Жастар — қоғамның қозғаушы күші
Адал ұрпақ
Студенттер сарайында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Adal Urpaq» атты жастар форумы өтті.Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген кештің құрметті қонағы — елімізге танымал имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы.
Жастардың бойында патриоттық сезім мен рухани тәрбиені қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу, буллинг пен лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған форумға қатысқан қала әкімі Азамат Бекет:
— Мемлекетіміздің тағдыры, бүгіні мен ертеңі жастарға байланысты. Қаламызда 600 мыңға тарта тұрғын бар десек, соның 162 223-і — жастар. Бұл — қала халқының 28,4 пайызы. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалар жетерлік. Мәселен, облыс әкімдігінің қолдауымен жастарды баспанамен қамту мәселесін шешу мақсатында «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы 40 жас отбасы пәтер алды. Ал биыл 100-ге жуық жас осы бағдарламаға қатысып отыр. Сол сияқты қаламызда жастарды жұмыспен қамту үшін «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыс істейді, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты іке асырылады. Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл бағытта жастар ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар атқарылып келеді. Соның бірі — бүгінгі «Адал ұрпақ»жастар форумы. Бұл басқосу нәтижелі болады, сіздер көкейде жүрген көп сұраққа жауап табасыздар деп сенемін.Жаңа белестерді бағындыратын ақыл-қайрат көп болсын, — деді.
Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу бойынша
Ақтөбе қаласының прокуроры Берік Қыдырәлінің айтуынша, биыл қала аумағында
59 қылмыстыкәмелетке толмағандар жасаса, 110 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған.
— Өкінішке қарай, жасөспірімдер есірткі заттарын сатумен де айналысып жүр.
Мысалы, полиция аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сатумен айналысып жүрген 11-сынып оқушысын ұстады. Қазір олтергеу изоляторында қамауда, 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Қазіргі таңда, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыс жасаған 9 кәмелетке толмаған жеткіншек уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Заң бәрімізге бірдей, қатал, сондықтан «жастық шақпен, білместікпен қылмыс жасады екен» деп аямайды.Қылмыс жасауға бармас бұрын ойлану қажет. Заңсыз іс-әрекеттеріңіздің салдары өздеріңізге, жақындарыңызға зияны тиеді. Өз өмірлеріңізге балта шаппаңыздар. Сонымен қатар қылмыс жасаған адам мемлекеттік қызметкер, прокурор, сот, полиция, заңгер бола алмайды және туысқандарыңызға да мемлекеттік қызметке орналасуға кедергісін келтіреді, — деді Берік Қыдырәлі.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Әсет Қалиев полиция қызметкерлеріжастар арасында құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында жыл басынан бері колледж және жоғары оқу орындарының жаттақханаларымен студенттер сарайында үш мыңнан астам кездесу ұйымдастырғанын айтты. Оның айтуынша, өткен айлар ішінде полицияға беймезгіл уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмаған 3272 адам жеткізілді. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандарға заңды өкілсіз жүруіне жол бергені үшін 2494 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Көптеген отбасылық жанжалдардың себебі — құмар ойын. «Бір-ақ рет ойнап көрейінші» деп, отбасынан және барынан айырылғанша бәс тігетіндер қаншама. Өзін ғана емес, отбасын да шырылдатып, шығынға батырып ойнайтын құмарлық — аурудың асқынған түрі. Спорттық ойындарға, ойын автоматтарымен ұтыс ойнау және ұялы телефондар арқылы бәс тігулерге қызығушылық өте жоғары. Тәуелділіктің соңы адамды құрдымға кетіріп, қарызға батырып, қылмыс жасауға әкеліп жатыр. Жеңіл ақшаға әуес болып, үйдегі болған жанжалдың салдарынан немесе құмар ойындарына әуес болған жасөспірімдердің үйлерінен кетіп қалу деректері де жиі тіркеледі. Өткен кезеңде 78 бала үйінен кетіп қалды, олардың 25-і — ата-анасымен ұрысып қалғандар, 7-еуі — оқу орнына барғысы келмейтіндер және 46-сы — өз еркімен өмір сүргісі келетіндер. Аталған жасөспірімдер полиция қызметкерлері мен волонтерлердің көмегімен уақтылы табылып, отбасыларына қайтарылды.Жастарды есірткі мен құмар ойынынан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, — деді Әсет Қалиев.
Форум барысында құқық қорғау қызметкерлерінің атқарған жұмыстарынан үзінділер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ кинологтар сахнаға итпен шығып, есірткіні іздеу барысын көрсетті.
Әлеуметтік желілерде белсенді имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы жас ұрпаққа тәрбие мен ұлттық құндылықтар туралы әңгіме қозғады.
— Баланың салиқалы, білімді болғаны қандай жақсы. Меккенің өзінде«қайдан келдіңіз» дегендерге Димашты айтып мақтандым. «Өлең айтпа, өлең харам» дейтіндердің өзі Димашты жақсы көреді екен. Дауысы 7 октаваны еркін алатын әншіәлемде санаулы. Сондай өнерлі адам сіздердің араларыңызда да болуы мүмкін. Саксофон үрлейтін жақсы өкпені электронды темекімен өлтіріп жатырмыз. Тіпті ел Президентінің өзі бір сөзінде насыбайдың зиян екеніне тоқталған болатын, — деді имам.Одан әрі ол аталарымыз баласын «Ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелегенін айтып, жамандықтан аулақ жүруге шақырды. Еркін микрофон форматында өткен кездесуде жастар бірқатар сұрақтарына Нұрлан имамнан жауаптар алды.
«Адал ұрпақ» форумы Ернар Дүйсеевтің орындауындағы «Атамекен» әніне қолдарында көк жалау ұстаған залда отырған жастардың қосылуымен түйінделді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.