Әлеумет

1 желтоқсан — СПИД-ке қарсы күрес күні

1 желтоқсан —  Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні. Осыған орай облыстық жұқтырғыш иммундық тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта жиын өтті. Шараға облыстық ішкі саясат, білім басқармалары, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және  облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мен өзге де мекемелер қатысты.

Басқосуда сөз алған облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаева аталған аурудың алдын алу мәселелері мен оған қарсы күрес жұмыстарын сөз етті. Мәселен, алғашқы СПИД ауруын жұқтырған адам облыста 1988 жылы тіркеліпті. Ал қазіргі таңда аймақта 232 адам аталған сырқатқа шалдыққан. Айбарша Төребаеваның айтуынша, бұрын СПИД есірткі қолданушылардың арасында жиі кездессе, соңғы жылдары жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандардың саны көбейген. Сондай-ақ ауру жұқтырған 27 жүкті ана тіркеліпті.

—  Ауруға шалдыққан адам өмірден түңіліп немесе өзін жазылмайтын сырқатқа шалдықтым деп ойламауы керек. Қазіргі таңда медицинаның күші барлық ауруды құлан таза айықтырып жібермесе де, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан сырқат жұқтырған жүкті ана дер кезінде қаралып, дәрігердің көмегіне жүгінсе, дені сау сәбиді өмірге әкеле алады, — деді Айбарша Төребаева.

Жиында облыстық білім басқармасының өкілі Майра Отарбаева аймақтағы барлық білім ордаларында СПИД-ке қарсы күрес жұмыстарының жүйелі жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ өзге мекеме өкілдері де өз ойларын ортаға салды.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

* * *

М.Горький атындағы қалалық кітапхананың оқу залында №28 орта мектептің 9 сынып оқушыларымен бірге «ЖҚТБ (СПИД) – ХХІ ғасыр дерті» атты денсаулық сағаты ұйымдастырылды. Оған әлеуметтанушы С.Мұханбетжанова, дәрігер-психолог Т.Деркач, №28 мектептің кітапханашысы Б.Қырымбаева және кітапхана қызметкерлері қатысты. Шара мақсаты — балаларды ЖҚТБ-дан сақтандыра отырып, салауатты өмір салтына насихаттау.

С.Мұханбетжанова мен Т.Деркач салауатты өмір салты, келеңсіз жайлардың алдын алу, адамдардың денсаулығын күшейту — бүгінгі таңдағы өзекті мәселе болып отырғандығын тілге тиек етті. ХХІ ғасыр дертіне айналған ЖҚТБ ауруы туралы әңгімеледі. ЖҚТБ-ның жұғу көздері және сақтану жолдары туралы баяндамалар оқылып, арнайы дайындалған слайдтар көрсетілді.

Л.ҚОБЛАНДИНА,

кітапханашы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button