Ауыл тұрғындарының мәселесі шешілді

Amanat партиясының ұйымдастыруымен Хромтау ауданының Ақжар ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындарды заңгерлер, медиатор, сот орындаушысы, партия өкілдері, аудандық мәслихат төрағасы, депутаттар қабылдады.
“Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға 20-ға жуық тұрғын қатысып, өтініштерін айты. Олардың басым бөлігі ауылды жарықтандыру, газдандыру, жол, денсаулық, білім саласына қатысты болды. Осылайша тұрғындардың дені елдік мәселелерді көтерді.
Мәселен, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Сафин ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесін қозғады.
-Ауылдағы жолдардың сапасы нашар. Қысы-жазы жол жүру қиындық туғызады. Бүгін қоғамдық қабылдау жүргізіп жатқан азаматтарға осы мәселені айта келдік. Партияның қолдауымен шешімін табады деген үміттеміз, – деді ақсақал.
Партиялықтар сәуір айында ауылдағы Бейбітшілік, Әйтеке би, Ә.Молдағұлова, Қ.Шаңғытбаев, Ж.Кереев көшесінің жолын жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Жол жөндеу жұмыстары 397 934 410 теңгеге жоспарланған болса, биыл 160 млн. теңге қаражат бөлінген.
Мобильді топ өкілдері қабылдауда көтерілген әрбір мәселені қырағы назарға алатындарын айтты. Өзекті мәселелерді оңтайлы шешу белгілі бір мерзімді қажет ететіндігін, тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілетінін және бақылауға алатындарын атап өтті.
Партияның Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаеваның айтуынша, биыл 27 елді мекенде көшпелі қабылдау өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін екі ауыл тұрғындарынан түскен 53 өтініштің 19-ы оң шешілді. Арыз-шағымдардың 14-іне заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 20 өтініштің орындалуы бақылауға алынған.
Меңтай Бектұрсынова