Шашпай-төкпей жинап алсақ…
Күзгі науқан аяқталуға жақын
Бүгінде облыс бойынша дәнді дақылегілген 432,2 мыңнан астам гектар егіс аумағының 98,4пайызы орылып, 600 мың тоннаға жуық астық жиналған. Диқандар гектарынан14,1 центнерден өнім алып жатыр. Қамбаға 156,6 мың тонна алтын дән құйылды. Осылайша күзгі орақ науқаны аяқталуға жақын.
Күз — береке айы. Қырман басында қызу тірлік жүріп жатыр. «Бар несібесін жерден алып жүрген диқандардың қатары жыл сайын толығып келеді», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев. Салаға жауапты бөлім басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталды.
—Бүгінгі дерек бойынша дәндідақыл алқабының 425,1 мың гектарынан 599,9 мың тонна өнім алынды. Жалпы облыс бойынша алқаптың 431,8 мың гектарын —дәнді-дақылдар, 48,4 мың гектарын —майлы дақылдар, 6,8 мың гектар жерді картоп және көкөніс-бақша дақылдары алып жатыр. Облыстың астықты аудандарында да жұмыс қарқыны жоғары. Тіпті өнімнің түсімі бойынша облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрған аудандар бар. Мәселен, Мәртөк ауданы гектарына — 17,6 центнер, Қарғалы ауданы гектарына — 16,1 центнер, Хромтау ауданы гектарына 14,5 центнер өнім алып отыр. Дәндідақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Ауа райы ашық болса,осы апта соңында аяқталады деген жоспар бар. Бұл науқанға облыс бойынша 500-ге жуық шаруа қатысады. Бізде дәнді-дақылдардан бөлек, басқа да дақыл түрлері егілді. Олар — майлы дақылдар. Вегетациялық ерекшелігіне байланысты егілген дақылдарды жинау жұмыстары енді басталып жатыр. 11,2 мың гектар алқаптан майлы дақылдар жиналды. Бүгінде 11,6 мың тонна өнім алынып, гектарына 10,3 центнер түсім көрсетіп тұр. Көкөніс-бақша дақылдарына арналған 6,8 мың гектар жердің 3,1 мың гектарынан 57,8 тонна картоп алынды.Орташа түсім гектарына — 182,6 центнер, — деді Нұрбек Қуанышұлы.
Күзгі өнімді облыстағы лицензиялаған7 астық сақтау кәсіпорындары мен шаруашылықтардың астық сақтау орындары қабылдайды. Жалпы сыйымдылығы 381 мың тонна болатын астық қоймасыныңтүскен өнімді толық сақтауғамүмкіндігі бар.Қазіргі уақытта элеваторларда 156,6 мың тонна астық сақталған. Пайыздық көрсеткіші —41,1%. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары газ және дизель отынын пайдаланатын астық кептіргіш машиналармен, жанар-жағармай отындарымен жабдықталған.Ал астықты экспорттауға келсек, облыстағы шаруашылықтар дәнді-дақылдарды трейлерлік компаниялар арқылы экспорттайды.
— Облыстағы астық қабылдау кәсіпорындарынан жыл басынан бері 84,9 мыңтонна астық және майлы дақылдар тиелген. Оның ішінде шетелге жөнелтілген астық және майлы дақылдар көлемі — 77,0 мың тонна.Жергілікті өнім Түркия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Италия, Иран елдеріне жөнелтілді. Республика аумағына тиелген астық және майлы дақылдар көлемі — 7,9 мың тонна, —деді бөлім басшысы.
Қобда: науқан сәтті аяқталды
Қобдалық диқандар да күзгі науқанды аяқтады. Жерден берекесін жинап жүрген шаруалар қамбаға 10877 тоннадан астам астық құйған. Өңір диқандарының еңбегіне көктемгі су тасқыны қолбайлау болса да, 44166 гектарға егін еккен. Оның 10509 гектары — дәнді дақыл, 1712 гектары—күздік бидай. Қалған жеріне жаздық бидай, арпа, тары егіліпті. Ауа райы «қарайласқан» бұл науқаннан шаруалар орағы майлы шықпақ. Қобда ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Әділжан Тұманшиннің айтуынша, 10509 гектар алқаптың 1712 гектарына күздік дақыл, 8797 гектарына жаздық дақыл егілген.
— Бүгінде егін жинау жұмысы толық аяқталды. Егін ору науқанына 18 комбайн және 41 астық тасуға арналған автокөлік пен тіркемелер жұмылдырылды. Күзгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағадағы 150 тонна дизель отыны тасып алынды. 5074 тонна бидай, 2445 тонна арпа, 440 тонна сұлы, 500 тонна құмай, 72 тонна дәнді бұршақ, 165 тонна тары, 2181 тонна күздік бидай жиналды, — деді Ә.Тұманшин.
Мұғалжар: егін бітік шықты
Мұғалжар ауданы бойынша 13 170 мың гектар жерге егін егуге жоспарланған. Мұғалжарлық диқандар аудан халқын астық өнімдерімен қамтамыз етуге дайындық үстінде. Бұл жақта жерге тұқым егіп, егін оратын диқандардың қатары аз. Соған қарамастан, биыл 3 800 гектар жерге—дәнді дақылдар,700 гектар жерге — майлы дақыл және 375 гектарға — картоп, 265 гектар жерге — көкөніс, бақша тұқымын қалған 30 гектар жерге еккен.
