«Қансонарда бүркітші шығады аңға…»
Көшпелі бабаларымыздың таным-түсінігінде бүркіт батылдықтың, еркіндіктің, рух биіктігінің символы. Оны бағып-баптаудың өзі екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Саятшылық — халқымыздың ең ғажап өнерінің бірі. Бұл күнде саятшылық ұлттық спорт түрлерінің қатарына енді. Жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде жарыстар да ұйымдастырылып тұрады. Ал саяттың сәні болған бүркітті қазақ құс патшасына балаған. Бүркіт бабына келіп, қоян, түлкі, қасқыр аулау үшін арнайы күтімді қажет етеді. Осы орайда нағыз қазақ жігітінің жеті қазынасына айналған қыран, бүркітті баптайтын құсбегілермен сөйлескен едік…
Құсбегі Нысанбай
Көне көздерден жеткен аңыз бойынша Жошы ханның 3000 қыраны, Абылай ханның 500 бүркіті, 300 қаршығасы мен сұңқары болған деседі. Ал хакім Абайдың Көкшегір, Қарашолақ атты бүркіттері болған екен. Бүгінде қазақтың қанына сіңген саятшылық өнерді үйреніп, болашақта әлемдік деңгейге көтерсем деген бүркітшілер бар. Солардың бірі байғаниндік Нысанбек Қартбаев өңірде алғашқылардың бірі болып, бүркіт баптау тәсілін үйренген.
— Жеті қазынаның бірі саналатын бүркітті баптау ептілікті,шыдамдылықты қажет етеді. Саятшылық құрып, бүркіт баптауды маңғыстаулық құсбегі Мереке Өтеғалиұлы үйретті. Бала кезімнен тазы жүгіртіп, аң аулап өскен маған құсбегілікті үйрену қиынға соқпады. Ұстазым маған құсты аңға салу тәсілдерін үйретіп, бүркіт баптаудың күрделі әрі қиын шаруа екендігін түсіндірді. 2017 жылы алғашқылардың бірі болып бүркіттің балапанын ұстазымнан сыйға алып, қолға үйреттім. «Көксеңгір» деген бүркітімді балапан кезімнен баптап, өсіріп келемін. Жалпы бүркіт баптаудың екі әдісі бар. Бірінші әдіс «қолбала» деп аталады. Қолбала — бүркіттің ұясынан қанаты қатпаған кішкентай балапанын алып, асырау әдісі. Қолбала адам қолынан үш күн тамақ жеген соң, иесіне бірден үйреніп кетеді. Екінші тәсіл — түз бүркітін асырау. Ол далада өсіп жетілген, табиғаттан ауланған бүркіт. Оны қолға түсіру де оңай емес. Бүркітті түлету үшін қансоқта, қызыл сияқты күшті жем беріп, семіртеді. Бүркіт түлегенде қанат-құйрығы жетіліп, топшысы бекемделе түседі. Мұнан соң қайтадан арықтатып, шырғаға тартып, ұшырып жемдейді. Бұл іс жүзінде шынықтыру болып есептеледі. Бұдан кейін бүркітті жарау күйінде сақтап, бабымен баптауға кіріседі. Ал аңға түсуге баулығанда шаншыла түсу, сыпыра түсу, іле түсу тәсілдері болады. Шаншыла түскенде жер соғып қалу қаупі, сыпыра түскенде «тегеурін» деп аталатын артқы бақайын алдырып алу қаупі болады. Сондықтан құсбегілер бүркітті іле түсуге баулиды. Міне, бұл — құс баптаудың негізгі ережелері. Жағалтай, ителгі, қаршыға, қырғи, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтай сияқты құстарды баптағанда да осыған ұқсас тәсілдер қолданылады, — дейді Нысанбек Қартбаев.
Оның айтуынша, саятшылыққа шығуға күз және қыс айлары қолайлы екен. Бүркітші алдымен қалжыраған бүркітті бабына келтіріп, саятшылық маусымына даярлайды.
— Құсбегілер ақпан айының аяғында бүркіт салуды тоқтатып, семірте бастайды. Өйткені, бұл кезде түлкiнiң жүні жабағыланады. Бүркітті барынша семiртудегі мақсат — түлету. Жақсы түлеген бүркіттің ескі қанат, кұйрығы, барлық қауырсындары түгел түсіп, жаңадан шығып жетіледі. Қыс бойы аңға салған бүркіттің қар үстіндегі қан майданда, ұмар-жұмар арпалыста қанат, құйрығы түсіп, сиреп қалады. Аспанда жылдам ұшу үшiн бiр тал қауырсыны болса да бүтiнi жақсы. Осыны ойлаған кұсбегi бүркітті тегіс түлетуге күш салады.
