Басты жаңалықтар

Биылғы егін бітік шықты

Жиын-терін

Диқандар жаз бойғы еңбекті төкпей-шашпай жинап алу қамында жүр.

Күздің шуағын пайдаланып, егіс басында жүрген еңбеккерлер биылғы несібенің 40 пайызын жинап үлгерген.

Ауа райы да қарасып тұр…

Бүгінде облыста егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Шаруаларды қолдауға бағытталғанжұмыстар да жан-жақты. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құ­сайын Сәрсембайдың айтуынша, диқандар гектарынан12,6 центнердәнді дақыл жинап жатыр.

Қазір күн тәртібінде тұрған басты міндетіміз — өнімді егін жинау. Бұл орайда облыс бойынша 403 мың гектарға дәнді дақылдар, 48,4 мың гектарға майлы дақылдар, 5200 гектарға көкөніс пен картоп, 220 гектардан астам жерге жемшөп егілді. Қазіргі таңда осы өнімнің 40 пайызы жиналды. Ауа райы болжамына сәйкес қыркүйек айының аяғында жауын-шашын күтілмейді. Сондықтан егін жинау жұмыстары сәтті болуы керек.

Былтыр жауын-шашын көп болған еді. Соның салдарынан егіннің 15-18 пайызын жинай алмай қалдық. Жиналған егіннің сапасы 5-класқа дейін төмендеп кетті. Жемнен өзге астықтың бәрі жарамсызболып қалды. Биыл, шүкір, ауа райы тосын мінез танытқан жоқ, түсім де өнімді. Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарында егін жақсы шықты, — деді басқарма басшысы.

Ал Әйтеке би ауданындаегін жинау жұмыстарыбиыл кеш басталған.  Аталған ауданда облыстағы дәнді дақылдардың 25 пайызы егіліпті.

Өзге аудандарға қарағанда Әйтеке би ауданының ауа райы өзгеше. Себебі бұл аудан облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқандықтан, егін жұмыстары кеш басталып, кеш аяқталады.

БиылоблыстаҮкіметтің тапсырмасына сәйкесжерді тыңайту жұмыстары қолға алынған болатын. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 27 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылады. Қазір оның 20 мың тоннасын жерді құнарландыруға жұмсадық. 7 тоннасы күзде егін жинап болған соң қолданылады. Бұл жерде бізге қойылып отырған басты талап — жердің өнімділігін арттыру. Сәйкесінше енді біз астық өнімдерін гектарына 6-8 центнерден емес, 15-16 центнерден алуымыз қажет. Біздің қазіргі көрсеткішіміз де өте жақсы, — деді Қ. Сәрсембай.

Өңірімізде егін орып, кептіруге арналған 15 егін кептіргіші бар. Алдағы уақытта тағы 4-5 кептіргіш сатып алынбақ. Бұл мақсатқа 7400 тонна жанар-жағармай да қарастырылған. Соның 4 мың тоннасы қыркүйек айында тасып алынған болса, қалған 3400 тонна жанар-жағармайды қазан айында игеру жоспарланған. Одан бөлек бұрыннан қалған 6200 тонна жанармай қоры да бар. Оны мал азығын дайындауға, кептіргіштерге, элеваторларға пайдаланып жатыр.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі — 25 миллион 600 мың гектар. Оның 23 миллион гектары жайылым болса, 1 миллион 200 мың гектары — егістік және бос жатқан жерлер. Қазір соның 700 мың гектар жерін ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланып отыр. Соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан бос жерлерді қайтарып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл облыс бойынша 171 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Әлде де шаруашылықтар бос жатқан жерлерді алып, егін егетін болса, мүмкіндік көп дейді.

Жалпы, егістік алқаптар шаруашылықтарға конкурс арқылы беріледі. Себебі өңірімізде жайылымдық жерлерді бөлуде мәселелер туындады. Шаруалардың көбі жайылымдық жерлерді облыс орталығына жақын аудандардан алғысы келеді. Мәселен, облыстағы 23 миллион гектар жердің 12 миллион гектары — Байғанин және Шалқар ауданында. Ал шаруалар алыс аудандарға барғысы келмейді. Жергілікті тұрғындар болмаса, бұл жерлердеөзге аудандардан барып егін егіп, шаруашылық жүргізетіндер көп емес, — деді ол.

