Тұлға

«Ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы»

Құдайберген Жұбановтың туғанына — 125 жыл

Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов «ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог-ғалым» деп атаған, ал әдебиет зерттеушісі, профессор, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин «ұлы қазақ» санаған, басқа да көзін көрген ұлтқа жанашыр замандастары қайраткерлігіне де, адамдық тұлғасына да бірауыздан аса жоғары баға берген Құдайберген Жұбановтың маңдайына небәрі 38 жыл ғұмыр жазылыпты.

Қазақтың тұңғыш филолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстандағы КСРО Ғылым Академиясының филиалын ұйымдастырушылардың бірі Құдайберген Жұбановтың туғанына биыл 125 жыл толады.

Ол 1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе губерниясына қарасты Темір уезінің 9-ауылында, Қосуақтам (тағы бір деректе — Ақжар) деген жерде туған. Бұл жер — қазіргі Мұғалжар ауданының аумағында. Жұбановтар әулетінің тарихына үңілсек, әулеттің иесі Жұбан Батырбайұлы мұсылманша оқыған, орыс тілін де үйренген, сауатты кісі болған екен. Оның екі ұлы — Қуан мен Тәңірберген де мұсылманша және орысша білім алыпты. Тәңірбергенді жұртшылық Тәпен деп атаған.

Қуанның шаңырағында үш ұл, үш қыз өскен. Ұлдары — Құдайберген, Ахмет және Мұхамеди. Қуан оқуға құмар, «заманның тілін табу — білімнен» деп ұққан жан екен. Ол сол замандағы қазақ, татар және орыс тілдерінде шығып тұрған газет-журналдарды үзбей алдырып оқиды. Жаңа кітаптармен барынша таныс болуға тырысады. Ауылында мешіт-медресе салуға атсалысып, Омар, Оспан деген молдаларды шақыртады. Құдайберген мен Ахмет ең алғаш осы молдалардан білім алып, әріп таныпты.

Ол заманда патша өкіметі де ел ішінде жаңа мектептер, орыс-қазақ училищелерін ашу ісіне көп күш салып тұрған еді. Жұбанұлы Қуан Орынборға барып, тиісті лауазымды тұлғаларға ел өтінішін жеткізе жүріп, өз ауылында үш жылдық оқу орнын ашуға рұқсат алады. Бұған «Үміт» мектебі деген ат береді. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін бітірген Абдолла Беркінов, Троицкідегі мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққан Хұсайын Ашығалиев сынды жалынды жас мамандарды осы мектепте мұғалім болуға шақыртады.Кейіннен Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанған Абдолла Беркінов 1967 жылдың 6 наурызында Мұғалжар аудандық газетіне шыққан мақаласында ол кезді былай деп еске алады: «Сексеннің сеңсең бөркін кисем де, осыдан жарты ғасырдан астам бұрынғы уақыттағы сол бір кездің суреттері сол қалпында көз алдымда. Ащықұдықтан «Үміт» мектебін ашып, Хұсайын Ашығалиев екеуміз сабақ беріп жүрдік. Бірде орта шаруа Қуан екі баласын ертіп келіп, мектебімізге қосты. Үлкені Құдайберген, кішісі Ахмет осы мектепте алғаш қалам ұстап, білім тарауларын ашты. Қуанның екі баласы да зеректігімен көзге түсті. Бір ерекшелігі, үлкені салмақты, ойшыл еді, ал Ахмет күлдіріп, ұтып сөйлейтін… Құдайберген 14 жасқа келгенше осы мектептен білім алды. Одан кейін сүйікті шәкірттерімнің бірі Жиенғали Тілепбергенов екеуі Орынбордағы «Хұсайния» медресесінде білімін жалғастырды».

Сондай-ақ Ахмет Жұбановтың естелігінде де олардың туып-өскен ортасынан дерек беретін: «Менің туып-өскен үйім — домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын, кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары құдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, жыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалайтынмын. Әсіресе, күйге деген ықыласы ерекше-тұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел, еркекті кездестірмейтінбіз», — дейтін жолдар қалыпты.

