Үміткерлер анықталды
Ақтөбе жастары
Биыл 12-26 тамыз аралығында «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құжаттар қабылданды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өтініш иелері құжаттарын электронды формата https://eaqtobe.kz/ платформасы арқылы жолдады.
Келіп түскен 1834 өтінімнің ішінде 1226 өтінімге теріс шешім берілді. Себеп—құжаттар толық емес немесе бағдарлама шарттарына сәйкес келмейді. Ал 608 өтінімге іріктеу комиссиясымен бағалау жүргізілді. Оның ішінде 1-70 үміткерлер – негізгі тізімге, 71-168 үміткерлер қосалқы тізімге енгізілді. Айтып өтерлігі, негізгі тізімге енген үміткерлердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, қосалқы тізімдегілерге өтініш берушіге мүмкіндік беріледі.
Комиссия отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарын берік ұстанды. Онлайн-трансляция режимінде өткен отырыстардың барлық жазбалары Instagram әлеуметтік желісінде Jasaqtobe ресми аккаунтында сақталды. Қатысушылардың өтініші келесідей өлшем шарттар бойынша бағаланды: бірінші балаға 3 және келесі әр балаға 1 балдан, әр жылғы еңбек өтіліміне— 0,5 балл, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтарға— 3 балл, өңірдің ауылдық елдімекендеріндегі соңғы 3 жылда үздіксіз еңбек өтілімі— 3 балл, аудан орталықтарында, шағын қалаларда, ауылдарда және кенттерде тұрғын үй сатып алу жағдайында— 5 балл.
Бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдікпен баспаналы болуға мүмкіндік береді. Ерекшелігі сол —жұмыс істейтін аудан және ауыл жастарына басымдық берілді. Сонымен қоса өтініш берушінің сатып алатын баспанасы бастапқы және қайталама нарығынан, жұмыс орны орналасқан әкімшілік бөлініс аумағында болуғ атиіс. Мәселен, жұмыс орны Хромтау ауданы Дөң ауылында орналасқан болса, тұрғын үйді аудан орталығынан немесе ауданның басқа ауылынан сатып алуға құқылы. Тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 1 млрд теңге бөлінді, оның 500 млн теңгесі жергілікті бюджеттен. Үміткерлердің тізімін толығырақ www.gov.kz сілтемесі арқылы көруге болады.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.