Әлеумет

Дәрігерлер волейбол ойнады

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойына  медицина қызметкерлері де өз үлестерін қосып жатыр.

Жақында осы мерекеге орай қаламыздағы №3 және №4 қалалық емханалары, отбасылық медицина клиникасының ұжымы арасында волейболдан спартакиада өтті. Достық кездесуді өткізуге аталған клиникалардың кәсіподақ комитеттерінің төрайымдары Л.Ниязова мен Г.Тұраровалар ұйытқы болды.

—  Қазақ мемлекетінің өзінің дербес отауын тіккеніне жиырма жыл толған торқалы той осы жерде тұрып жатқан әрбір ошақтың, шаңырақтың төл мейрамы болуы тиіс деп есептеймін. Жиырма жылда медицина саласында ауыз толтырып айтарлық өзгерістер болды. Аталған сала одан әрі дами түседі деген сенімдеміз. Күнделікті қарбалас тірліктен қолымыз бір сәт босап, әріптестеріміз арасында волейбол жарысын өткіздік. Жалпы, халық денсаулығын жақсарту, адами капиталдың сапасын арттыру — ұлттық және мемлекеттік саясаттың ең өзекті мәселесі болуға тиіс деп есептеймін, — дейді №3 қалалық емханасының дәрігері Ләззат Ниязова.

Жарыс басталмас бұрын аталған емханалардың басшылары Б.Иманбаев пен К.Кадыровтар әріптестерін мерекемен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Сайыс нәтижесінде отбасылық медицина клиникасының ұжымы — І орын, №4 емхана — ІІ, №3 емхана ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздарға облыстық кәсіподақтар кеңесінің арнайы дипломы мен кубоктары тапсырылды.

М.САТАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button