Құдайберген Жұбанов «Хұсайния» медресесінде Жиенғалидан басқа, Нұғыман Манаев, Шамғали Сарыбаевтармен бірге оқыған. Медреседен кейін Жұрындағы екі кластық орыс мектебінде, кейіннен Күйікқаладағы (Илецк) екікластық училищеде оқиды. Ғалымның өмірін зерттеген академик Ісмет Кеңесбаев: «Құдайберген Жұбанов араб, парсы, шағатай тілдерін тыңғылықтап игеріп алған, яғни «мұсылманша» оқудың орта дәрежелі курсын мұқият аяқтаған. Құдайберген қай жерде, қандай оқу орнында оқыса да, үнемі алдыңғы қатарлы шәкірт болады, «үздік» дегеннен басқа баға алмайды», — деп жазады. Жақындарынан жеткен деректер бойынша, ол өзі оқыған оқу орнының қай-қайсысын да уақытынан ерте аяқтап шыққан. Міне, осындай айрықша қабілетті, зерек шәкірт болған Құдайберген жайлы «18 тіл білген» деген деректің айтылуы тегін болмаса керек. Зерттеушілер ғалымның өз анкеталық құжаттарында бірнеше түркі халықтарының тілдерімен қатар, араб, парсы, орыс, неміс, моңғол, грузин, чуваш, коми тілдерін білетінін көрсеткенін жазады.

Сондай-ақ жас күнінен ол тіл маманы, тіл зерттеушісі болуды ойлаған. 18 жасында-ақ түркі, араб және парсы тілдерінде сөйлей де, жаза білген және орыс тілін де жақсы меңгерген Құдайберген, егер заманның беталысы күрт өзгермегенде, ары қарай білімін қайда жалғастырар еді? Дегенмен 1917 жылдың дүрбелеңі басталды. Елде екі бірдей төңкеріс болып, соңы азамат соғысына ұласты. 1919 жылы Қуан Жұбанұлы, аз айдан соң оның інісі Тәңірберген де дүниеден өтті. 20 жастағы Құдайберген әулеттің үлкені, басшысы болып, шиеттей бала-шағаның тірегіне, қамқоршысына айналып шыға келді. Оның үстіне елдің жағдайы да қиын. Жер-жерде жаңа өкімет орнап жатыр. Жұрт — әрі-сәрі күйде. Осының бәрі оның оқуын әрі қарай жалғастыруына кедергі болды. Бұл уақытта Құдайберген мұғалім болып, елде бала оқыту ісіне атсалысты. Кеңес жұмысына да араласты. Темір уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Осы тұста оған жала да жабылды, бірақ ақталып шығып, еңбек жолын одан әрі жалғастырды.

1923-1925 жылдар аралығында Құдайберген Жұбанов Темір уездік оқу бөлімінде инспектор болып еңбек етіп, кейін Ақтөбегегуберниялық оқу бөліміне қызметке шақырылған. Губерниялық оқу бөлімінде өзінің іскерлігімен көзге түскен маманды 1928 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатына жұмысқа алған. Бұл кезде республика астанасы әлі Қызылордада еді. Дегенмен көп ұзамай басшылық тарапынан «Құдайберген Жұбанов жолдасты ғылымды дамыту жұмысына тарту керек» деген шешім шығып, оны ҚазПИ-дің Салыстырмалы түркология кафедрасына ғылыми қызметкер етіп қабылдап, кейіннен Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыс тілдері институтының аспирантурасына оқуға жібереді. Тарихқа үңілсек, бұл тұстаХалық ағарту комиссариатынаалдымен Ораз Жандосов (1927-1929 жж.), одан соң «Хұсайния» медресесінде өзімен бірге оқыған Нұғыман Манаев (1929-1930 жж.) басшылық еткен. Біз Құдайберген Жұбанов о бастағы тіл іліміне деген қызығушылығы қайта тұтанып, осы жолға басшылықтан сұрана жүріп, өз тілегі, қалауымен түсті деп ойлаймыз. Ол сол заманда қазаққа басқадан гөрі, ғылым жолын қуғанқайраткерлердің керегірек екенін жақсы білген.

Құдайберген Жұбанов 1928 жылы Ленинградтағы Шығыс тілдері институтын (экстерн ретінде) бітіріп, 1929 жылы осы институттың аспирантурасында оқыған да, кейін КСРО Ғылым Академиясы жанындағы Тіл және ойлау жүйесі институтының аспирантурасына ауысады.

Ленинградқа ол жалғыз кетпей, інісі Ахметті де ала кеткен. Ленинградта Ахмет Жұбанов алдымен М.Глинка атындағы музыка техникумында, одан кейін Ленинград консерваториясында және Өнертану академиясының аспирантурасында оқыған. Бала-шағасы бар екі ұлының қол ұстасып Ресейдің алыс қаласына оқу іздеп кетуіне анасы Бибішынар қарсы болған. Бірақ әке жолын ұстап, білімді бәрінен жоғары қойған Құдайберген «қазір — оқумен көктейтін заман» деп, алған бетінен қайтпапты.

