Ел жадында қалған есім

9 ақпан — мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың туған күні. Ол ел-халқының ортасында жүргенде 72 жасқа толар еді.
Ел сыйлаған басшы, елеулі азамат есімі Ақтөбе облысы тарихында да сыйлы қалпында сақталып қалары анық.Оның 70 жас мерейлі сәтіне орай облыстық «Ақтөбе» газетінде «Ақтөбені биіктеткен Бердібек» атты мақала жарияланып, өңірді басқарған тұстағы ерен еңбегі жан-жақты көрсетілген-ді.
«Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еңселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады!» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның елге сіңірген еңбегін атап өткен болатын.
Біз бүгінгі күні Бердібек Мәшбекұлының жарқын тұлғасына тағзым ете отырып, оның өнегелі істерін, өзгеше бітім-болмысын көзкөрген замандастарының естелігі арқылы тағы бір саралап өткенді жөн көрдік.
Үнемі ат үстінде жүретін
Бердібек досым туралы өмірбаяндық кітабымның әр тарауларында өзіме қатысты жерлерде қысқаша тоқталғанмын. Енді сол тұстарды қайталап оқып отырмын…
Өмір жолында да сондай абзал да адал азаматтармен көп кездестім. Бірақ Бекеңнің орны ерекше. Мың болғыр министр Шайсұлтан Шаяхметовтің орынбасары болып, бipгe тізе қосып жұмыс істеген кезден бepi, күні бүгінге дейін сыйластығымыз ажыраған жоқ.
«Қыңыр министрдің» кесірінен жұмыстан босап қалған кезімде шоқтығы биік сол досым техникумға директор болуыма ықпал етті. Білім министрлігіне екінші рет баруыма да тікелей себепкер болды. «Керек болса, принцип үшін бар» деп, ер мінезін танытты.
Бекең сонау жалындаған жас шағынан бepi ат үстінен түскен емес. Үнемі ел назарында келеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең танымал саясаткерлердіңбipi.
Бердібек Мәшбекұлы ылғи алдыңғы шепте жүреді. Қай өңірде, қай салада қиындық туса, сол жерге Бердібек барады.
Қоғамның «қызуы» көтерілсе — басады, төтенше жағдай туа қалса — шешімін табады. Сел аққан аймақта етігімен су кешіп жүретін де сол Бердібек. Күні кеше Жамбыл облысында үлкен мәселе туындағанда да сол Бердібек барды. Қазақта: «Жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейді» деген бар. Бердібектікі де сол—қандай қиыншылықтан да сырт айналмайды.
Ол Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарын басқарды. Қай облысты басқарса да, сол өңірдің халқының көңілінен шықты.
Міне, бүгін Жамбыл облысын басқарып, Әулиеата жеріндегі халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Шаршамайтын, шалдықпайтын Бердібекті қазақтың кез келген жігітіне үлгі қылуға болады. Елге қызмет ету дегеніңіз осындай-ақ болар. Ол ешқашан берілген емес. Және сатылған кезі жоқ. Індет өpшіп, аралас-құраласымен тыйылып қалған кез болғандықтан ғана телефон арқылы хал-жағдай сұрасып жүрміз. Әйтпесе, ендігі неше мәрте жүздесіп, сырласып, пікірлесіп бip жасап қалар едік…
Өкініштісі, осы әңгіменің бәрі енді өткен күннің еншісіне айналды.
Бәрі де, бәрі де сағыныш бұл күнде…
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Сабағы мол саналы ғұмыр
Қазақстанның батыс облыстарының орталығы саналатын Ақтөбе қаласын өзгерткен де, жаңартқан да, сәулетін арттырған да Бердібек Сапарбаев болды. Мұны ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Бір ғана дәлел, ол келгенге дейін қалада концерттік залдардың тапшылығынан мәдени шаралар жүргізуде қиындықтар туындай бастаған-ды. Өнерпаз қауым Қ.Жұбановатындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жастар» сарайына кезекке тұратын. Осындай шақта «Шығармашылық академиясы», «Өнер орталығы», «Жұбановтар әлемі» ғимараттарының, «Анаға тағзым» кешенінің салынуы бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, алдағы болашақты қамтыған кең көлемді жұмыс болды.
Ал «Облыстық медициналық жедел жәрдем қызметі», «Облыстық музей», «Неке сарайы» ғимараттары ансамблінің сап құрауы тәңірдің сыйындай, елге жасалған ерекше игіліктер еді. Бұлар талай жылдар бойы халықтың аузында айтылып, бірақ қол жетпей жүрген үлкен арман болатын. Бұған қоса Ақтөбе спортының бағыжанып, «Жекпе-жек сарайы», «Мұз айдыны» «Теннис орталығы» салынды.
Бұл істердегі бірер екшелік—тұрғындарды ңигілігіне ұзақ уақыт қызмет ететін аталған ғимараттарды салуда мемлекеттік-жекеменші кәріптестік кеңінен өріс алып, бюджет қаржысына көп салмақ салынбады. «Туған жер» республикалық форумының алғаш рет Ақтөбеде өтуі, оған ақтөбелік кәсіпкерлердің жан-жақтан жиналуы, «Туған жерге тағзым», «Құтты мекен Ақтөбе» шараларының жалғасуы қаржылық көп мәселелерді шешті. Сол кезеңде «Ақтөбе — құтты мекен» деп аталатын кітап облыстың 85 жылдығына арналып жарық көрді. Бұл энциклопедиялық анықтамалықта өңірден шыққан белгілі тұлғалар мен қайраткерлер туралы деректер жинақталған.
