Басты жаңалықтар

Алаяқтар азаймай тұр…

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық көбейіп барады. Тіпті шырылдап жатқан телефонды алуға қорқатын болдық. Интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр? Бұл сұрақты мамандарға қойған едік…

Бүгінде ұялы телефон мен интернет желісі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны белгілі.  Азық-түлікке тапсырыс беру, төлемдерді төлеу, киім сатып алу  және тағы басқа да қызметтерді  үйден шықпай-ақ атқаруға болады. Бірақ бұл кейбір адамдар үшін уақытты үнемдеуге және өмірін мүмкіндігінше жеңілдетуге берілген мүмкіндік болса, енді біреулер үшін алаяқтық әрекеттерді іске асыратын жол болып отыр. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзиннің айтуынша, соңғы уақыттарда облыста алаяқтық деректері жиілеп кеткен.

—  Биыл облыста интернет-алаяқтық бойынша  725 дерек тіркелді. Оның 323-не қатысты шешім қабылданып, алаяқтар ұсталды. Алаяқтықтың жиі кездесетін түрі — ғаламторға жалған хабарландыру орналастыру. Әккі хакерлер жаңадан аккаунт ашып, сайт жасап алады. Және әлеуметтік желілердегі парақшаларын жиі өзгертіп отырады.

Ең жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері — интернет арқылы сауда жасау және өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдардың жеке деректерін иемдену, сонымен қатар бөтен адамның атынан онлайн-несие рәсімдеу.

Кейде телефонымызға беймәлім абоненттен «Сіз ұтыста жеңімпаз атандыңыз, айфон 13-ті алу үшін мына сілтемеден өтіп, деректерді толтырыңыз» деген сияқты жалған хабарландырулар келеді. Осындай хабарландырулар адамның назарын еріксіз аударады. Банк шотының деректемелерін айтып, сан соғып қалғандардың қатары көбеймесе, азаяр емес, — дейді Б.Балмұрзин.

Оның айтуынша, бүгінде WhatsApp мессенжері арқылы адамдардың жеке деректеріне қол сұғып, олардың ұялы телефонындағы байланыс нөмірлерінен қарыз сұрау деректері көбейген.

—  Интернет-алаяқтар, ең алдымен, «суретіме лүпіл бас, сілтемеге кіріп, дауыс бер» деген мәтінмен хабарлама жібереді. Бұл хабарламаға өткен адамның WhatsApp мессенжері автоматты түрде бұзылып, алаяқтар олардың жеке шотынан ақша алу амалдарын жасайды. Соңғы кездері әккі алаяқтар Beeline, Tele-2 операторлары болып хабарласудың жаңа тәсілін пайдаланады. Олар тұрғындарға хабарласып, сим-карталарының пайдалану мерзімі аяқталғаны туралы хабардар етеді. Оны ұзарту үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келетін 4 санды сұрау арқылы адамдардың жеке кабинеттеріне кіріп, деректеріне қол жеткізеді.

Заманауи технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтықты тұсау оңай болмай тұр. Қазақстанда интернет-алаяқтық 2020 жылдан бастап тіркелді. 2020 жылы 365 қылмыс, 2021 жылдың 9 айында 876 қылмыс тіркелген. 2022 жылы профилактикалық іс-шаралардың өтуіне байланысты жасалған қылмыстың саны 790-ға төмендеген.

Интернет хакерлері кез келген жерде отырып адамдарды онлайн түрде, еш қиналмастан үптеп кете алады. Қазір алаяқтықтың жиі кездесетін түрі — өзін құқық қорғау саласының немесе банк қызметкері ретінде таныстыру жиі кездеседі. Олар адамдарға несие рәсімделіп жатқандығын хабарлап, операцияны тоқтату үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келетін 4 санды сұрап, басқа банк қосымшалары арқылы несие рәсімдейді, — дейді ол.

Бүгінде белгісіз адамдар OLX/KZ қосымшасында тауарды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар беріп, қосымша арқылы алдын ала төлемді шотқа жіберуді сұрайды. Шотқа ақша түскеннен кейін телефон өшіріледі.

Осыған байланысты полиция департаменті сатушы тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға сенбеу керек екендігін ескертеді. Қашықтан төлем жүйелері арқылы бейтаныс адамдарға ақша аударып, мәміле жасалмаса, ақшаны қайтаруға кепілдік жоқ.