Алғашында алыс қалаға отбасымен кеткен Құдайберген кейін келіншегі Раушан мен балаларын ауылға қайта әкеліп, осында бола тұруларын жөн көреді. Тек мектепке барардың алдында балабақшаны, қала тәрбиесін көрсін деп, тұңғышы Мүслиманы өзімен бірге ала кетеді. Мүслима кейін өз естелігінде әкесімен бірге Ленинградта өткізген жылдары жайлы: «1931 жылы папам мені өзімен бірге Ленинградқа алып кетіп, сол жақтағы балабақшаға орналастырып, өзі Шығыс тілдері акдемиясында оқыды. Кейде папамның академияда кешкі жиналыстары болады. Ондайда ол мені бақшадан алып, академияға ертіп келіп, қолыма қағаз, бояу қарындаштар ұстатып, бұрыштағы терезенің алдына отырғызып, пердесімен тасалап қоятын. Мен суреттерімді салып отыра беремін. Сәби шағым болса да, менің Ленинградтан көргенім мен білгенім, алған сабағым аз емес. Демалыс күндері қолы сабақтан босағанда, папам маған қаланы аралататын. Сондағы әкемнің сәби баланы қорықпай ертіп жүргеніне ұстаздары таң қалатын. Әттең, өмірі қысқа болып, маған сіңірген еңбегін басқа балаларына жасап үлгерген жоқ, қайран әкешім», — деп еске алыпты. Сөйткен Мүслима Құдайбергенқызы әке үмітін ақтады: «халық жауының қызы» атанып, қиын-қыстау уақытты бастан кешіре жүрсе де, білім жолын қуып, 1965 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізді. Ол 2012 жылы 86 жасқа қараған шағында өмірден өткен.

Құдайберген Жұбанов аспирантурада «Түркі тілдері» және «Жалпы тіл білімі» мамандықтары бойынша оқып, оны 1932 жылы аяқтайды.Осыдан кейінАлматыдағы ҚазПИ-ге қайта оралады. 1932 жылы ол қазақ лингвистикасының тарихында ең алғашқы «профессор» атағына ие болады. Осы жылы ҚазПИ-де ашылған қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметіне кіріседі. 1937 жылы жалған жаламен ұсталғанға дейін осы қызметте болып, көптеген шәкірттер, соның ішінде болашақ ғалымдарды да тәрбиелейді, сонымен қатар ол — қазақ тілі, әдебиеттану бойынша алғашқы монографиялық еңбектердің авторы. Бұл еңбектерді ғасырға жуық уақыт бойы ғалымдар өз зерттеулеріне кеңінен пайдаланып келеді. Белгілі ғалым Мәулен Балақаев: «Құдайберген Жұбанов еңбектері арқылы қазіргі қазақ тіл білімінің іргетасы қалана бастады. Сондықтан оны біз қазақ тілін ғылыми жолмен зерттеу жұмысының негізін қалаушы деп танимыз»— деп атап өткендей, Құдайберген Жұбанов өзінің асқан білімділігі мен ізденістерінің арқасында ұлттық лингвистикадағы бүтін бір салалардың іргетасын қалап кетті.

ҚазПИ-де қызмет ете жүріп, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі болды. Сонымен қатар Халық ағарту комиссариаты жанындағы методика, бағдарламалар және оқулықтар секторын басқарып, мектепке арналған оқу бағдарламасын, қазақ тілі оқулықтарын жазды. Жалпы, профессор Жұбанов өзінің ғылыми ізденістерініңнәтижесіндебірнеше бағыт —фонетика, грамматика (морфология және синтаксис), ұлттық әдеби тілдің дамуы мен тарихы, жазу емлесі, термин, мәдениет пен өнер мәселелері бойынша еңбектер қалдырды.

