Әлеумет

«Тұмар»: Сүйіспеншілікпен, Қазақстан! төртеу ұсынған 100 бұйым аукционда сатылды

Биыл қаңтарда облыстық мүгедектер қоғамының жанынан «Тұмар» шығармашылық тобы құрылды. Қазір топтың 15 мүшесі бар. Оның төртеуі өткен жұмада «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешенінде «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалы ұйымдастырған қайырымдылық аукционына қатысты. Қолөнер бұйымдарын жасап, оны Тәуелсіздік мерекесіне арнаған олар шараны «Сүйіспеншілікпен, Қазақстан» деп атапты.

«Тұмар» шығармашылық тобының жетекшісі Әсия Ойнарованың айтуынша, алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылып отырған аукцион кәдімгідей материалдық қолдау болмақ.

Аукционға ІІ топ мүгедегі Әсия Ойнарова балық сүйектерінен жасаған және акрил бояуымен салынған картиналарын қосқанда 29 жұмыс әкеліпті. Ал І топ мүгедегі Гүлнар Жәнібекова 15 шақты тоқыма бұйымдарын, І топ мүгедегі Қарлығаш Есентаева төрт картина мен бір бисерден жасалған жұмысын ұсынды. ІІІ топ мүгедегі Айнұр Қанатбаева аукционға ұлттық нақыштағы кәдесыйлары мен бисерден жасаған бұйымдарын, барлығы 50 шақты жұмысын шығарды.

Айнұрдың анасы Күнзираш Қанатбаева қызының сал ауруының салдарынан есту-сөйлеу қабілеті бұзылғанын, 2009 жылы саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатты үздік бітіріп шыққанын айтты.

Одан соң Айнұр саңыраулар қоғамының арнаулы өндірістік цехына тігінші боп кіреді. Бірақ ол көп ұзамай, жылдамдығы аз болғандықтан, жұмыстан шығып қалады. Содан Айнұр «ешкімге керек емеспін» деп ойлап, өмірден түңіле бастайды.

— Ағасы «Айнұрға тігін машинасын алып берейік» деп жүретін, қайтыс болып кетті. Қазір немерем бар. Бірақ кейін тігін машинасын алып бердім. Қызым өзі кітаптан қарап, көрпелер тіге бастады. Биыл Әсия Ойнаровамен кездесіп, қоғамдық шараларға атсалыса бастады. Қараша айында облыстық көркемсурет және сәндік қолданбалы өнер музейінде жеке шығармашылық көрмесі өтті. Негізі, Айнұр бейнелеу өнеріне жақын. Қолы қалтыраса да, әдемі салуға тырысады. Тәуелсіздік мерекесіне атсалысайын деп, ұлттық нақыштағы біраз кәдесый жасады. Тапсырманы Әсия берді. Сөйтіп, торсық, ақ бота жасап, ұлттық киім тікті. Бисермен де жұмыс істейді. Осындай шараларға қатысқаннан бері көңіл күйі жақсы. Қоғамға керек екенін сезінеді. Оның қуанғанын көрсем мен де ризамын, — дейді ет жүрегі елжіреген Айнұрдың анасы.

Төртеу ұсынған 100 шақты бұйым аукционға шығарылған сәтте-ақ жиналған жұрттың қызығушылығын тудырды. Мысалы, Әсия Ойнарова келе жатқан жаңа 2012 жылға арнап, бес балықтың сүйектерінен «Айдаһар жылы» атты картина жасапты. Оған бір қытайлықтың көзі түсіп, бағаны едәуір көтеріп, картинаға өзі ие болды. Сондай-ақ Әсияның «Сүйіспеншілікпен, Қазақстан» атты картинасын «Мега-Ақтөбе» кешенінің директоры сатып алды. Осылайша, аукцион барысында «тұмарлықтар» ұсынған барлық қолөнер бұйымдары сатылып кетті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button