Бүгінде интернет алаяқтары газ, электр энергиясына тексеріс жүргіземін деген желеумен қарапайым халықты алдауына түсіріп жатыр. Тіпті алаяқтар «Анидеск», «Кенгуру», «Хоптодеск» қосымшалары арқылы адамдардың ұялы телефондарын қашықтан басқару арқылы қаражаттарын иемденіп жатыр. Алданғандардың басым көпшілігі дерлік ішкі іштер қызметкерлеріне арыз түсірмеген.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Гүлгүл ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

қала тұрғыны:

Есет батыр тұрғын алабының тұрғынымын. Жуырда жылу қазандықтарының есептегіш құрылғысын тексерістен өткіздік. Содан хабардар болған әккі алаяқтар тұрғындарды мазалауға көшті. Олар өзін бақылаушы ретінде таныстырып, тұрғындардың жеке деректеріне қол сұқпақ болған. Жақында көршіме хабарласып, 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келетін смс-кодты айтуын сұраған. Алаяқтар көбіне орыс тілінде сөйлейді. Көршім егде кісі болғандықтан, интернет-алаяқтардың алдауына түсе жаздады. Қайта маған хабарласып, белгісіз адамдардың мазалап жатқандығын ескертті. Біз оның алаяқтар екенін түсініп, бақылаушы маманға және жергілілікті полиция бөліміне қоңырау шалып, интернет алаяқтарының хабарласқандығын айттық. Сондықтан интернет алаяқтардан қорғану үшін дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырамын.

 Құралбек ШАРБАҚОВ,

«Халық банк» АҚ облыстық филиалының  қауіпсіздік бөлімінің бастығы:

— Интернет алаяқтары әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалады. Олар байланыс нөмірлерін жиі ауыстырып отырады. Шешім қабылдауға асықтырады, әңгімелесушіге эмоционалды қысым жасайды. Банк картасының деректерін сұрайды. Кей жағдайда студенттер, жағдайы жоқ адамдар резервтік шотын хакерлерге сатады. Азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшаларын алдау жолымен қолға түсіретін алаяқтар үшінші жақты өзіне көмекке тартады. Міне, осындайларды дропперлер деп атайды. «Dropper» деген сөздің өзі ағылшынның «drop» лақтыру, түсіріп алу деген сөзінен алынған. Алаяқ дроппермен алдын ала бір сома бер­мекке келісіп, банктен шот аштырады. Ал өзі ақшасын алдап алған зардап шегушіге дроппердің шотын айтып, ақшасын соған аудартады. Ал дроппер банкоматтан бұл ақшаны алып, алаяқтың қолына береді. Әрине, өзіне тиесілі үлесті де алады.

Биыл банк тұтынушыларынан интернет-алаяқтық бойынша 56 арыз-шағым  түсіп, оның 21-і уақытында бұғатталды. Онлайн алданған жәбірленуші нені ескеруі керек:

Интернет арқылы бопсалаушылардың талаптарын орындамаған жөн. Егер сіз интернет алаяқтардың құрбаны болсаңыз, ізін шалмай, 102 телефонына хабарласыңыз.

— Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері мен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.

Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер жіберген жағдайда KZ-CERT қызметіне немесе Telegram мессенджеріндегі  «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына хабарласыңыз.

 Эльвира РАМАЗАНОВА (аты-жөні өзгертілген):

Әжем өткен жылы интернет алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Әжемнің телефонына бір бейтаныс адам хабарласып, көмек сұраған. «Ауруханаға түсіп қалдым, маған шұғыл 1 миллион теңге көлемінде қаражат керек.  Маған тездетіп, ақша жібересіз бе?» — деп айтып, дереу қулыққа көшкен. Әжем абдырап: «Гүлназ, сен бе?» деп апасының есімін атапты. «Иә, менмін маған отаға ақша керек», — деп алаяқ жылап, әжемді көндіруге әрекеттенген. Бір кезде әжем тұтқаны маған берді. Мен сөйлесіп, одан әдейі аты-жөнін, тегін сұрап едім алаяқ байланысты үзіп жіберді. Сондықтан оқиғаның мән-жайын білмей жатып, жеке шотыңыздан қаражат аударуға асықпаңыз.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button