел есінде сақтау мақсатында жыл сайын қыркүйек айында кафедра ұжымы студенттер арасында танымдық шара өткізеді.

Тәрбие мәселесі — отбасы ғана емес, мемлекеттік мән-маңызы бар іс. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, қиын жылдарда қалың жұрттың еңсесін көтеруге аянбай атсалысқан Марат Оспанов сынды тұлғалардың өнегесін үлгі етіп ұсынып, санасына сіңіре беруіміз керек.

Жанар ТӨЛЕПБЕРГЕНИ,

тарих ғылымдарының кандидаты, 

М.Оспанов атындағы БҚМУ-дың қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button