Басты жаңалықтарЭкономика

Биыл өңір экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру тапсырмасын орындау, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап берді.
Облыс әкімі биыл өңірдің экономикалық өсімі 106 пайыз деңгейінде қалыптасқанын, орташа жалақы мөлшері 364 мың теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 16 пайызға өскенін жеткізді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңір экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл бір мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 3 жоба іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 3 жоба өз жұмысын бастайды.
— Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі кезде Ақтөбе әуежайында мультимодальді хаб аясында 858 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ бойынша жұмыстар атқарылуда. Аталған аймақта кемінде 40-тан астам жобаны 1,2 триллион теңгеге жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Хромтау моноқаласында 400 миллиард теңгеге 20 жобаны жүзеге асыруға арналған индустриалды аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді облыс әкімі.

559 мың тонна өнім алынды

Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. Биылғы 11 айда 333 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2900-ден астам жоба мақұлданып, 15 млрд теңгеге 2706 жоба бойынша несие берілген. Мал шаруашылығы саласында төрт түліктің өсімі орташа есеппен 110 пайызға жеткен. Ал өсімдік шаруашылығы бойынша биыл 403 мың гектар дәнді дақылды алқаптан 559 мың тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 130 мың тоннаға немесе 30 пайызға артық.
— Ауыл шаруашылығы саласын бұдан әрі дамыту мақсатында алдағы жылдарда инвестиция көлемі 51 миллиард теңге болатын 95 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді А.Шахаров.

Жол: 193 жоба жүзеге асырылады

Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров биыл жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға 64,5 млрд теңгеге 193 жобаны іске асыру көзделгенін жеткізді. Жалпы, бүгінде өңірде 500 шақырымнан астам жолға жабынды төселген. Облыс орталығы — Ақтөбе қаласында 200-ден астам немесе 47 шақырым көше нормативтік жағдайға келтірілген.
— Халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе-Хромтау бағыты бойынша министрлікпен бірге қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда екі учаскеде құрылыс-монтаждау жұмысы басталды. Жақын арада тендерлік конкурс өткеннен кейін бірінші учаскені салу басталады. Жалпы жол 4 жолақты болады, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар биыл Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолы аяқталды, республикалық маңызы бар жолдардағы ауыспалы жұмыстар келесі жылы жалғасады.

827 отбасы тұрғын үймен қамтылды

Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл облыста 12,3 млрд теңгеге 827 отбасы пәтермен қамтамасыз етілген. «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 225 отбасы баспаналы болған. Оның ішінде 118 отбасы әлеуметтік осал топтарға жатады.
— Облыс бойынша су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шекті. Техникалық тексеру қорытындылары бойынша 1013 үй апатты деп танылды. Аталған мәселені шешу мақсатында ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 миллиард теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 миллиард теңгеге өтемақы берілді, — деді Асхат Шахаров.
Сондай-ақ, облыста мемлекет қолдауының арқасында 13 білім беру, 2 спорт және бір денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және құрылысын жүргізуге, 47 шақырым автокөлік жолын, 23 көпір мен 22 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіруге қаржы бөлінді.

2025 жылға арналған жоспарларға тоқталды

Облыс әкімі баспасөз мәслихатында келер жылға арналған жоспарларға да тоқталып өтті.
— Келер жылы өңірдің экономикалық өсімі кемінде 103 пайыз деңгейінде қалыптастыру үшін өнеркәсіп бойынша 2 триллион теңгенің өнімі өндіріледі. Сондай-ақ облысқа бір триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деп жоспарлануда, — деді Асхат Шахаров.
Оның айтуынша, өңірде келер жылы нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 80 пайызға жеткізіледі. Инженерлік инфрақұрылым бойынша келер жылы 5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауызсу құбыры жүргізіп, таза ауызсумен жабдықтау мәселесі толықтай шешіледі.
— Сондай-ақ 9,8 мың халқы бар 24 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 96,8 пайызға дейін жеткіземіз. Бұдан бөлек 2025 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 975 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар, — деді спикер.
Облыс әкімі атап өткендей, келер жылы өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес 11 нысан салынады. Сондай-ақ 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі. Білім саласы бойынша үш ауысымды — 3, апатты 2 мектептің мәселесін шешу мақсатында 16,4 мың оқушыға арналған 27 жаңа мектеп салынады және 300 орындық бір балабақшаның құрылысы басталады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button