— Аудан бойынша егін жинау жұмыстары толығымен аяқталып отыр. Атап айтқанда, бидай егілген 1780 гектар жердің әр гектарынан 9,9 центнер түсім көрсетіп, 1762,2 тонна өнім жиналды. Арпадан 1 570 гектар жерден 13,1 центнер түсімімен 2 057,8 тонна түссе, құмайдан 450 гектар жерден 8,0 центнер түсіммен 360 тонна өнім алынды. Майлы дақылдардан 350 тонна мақсары жиналды. Жалпы обыстық салалық басқарманың тапсырмасына сәйкес барлық дәнді және майлы дақылдардан өнім алу жоспары толығымен орындалды. Суармалы жерлерді игеру бойынша 4 920 тонна картоп, 3 543,1 тонна көкөніс, 396,6 тонна бақша дақылы жиналды, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет.
Ащысай ауылдық округінің аумағында егіншілікпен айналысатын «Айсұлтан» шаруа қожалығының иесі Нұрғали Елубаев егіннің бітік шыққанын айтады. Ол әр гектарына 9-10 центнерден астық алған.
— Биылғы егін науқанын сәтті аяқтап жатырмыз. Мамыр айының 10-ынан бастап жер жырту, тұқым себу жұмыстарын бастадық. Ауа райы егіншілікпен айналысатын диқандарға сәтті болды. Жауын-шашын мөлшері де жақсы түсті. Осы жолы ресейлік «Анна» сұрыпты бидай және арпа өнімдерінің тұқымын септім. Егін биыл бітік шықты, — дейді Нұрғали Айсұлтанұлы.
Мәртөк: гектарына — 17,6 центнер
Өңірдегі жері шұрайлы аудандардың бірі — Мәртөк ауданы. Бұл жақта ауылшаруашылығы бағытында кәсібін қолға алған шаруалар жетерлік.
— Аудан бойынша 484 шаруа қожалығы бар. Оның 254-і егіншілік бағытта жұмыс істесе, 250 шаруа мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 147 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 92,4 мың гектар жерге дәнді-дақыл, 9,9 мың гектар жерге — күздік дақыл, 15 мың гектарға — майлы дақыл және 28,4 мың гектарға — картоп, көкөніс, 1,3 мың гектарға бақша дақылдары егілді. Бүгінде жұмыстың бәрі сәтті аяқталып, қамба астыққа толды. Орташа түсім гектарына 17 центнер көрсетті. Бұл — басқа аудандармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ 24 шаруа қожалығы күзгі дала жұмыстарына 1418,2 тонна дизель отынына сұраныс жасап, оның 392,3 тоннасы тасып алынды, — деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Мулкаев.
Ауданда суармалы жерлерді пайдалана отырып, өз кәсібін дамытып отырған диқандар бар. Кейбірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойыншаүстемесі 2,5 пайыз болатын несие алған. Соның бірі — «Нива» шаруа қожалығының басшысы Сабыржан Қойшыбаев.
— 1997 жылдан бастап осы кәсіппен айналысып келемін. Отбасылық кәсіп болған соң балам да ізімді жалғады. Ол да өз алдына жер алып, 10 жыл көлемінде алқапқа тұқым сеуіп келеді. Астықты өлкеде тұрған соң жергілікті өнім тұтынғанымыз жақсы ғой. Біз алдымен сапаға мән береміз. Сырттан өнім әкелініп жатса да, біздің өнімдерге сұраныс төмендеген емес. Биыл 40 гектар жерге картоп, қарбыз, қауын ектім. Алған өнім көлемі — 1000 тонна. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы маусымдық жылыжай құрылысын қолға алғым келеді, — деді тәжірибелі диқан.
Еңбегінің арқасында тұрғындардың қошеметіне бөленіп, есімі еленген азамат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Қарғалы: диқан еңбегі ақталды
Желтау ауылдық округінің «Қызыл Ту» шаруа қожалығында дәнді дақылдарды жинау жұмысы қызу жүріп жатыр.Осы шаруашылықтың механигі Анатолий Титов 27 жыл бойы ауыл игілігі үшін жұмыс істеп келе жатыр. Мектеп жасынан бастап астық жинауға көмектесіп, трактор жүргізуді үйренген. Бала кезінен еңбектің мәнін түсініп, тапқан нанның қадірін білген.
— Біздің шаруашылығымыздың негізгі бағыты — дәнді дақылдар өсіру. 90 гектар жерді арпаға, 210 гектарды бидайға бөлдік. Биыл арпа өнімін гектарынан 7-8 центнерден, бидай өнімін гектарынан 10-12 центнерден алып жатырмыз. Астықты сақтайтын қойма бар. Астықты жеке тұлғаларға нарық бағасымен сатамыз. Шаруашылықта техникадан «Нива» комбайны, «ГАЗ-53» тракторы бар. Биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша екі «LOVOL» тракторы сатып алынды. Сонымен қатар мемлекеттің қолдауының арқасында жеңілдікті бағамен дизель отынын да алып отырмыз, — деді диқан А.Титов.
Айта кетейік, егін жинау жұмыстарына облыс бойынша 1,5 мың трактор, 700-ге жуық астық ору комбайнын, 800-ге жуық трактор тіркемесі мен 500-ге жуық жүк автокөлік жұмылдырылған.7,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.Шаруашылықтарға берілген дизель отынының бағасы— литріне 250 теңге. Ол нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен.
Айдана АЛТЫБАЕВА.