Бүркiттi түлкiге салардан бір ай бұрын қайыра бастайды. Қайыру дегенiмiз — оның етін арытып, түлкі алатындай күйге келтіріп, баптау. Бүркітті қайыру үшін етті жұп-жұқа қылып турап, салқын суға әлденеше рет шайып, боз жем жасайды. Одан соң етті қатты сығып, ақ жем жасайды. Осы ақ жемдi күнара беру арқылы оның етiн бiртiндеп ояздандырып, бiр қалыпты арытады. Бұл өте шеберлікпен, бiр қалыпты баяу жүргiзiледi. Егер шорт қайырылса (бiрден ашықтырып арытса), бүркiттiң бойында май бөлініп қалады. Әсіресе қанат кұйрықтың түбiнде май қалады. Бұл кейiн бүркiттiң түлкіге салғанда шалқып, түлкіге түспеуіне, бірде алып, бірде алмауына себеп болады. Мұндайда бүркiттi қайта семіртіп, қайта қайыруға тура келеді, — дейді бүркітші.
Жандостың Ақбастауы
Ақтөбелік Жандос Есен бүркіттің өте сақ, әрі қауіпті құс екенін айтады. Бүркіттің тілалғышы да, қырсығы да кездеседі дейді кейіпкеріміз.
— Бүркіт баптауды үйренгеніме көп бола қойған жоқ. Әлі де астаналық ұстазым Үмітхан Тастанбектен үйренерім көп. Екі жыл ішінде Ақбастау деген алғыр бүркітімді баптап, түрлі республикалық байқауларға қатысып қайттым. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында өткен байқауда бүркітім 3-орынды қанжығасына байлады. Ат құлағында өскен мені құсбегілік өнерге жетелеп, ұсыныс тастаған облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жүкенге алғысым шексіз. Ол жыл сайын шырға тарту жарысын ұйымдастырады. Бұл жарыста бүркіттің ептілігі ғана емес, тазының жүйріктігі де анықталады. Осындай жарыстардың жиі өткізілгенін құптаймын, — дейді ол.
Бүркіт туралы қызықты 10 дерек:
-
Қанаттарын созғанда ұзындығы 2,5 метрге жетеді.
2. Қыран — күшті, ірі, дене бітімі мығым және жылдам ұшатын құс.
3. Әлкей Марғұланның еңбектерінен бүркіт жайлы қазақ тілінде 1,5 мыңдай ұғым бар екендігін байқауға болады.
4. Күніне, шамамен, 1,5 келі жемтік жейді.
5. Бір айдан астам уақытқа дейін тамақ жемей, аш жүре алады.
6. Шеңгелімен 5 кг жемтікті көтереді.
7. Аққулар секілді адал келеді. Тек бір рет қана жұптасады.
8. Көру мүшесінің дамып кеткендігі соншалық, 3 км қашықтықта тұрған қоянды байқап қояды.
9. Тарихта Жошы ханның 3 мың қыраны болған деген дерек бар.
10. Ел ішінде бүркіт бір сілкінгенде отбасындағы бір пәле кетеді деген наным-сенім бар.
Бүркітші Жандос Әлиұлы түрлі жарыстарға қатысып, бүркіттің түр-түрін көргендігін айтады. Бүркіт — күніне бір келідей жем жей алатын, жемсіз жарты ай жүре алатын өте төзімді құс. Жанары адам көзінен 5-7 есе өткір және күн нұрына тіке қарай алатын жалғыз жаратылыс иесі. Ол аспанда қалықтап жүріп, бір жарым-екі шақырым қашықтан көлемі бір қарыстай жәндікті көре алатын ерекше қабілетке ие.
— Елімізде бүркіттің жеті түрі мекендейді. Олар ұясын адам аяғы баспаған мұзарт шыңдар мен қия жартастарға салады. Бүркіт сақ келеді, адам көзіне түспеуге тырысады екен. Күз келіп, балапандары есейген уақытта ұясымен топтанып ұшып, шырқау биіктерде самғайды. Бір қызығы, оның бір мәрте жұмыртқа салған ұясын үрім-бұтағы таусылғанша пайдаланады екен. Түрі де ұя салған тасына байланысты, яғни тас қара болса, бүркіттің түрі қара, қызыл болса, қызыл реңді болып келеді екен.
Бүркітті негізінен екі жолмен ұстайды. Түзден ұсталған құсты қолға үйрету үшін кемінде бір-екі жыл керек. Бауырын жазбаған ақүрпек балапан қолға тез көндігеді екен. Балапанды алған соң оған балақбау тағып, томаға кигізеді. Ең алдымен бала бүркітке шырға тартқызады. Үш-төрт қадам әрі барып, аяқбаудың ұшынан ұстап тұрып биялайлы қолындағы етке «кел, кел» деп шақырып үйретеді. Бұдан кейін түлкінің бас терісінің, не қоян терісінің ішіне кішкене ет немесе өкпеге қант сеуіп, тығып қою қажет. Сонан соң оны ұзын жіп жалғап сүйрете қашып, бүркітті соған түсіреді. Мұны далбай тастап, шырға тарту дейді. Далбайдан соң тірі аңдарды шырғалап, балапанды енді соған түсіреді. Оны «тірілеу» деп атайды. Тірілеуден кейін құс қайыруға келеді. Қайыруға келген құс әбден үйренген құс болып есептеледі, — дейді Жандос Есен.
Қос кейіпкеріміз қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп жүр. Нысанбек тазы жүгіртіп, бүркіт баптаса, Жандос саятшылықтан бөлек қолөнер бұйымдарын былғарыдан жасап, тігеді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.