Құдайберген Қуанұлының қазақтың әдебиетіне сіңірген үлкен бір еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл — оның 1934 жылы жарыққа шыққан «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы. Алаш қайраткерлері «қазақтың бас ақыны» санаған Абайға кеңес өкіметі бастапқыда аса жылы қабақ таныта қоймаған. Бұл мәселеде, ең алдымен, кеңес өкіметінің қазақтың әдебиетін ғана емес, жалпы, халықтың хат танып, өркениет жолына түсінуінің өзін кеңестік дәуірден «бастағысы келген» сұмпайы пиғылы алға шыққан болса керек. Екіншіден, Абай — бай-шонжардың тұқымы, яғни тап жауы ретінде танылды. Абайға жылы сөз арнап, жақсы еңбек жазған Әуезов секілді қаламгерлердің пікірі есепке алына бермейді. Өйткені Әуезовтің өзі сол кезде қудалауда жүрген алаш қайраткерлеріізбасарларының қатарындағы адам еді. Ал үлкен ғылыми ортада беделі бар Құдайберген Жұбанов пікірінің орны бөлек еді. Құдайберген осы тақырыпты қозғай отырып: «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «Әлди, әлди ақ бөпем», атаның «Сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі — қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөлек таныс ескі Орта Азия үлгісі — шағатай әдебиеті», — деп, қазақтың кеңес заманына дейін де әдебиетпен сусындап келген халық екенін көрсете жазды. Абай секілді тұлғасы биік ақын-жазушының ол дәуірінде тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл түркі жұртында кем болғанын атап өтіп, бұл пікірін ғылыми тұрғыдан тыңғылықты дәлелдеді. Зерттеушілердің пікірінше, Құдайберген Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы — аяқталмай қалған еңбек. О баста ғалым Абай шығармашылығына арнап екі бөлімді зерттеу еңбек жазуды жоспарлаған. Өкінішке қарай, оған ғұмыры жетпеді… Ол өзі ғана емес, шәкірттері мен ортасына даАбайды насихаттау ісін жандандыру керектігін айта жүрген болса керек, мысалы, Ахмет Жұбанов та Абайдың әндерін зерттеуге зор мән берген. Ахмет Жұбанов ұлы ақынның 16 әнін немересі Мәкен Мұхамеджановадан жазып алып, нотаға түсірген екен.

Құдайберген Жұбановтың соңында «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Қазақ әдебиет тілінің терминдері туралы», «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы (тіл мен тарих деректері)», «Шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер», т.б. еңбектерінен құралған мол мұра қалды. Оның ғылыми еңбектерінен бөлек, әр жылдары баспасөзде жарияланған мақалалары да — соңына қалдырған мұрасының үлкен бір тармағы. Құдайберген Жұбанов қазақ баспасөзіне 1915 жылдан атсалысып, үзбей жазып тұрған. Соның ішінде 1925 жылдан бастап ол кезде «Кедей» деген атпен шыққан біздің облыстық газетке де көптеген мақалалары, жаңа латын әліпбиін үйрету мақсатындағы сабақтары жарияланған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева өзінің «Үзілмей жеткен жалғастық» атты мақаласында: «Мен Құдайберген Жұбановтың өмірі мен ғылыми жолы туралы 1965 жылдан бері танысып, әр кез жазып, баяндамалар жасау барысында ғалымның феномендік тұлғасын көрдім де, «сан қырлы, саңлақ ғалым» деп атадым. Сан қырлы дейтініміз —Құдай оның бойына көп дарын дарытқан; алдымен, тілге деген үлкен таланты болған, сол таланттың арқасында 2-3 жылда орыс тілін меңгеріп алады, Ленинградта аспирантурадағы екі-үш жылда неміс, моңғол, грузин, чуваш, коми, тіпті жапон тілдерін үйрене бастайды, ұзын-ырғасы екі жылдай медреседе оқып, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін игеріп кетуі осы қабілеттің күші болар. ҚазПИ-де профессор болып жұмыс істей жүріп, ұйғыр тілінде үйреніп, оның оқулығын жазып бермек болады, дүнген тілінің маманын даярлауға кіріседі» — деп, ғалымның табиғатынан тіл үйренуге, тілді зерттеуге деген қабілетінің өте зор болғанын атап көрсетеді.

