Жасанды интеллект жаңашылдыққа жол ашады

Мектеп
Білім беру — қоғамның ең маңызды салаларының бірі. ХХІ ғасырда технологияның қарқынды дамуы білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер алып келуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жасанды интеллектті білім саласына енгізу қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Бұл бастама оқыту үдерісін заманауи деңгейге көтеруге, мұғалімдердің жұмысын жүйелендіруге және оқушылардың білім алу сапасын арттыруға бағытталған.
Осы мақсатта М.Құрманғалиева атындағы№32 гимназияда «Жасанды интеллектпен креативті мұғалім» аты шығармашылық топ құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл топгимназияда білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын тиімді қолданудың жолдарын үйретуде.
Жасанды интеллект — мұғалімнің көмекшісі. Жасанды интеллект мұғалімдердің орнын баспайды, керісінше, олардың көмекшісіне айналады. Ол сабақ жоспарларын құруды оңтайландырып, оқушылардың білім деңгейін талдауға және әр балаға жеке тәсіл қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар үй тапсырмаларын тексеру, оқушылардың үлгерімін бақылау сияқты күнделікті жұмыстарды автоматтандыру арқылы ұстаздардың жүктемесін азайтуға көмектеседі.
Білім ордасындағы шығармашылық топтың басты міндеті — жасанды интеллектті мұғалімдер мен оқушылардың игілігіне жарату. Бүгінде топ мүшелері арнайы платформалар мен бағдарламаларды сынақтан өткізіп, оларды білім беру үдерісіне бейімдеуде.
Жасанды интеллект оқушыларға да үлкен мүмкіндік береді. Интерактивті оқыту әдістері мен бейімделген білім беру платформалары арқылы әр оқушы өзінің оқу қарқынына сай білім ала алады. Сондай-ақ күрделі тақырыптарды түсіндіру үшін жасанды интеллект көмегімен визуалды материалдар мен анимациялар жасалады. Бұл оқушылардың оқу үрдісіне деген қызығушылығын арттырып, білімді тереңірек меңгеруге ықпал етеді.
Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектті тиімді пайдалану — заман талабы. Президент бастамасын қолдай отырып, М.Құрманғалиева атындағы№32 гимназияның шығармашылық тобы осы бағытта нақты қадамдар жасауда. Бұл жоба мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, оқушылардың білім алу сапасын жақсартуға ықпал ететіні айқын.
Болашақ — технологияны тиімді пайдалана білгендердің қолында. Сондықтан білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні игеру — еліміздің интеллектуалды дамуының кепілі.
Нұрбақыт ӘБДЕНОВА,
М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның информатика пәні мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.