Ақтөбе қаласындағы, аудандар мен ауылдардағы сансыз саябақтар, гүлзарлар соның нәтижесінде орнады. Ақтөбе қаласында облыстың әр ауданының өз саябағы болды. Сол жерлерде жиі-жиі аудандардың мәдени күндері, жәрмеңкелері өтіп жататын-ды.
Рас, басқа қызметке ауысуына байланысты Бердібек Сапарбаевтың аяқтай алмай кеткен шаруасы да болды. Қалай дегенде де ол жаңарған Ақтөбенің бірден-бір бастамашысы, жанашыры болды.
Кейде тілегі бір замандас адамдарды сол уақыт ағымы туындатқан мақсат-міндеттер біріктіреді. Бір-бірімізді қолдап, қажетті жерінде көмектесіп, өзгелерді жігерлендіріп, жақсы іске жұмылдырып жүргенге не жетсін?!
Бүгінде өткен жылдарға көз жүгірткенде Бердібек Мәшбекұлы өзінің жалынды сөзімен, ілкімді іс-қимылымен, басқарушылық биік қабілетімен талайдың алдына жақсы жол салып бергені ойымызға оралады. Ол Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған кезеңде, біздің облысымыздың тізгінін ұстаған тұста мен әлеуметтік салада еңбек еткендіктен,байланысып тұруға тура келді.
Сол уақыттарда Бердібек Мәшбекұлының іскерлік, жоғары ұйымдастырушылық, жұмысқа ерекше қабілеттілік қасиеттерін, сондай-ақ жедел шешім қабылдап, жауапкершілікті өзіне ала білетін дағдысын аңғардым. Мені оның бастамашыл адамдарды қолдап, оларға сенім білдіретіндігі және олардың идеясын дамытуға жігер беретіндігі таңғалдырды.
Бердібек Мәшбекұлы — басшы ретінде сергек, талапшыл адам, сондай-ақ істе тәжірибелі әрі саяси қайраткер ретінде ойымызда сақталып қалды.
Оның жүріп өткен жолы, атқарған еңбектері кейінгі жас буынға үздік үлгі деп айтар едім.
Құралай БАЙМЕНОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері.
Биік мұраттың адамы еді…
Халықтың жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды көрінеді». Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде олардың бейнесі жүректен өшпейді, көз алдынан кетпейді. Сондай адамдардың бірі — елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алты Алаштың бір туар азаматы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев.
Бердібек аға туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік кез келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке қарай,пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз.
Бердібек Мәшбекұлы – пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Премьер-министрдің орынбасары, министр, бес облыстың әкімі—осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды.
Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында мынадай сөздер бар:
«Балам, әкім деген сөзд іұмытпа:
«Ә»д еген әміршіл болма, әділ бол,
«К» деген – кекшіл болма, көпшіл бол,
«І» деген – іріткі салма, ізетті бол,
«М»деген – менменболма, мейірбан бол».
Әкімге қажетті осы қасиеттердің барлығы Бердібек Мәшбекұлының бойында бар еді. Оны халық жақсыбіледі.
Басшы ретінде Бердібек Сапарбаевтың қандай біз байқаған ерекшелігі болды?
Ол экономика ғылымдарының докторы болғандықтан, оның аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары еді. Әкімнің жұмысында кешенділік пен жүйелілікті жақсы көретін.
Майда-шүйде мәселелермен басын қатырмай, аппараттың алдында стратегиялық мақсаттарды нақты қоятын және оларды орындауға қол астындағы қызметкерлерді ұйымдастыра білетін.
Бердібек Мәшбекұлы ауылшаруашылығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлетін. Субсидияны шаруаларға мақсатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызме ткөрсету—осындай мәселелерді Бердібек Мәшбекұлы тікелей өз бақылауында ұстады.
Сапарбаевтың өмір мектебінен көптеген жастар өтті. Бердібек Мәшбекұлының адамды тани білетін, өзінің бір «ішкі рентгенінен» өткізетін қасиеті болған. Соның арқасында мамандарды таңдап, оларға күрделі мақсаттардың орындалуын сеніп тапсыратын. Сол жастар бүгін әртүрлі аймақтарда басшылық қызметте нәтижелі еңбек етуде.
Бердібек Мәшбекұлының жұмыс стилі басқа басшылардан бөлек болатын. «Мен бес облысты басқардым. Бірақ облыстарға бірдей өлшеммен қарау дұрыс емес, өйткені бір аймақты басқару қатып қалған догма емес, жаңа нәрсені үйреніп, тағдырына өзің жауапты аймақпен бірге дамисың», —дейтін ол.
Бердібек Мәшбекұлы шынайы достыққа ашық болған тұлға. Бірақ сатқындықты, екіжүзділікті, өтірік айтқанды кешірмейтін. Мұндай «достарды» өзінің «ішк ітізімінен» сызып тастайтын.
Ал Бердібек Мәшбекұлының ең негізгі қасиеті—қарапайым адамдарға жақын болды, халықпен бірге болды.
«Халықтың мәселесін шешсең, кез келген ауылға ұялмай, басыңды жерге қаратпай бара аласың. Бұл—әкімнің ең негізгі тапқан бақыты», —дейтін Бердібек Мәшбекұлы.
Өмірдің қиын сәттерінен ол адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдарының арқасында үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады.
Бердібек Мәшбекұлының елімізге бергені аз емес. Әліде беретіні бар еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында жас мамандарға сабақ беріп, «Әлеуметтік кодекс» бойынша дәріс оқып, өз білгенін үйретті.
Артында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру —біздің парызымыз.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
педагогика ғылымдарыныңд окторы, профессор.