Өкініштісі, 1937 жылдың қараша айында оны «халық жауы» деген жалған жаламен ұстап әкеткенде, НКВД кабинетін кілттеп, кейін бірін қалдырмай бүкіл қағаздарын алып кеткен. Сондықтан жоғалып кеткен еңбектері де аз емес. Мүслима Құдайбергенқызының әр жылдардағы естеліктеріне сүйенсек, оның

жоғалып кеткен еңбектерінің тізімін белгілі ғалым Рәбиға Сыздықова жасаған. 1965 жылы бір жиналыста осы тізім бойынша сұрау да салған.Негізінен, НКВД-ның бұл еңбектерді құпия түрде таратып беріп, оны басқа ғалымдар докторлық, кандидаттық диссертацияларына пайдаланғанын сол кездегі ғылыми орта білсе де керек. Тіпті бұл жөнінде отбасында да сөз болған. Мүслиманың естелігі бойынша, Ахмет Жұбанов бұл мәселеде «еңбегі босқа қалғанша, басқалардыңпайдаланғаны жақсы» деген пікірді нық ұстанған секілді. Сондықтанжоғарыда айтқан Рәбиға Сыз­дықова сұрау салған жиында ол: «Бұл ең­бек­терді НКВД өртеп жіберді» — деп, одан әрі көп қазбаламау керектігін сездірген.

Құдайберген Жұбанов 1937 жылы 19 қарашада қамауға алынды. Соңында жары Раушан мен алты баласы қалды. Баланың үлкені Мүслима бұл кезде Алматыдағы №27 орта мектептің 4-класында оқитын еді, ал ең кенжесі Асқардың дүниеге келгеніне небәрі 6 күн болған.

Құдайберген Қуанұлы асқан білімді, қайраткер тұлға ғана емес, адамгершілігі де зор жан болған, жан-жағына барынша қамқорлық көрсеткен. Сондықтан ол қамауға алынған күннен бастап, ол кезде «халық жауының» отбасына титтей бір ықылас білдірудің өзі қауіпті болғанына қарамастан, көршілері, туыстары, шәкірттері бұл отбасына жасырып та болса, жанашырлық танытқан. НКВД «халық жауларының» отбасына да тыныштық бермей, әйелдерін де істі қылып, ұл-қыздарын жан-жақтағы балалар үйлеріне таратып жіберіп отырған. Сондықтан жанашыр жандар Раушанның 6 баласын алып, Алматыдан қашып кетуіне көмектескен. Олар Ақтөбеге, Құдайбергеннің туған жеріне келіп, ағайын-туыс арасын паналаған. Әрине, саясаттың ықпалымен «халық жауының отбасы, балалары» деген суық қабақ болмай қалмайтын еді. Алайда Мүслиманың естеліктері бойынша, Ахмет Жұбановтан бастап, әкесінің көзін көргендердің көпшілігі олардың білім алуына, өмірден өз орындарын табуына ықпал еткен. Мысалы, ауылда анасына көмектесіп, мал бағып, жұпыны тіршілігіне шүкірлік айтып жүрген жас Мүслиманы Жұрын аудандық білім бөлімінің бастығы Кац деген әйел машинамен арнайы іздеп келіп, мұғалімдік курсқа әкеткен. Машина келгенде алғашында өзі «Мені ұстап әкетуге келген болар?» — деп ойлапты. Құдайбергеннің Ақтөбеде білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткенін ескерсек, естелікте айтылған Кац есімді әйелдің онымен таныс болғаны анық. Кейіннен әкесінің інісі Ахмет Жұбановтың жөн сілтеуімен, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітірген. Ал Құдайбергеннің жөргекте қалған ең кіші ұлы Асқар есейіп, емтихандарда ең жоғары баға алып, Тау-кен институтына түстім деп тұрғанда, «халық жауының баласы қабылданбасын» деген шешім шығып, тауы шағылады. Ағасы Есет бұған қатты қиналып, Асқарды ҚазПИ-дің ректоры Мәлік Ғабдуллинге ертіп апарып, жағдайды айтады. Кеңес Одағының батыры атағы бар ректор: «Сен Құдайберген Жұбанов деген ұлы қазақтың баласы екенсің ғой» — деп, жас баланы бауырына басады. Тау-кен институтына түсемін деп жинаған балымен ҚазПИ-діңфизика-математика факультетіне қабылдайды.

Құдайбергеннің отбасы оның 1938 жылы ату жазасына кесілгенін білмеген. Жары Раушан «айдауда жүр, түбі бір келеді» деген үмітпен күн кешкен. Өйткені түрмеге соңғы барғанында «оны лагерге әкетті» деген жауап алады. Тек 1957 жылы ақталғаны туралы құжат қолдарына тигенде ғана оның бұл дүниеден жоқ екенін біліпті…

1957 жылы ақталғаннан бастап шәкірттері, бұрынғы әріптестері, кейінгі жас буын Құдайберген Жұбанов есімін қастерлеумен келеді. Халықтың оған деген құрметі осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button