Дәнді дақылдар егісінің 90,5 пайызы облыстың 4 ауданына тиесілі екен. Оның ішінде Әйтеке биге — 32,2%, Қарғалыға— 29,0%, Мәртөкке — 16,5% және Хромтау ауданына 12,8% тиесілі.

Қырмандағы еңбек

Ала жаздай таңмен таласа егін алқабының жұмысына ерте кірісетін диқандарқырманды астыққа толтырды. Шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды тиімді пайдаланып, науқанды аяқтауға жақындап қалыпты. Мәселен, Әйтеке би ауданы — гектарына 10,3 центнерден103,2 мың тонна,Қарғалы ауданы — гектарына 13,1 центнерден88,3 мың тонна, Мәртөк ауданы гектарына 12,2 центнерден 62,9 мың тонна өнім алған.Ал хромтаулық шаруалар болса биылғы ораққа дән риза:

—   38 жыл бойы егіншілікпен айналысып келемін. 1986 жылы оқу бітіргеннен бастап осы кәсіппен айналыстым. 1993 жылы қазіргі «Наурыз» шаруа қожалығын құрып, кәсіпті жүйелі түрде қолға алдым. Бұл салада жинаған тәжірибем де мол. Биыл Хромтау ауданы Абай ауылдық округіне қарасты жерді тиімді пайдаланып, ауылшаруашылық бағытта егін егіп келе жатқаныма 25 жыл болыпты. Бізге берілген 1650 гектар жердің бүгінде 1350 гектарындағы өнімді жинап үлгердік. Қыркүйек айының соңында жұмысымызды аяқтау жоспарда бар. Биылғы түсім жақсы. Мәселен арпадан — 22 центнер, бидайдан 18-19 центнер алып отырмыз. Өнім мол болғандықтан биыл жұмысшы күші де, техникам да жеткіліксіз болып, жүргізушісімен қосып 2 жүк көлігін, 2 жұмысшы алдым. Жалпы алқапта өзімді қосқанда 10 адам жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттен берілетін 50 пайыз субсидияға 30-40 пайыз жерге тыңайтқыш салдық. Қарапайым себетін тыңайтқыштан бөлек, биыл сұйық түрдегі тыңайтқышты пайдаланған едік, нәтижесі жақсы болды. Бір қиыны,оны Қостанай облысынан тасымалдаймыз. Оны көп мөлшерде алу үшін қомақты қаражат қажет. Облысымызда осындай тыңайтқыштарды сақтап, аудандарға тарататын жеке фирмалар жоқ. Алдағы уақытта осы мәселені қолға алса, өзге өңірлер де жерден мол несібесін алар еді… Биыл бидай, арпадан бөлек, зығыр мен бұршақ та еккен едік. Алайда біздің табиғат бұл астық тұқымдасына арналмаған екен. Жұмыстың көбі бітіп, азы қалды, — деді «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Малсақбаев.

Ал облыстағы астықты аймақтың бірі Мәртөк ауданында барлығы — 484 шаруа қожалығы бар. Оның 234-і ауылшаруашылығы бағытында жұмыс істесе, 250-і малшаруашылығымен айналысады.

—  Биыл 147 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар — 92,4 мың гектарға, күздік дақылдар 8600 гектарға егілді. 15 мың гектар жерге майлы дақыл егілсе, 29,7 мың гектар аумақты картоп, 1300 гектарды көкөніс және бақша дақылдары алып жатыр. Қазіргі уақытта шаруалар егіннің жартысынан көбін жинады,гектарына 12-16,5 центнер өнім алып жатыр. Гектарына 12-16,5 центнер өнім беруде. Жалпы, ауылшаруашылығы бағыты бойынша мал азығын дайындауға 1118 техника жұмылдырылып, 172 мың тонна мал азығы дайындалды, — деді Мәртөк аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Мулкаев.

Қарғалы ауданында да жұмыс қарқынды. 116 мың гектар жерге егін еккен диқандар бұл жұмыстың 67 пайызын орындаған. Орташа түсім гектарына 14-15 центнер өнім беруде.

Аталған астықтыаудандардың диқандарымен байланысу мүмкін болмады. Еккенді бекер қылмайық деп артық шашау шығармай, тіршілік қамымен жүрген шаруалардың қырмандағы жұмысы қауырт.

P.S. Биыл болжам бойынша 450-480 мың тонна астық түседі. Өнімді сақтау үшін өңірде лицензияланған 7 элеватор жұмыс істейді.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button