Жастар жарысты
Dostyq cup
Республика күні қарсаңында қалалықжастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және «Аbyz Gym» жаттығу залының қолдауымен Триатлон саябағында «Dostyq cup» атты спорттық сайыс өтті.
Іс-шараға 14-35 жас аралығындағы 100-ге жуық жас қатысты. Спорттық сайыс қатысушылардың Мемлекеттік Гимнді жаппай орындауымен басталды. Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин мен қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Азамат Әбуов сөз сөйлеп, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жарыстардың маңыздылығын атап өтті:
— Бұл сайыс биыл екінші рет өткізіліп отыр. Мақсатымыз — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлық пен есірткінің, құқықбұзушылықтың алдын алу, лудомания мен буллингке қарсы иммунитет қалыптастыру, жастарды жүйелі түрде дене шынықтыру мен спортқа тарту. Негізі қала жастары белтемір мен брусьяда өнер көрсетуге құмар-ақ. Оған жағдай да жасалған. Қаламыздың біраз ауданында көшеде жаттығуға арналған жабдықтармен жасақталған алаңдар бар. Негізі, адамның денсаулығы мықты болса, рухы да күшті болады емес пе, сайыс қатысушылары осыны түсінген, — деді Азамат Әбуов.
Сайысқа жеткіншектер мен жігіттер алдын ала тіркеліп, өздері қалаған спорт түрлеріне қарай бөлінді. Қатысушылардың бір тобы белтемірге тартылса, екінші тобы брусьяда өнер көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша белтемірге көп тартылып, топ жарған Ақжол Ықыласов жеңімпаз атанды. ІІ орынға Ерлік Ермұхамбет, ал ІІІ орынға Рамазан Жұмабеков ие болды. Брусьяда да Ақжол Ықыласов үздік көрінді. Мұнда ІІ орынды Жандос Дүйсенов, IІІ орынды Қазыбек Қалмағанбетов иеленді. Ал «Ең жас қатысушы» номинациясына Қыдырәлі Серік ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге орталықтың дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.