Білім

Шеберлік — тәжірибе мен тынымсыз еңбек жемісі

Ұстаз ойы

Әрбір адам өз ісінің шебері болуды мақсат етеді. Алайда шынайы шеберлікке жету үшін тек талант жеткіліксіз, оған қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс пен табандылық қажет. Кәсіби өсу мен жетістік — адамның өзіне деген сенімінің, талпынысының және жүйелі еңбегінің нәтижесі.

Мен үшін бұл жол ұзақ әрі қызықты болды. Шеберлік – бір күнде келетін нәрсе емес, ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің жемісі. Өз саламда жетістікке жету үшін үздіксіз ізденіп, білімімді шыңдап, тәжірибе жинауға барымды салдым. Күн сайын өзімді дамытуға, жаңа нәрселерді үйренуге талпындым.

Мен өз кәсіби деңгейімді арттыру жолында аянбай еңбек етіп келемін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, сонымен қатар еңбегімнің лайықты бағалануы. Тәжірибе жинақтау барысында кездескен қиындықтар мені шыңдай түсті. Кәсіби дағдыны қалыптастыру үшін жаңа әдістерді меңгеру, өз саласындағы озық тәжірибелерден үйрену маңызды екенін түсіндім. Ұстаздық жолымда саналы шәкірт тәрбиелеп, олардың әрқайсысының болашағына үлес қосу мен үшін басты мақсаттардың бірі болды. Шәкірттерімнің жетістігі — менің еңбегімнің жемісі.

Бүгінде білім саласы үздіксіз өзгерістер мен жаңашылдықтарды талап етеді. Ұстаз үнемі дамып, жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді меңгеріп, уақыт ағымына сай болуы керек. Ұстаздық жол — үздіксіз ізденіс пен білімге деген шексіз құштарлықты талап ететін қасиетті мамандық. Өз ісінің шебері атану – оқушыларға сапалы білім мен тәрбие берудің кепілі. Сондықтан әрбір педагог кәсіби шеберлігін жетілдіруді тоқтатпауға тиіс.

Жастарға айтарым — шебер болу үшін ең алдымен мақсат қою керек. Әрбір адам өз жолын өзі қалыптастырады, ал сол жолда табанды еңбек пен шыдамдылық басты рөл атқарады. Кез келген қиындықты жеңіп, өз кәсібіңде биік шыңдарды бағындыруға болады. Тек әрекет етіп, мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Жетістікке жетудің басты шарты — үнемі даму, өзіңді жетілдіру және жаңа белестерге ұмтылу.

Қазіргі қоғамда өз ісінің нағыз шеберлері жоғары бағаланады. Өйткені кәсіпқойлық пен адал еңбек — кез келген саланың дамуының негізгі факторы. Сондықтан әркім өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, дамуға, өсуге, жаңа шыңдарды бағындыруға ұмтылуы керек. Ұдайы үйрену мен тәжірибені жетілдіру — кәсіби шеберлікті шыңдаудың басты қадамдары.

Білім — сарқылмас қазына, ал ұстаз — сол қазынаны ұрпаққа жеткізуші алтын көпір.

Шеберлік — әркімнің қолынан келетін, бірақ тек шыдамдылық пен еңбекқорлыққа ие жандарға ғана бағынатын асқар биік!

 Жанар СЫДЫҚОВА,

Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін

орта мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button