Басты жаңалықтар

«Дипломмен — ауылға»

Облыста 72 жас маман осы бағдарлама аясында баспаналы болды

Аймақта түлектерді «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге ынталандыру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Біржолғы көтерме ақы да өскен.  15 жыл бойы жас мамандардың игілігі үшін жүзеге асып келе жатқан мемлекеттік бағдарламамен биыл облыста 72адам баспаналы болады. Ауылдық елді мекендердің кадрлық әлеуетін және әлеуметтік- экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған бағдарламаға қызығушылық танытқандардың қатары көбейді дейді мамандар. Бағдарламаның басты мақсаты да сол — аймақтарды қажетті әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен мамандары және мемлекеттік қызметшілерімен қамтамасыз етіп, жұмыссыз жастардың санын азайту.

Аталған бағдарлама бастау алған 15 жыл уақыт ішінде 6 393 маманға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілген. Биыл облыста 421 жас маман жұмысқа орналасып, тұрғын үй және көтермеақы тағайындау үшін бюджеттен 1 млрд 66 млн көлемінде қаржы бөлінді. Аймақтарда мұғалімдер, дәрігерлер, спорт, ветеринар мен мәдениет саласының мамандарына сұраныс жоғары.

—  «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы— қай кезде де жастар арасында өзектілігін жоғалтпай келе жатқан жобаның бірі. Бағдарлама бойынша жас мамандарға бюджеттік несие және көтерме жәрдемақы тағайындау қарастырылған. Бюджеттік несие алуда қойылатын өзінің талаптары мен міндеттері болады. 0,01 пайызбен 15 жылға тағайындалған несиеге дайын үйді сатып алуға немесе жаңадан салуға мүмкіндік бар. 2009-2023 жылдар аралығында әлеуметтік қолдау ретінде республикалық бюджеттен 2 335 маманға тұрғын үй сатып алуүшін 7 097,7 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 6 393 маманға көтерме жәрдемақы беру үшін 1 150,2 миллион теңге қаражат жұмсалды. Биыл әлеуметтік қолдау шарасына тұрғын үй сатып алушы 115 маманға 950 миллион теңгеге бюджеттік несие тағайындалса, жергілікті бюджет есебінен 421 маманға көтерме жәрдемақы беру үшін 155,8 миллион теңгеигерілді. 1 қыркүйекте 72 маманғабюджеттен 570,8 миллион теңге және 306 маманғакөтерме жәрдемақы төлеу үшін 112,2 миллион теңге бөлінді, — деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысыҚайрат Ақатай.
«Дипломмен — ауылға» жобасы жоғары және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін тиімді. Тек жас мамандар бағдарламада көрсеткен шарттарды ескерсе, жобаға қатысу оңай болады. Ол үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджеттік несиеге жақын туыстарынан үй алмауы шарт. Атағында борыштық несиенің болмауы да маңызды. Талап бойынша ауылда 3 жыл жұмыс істеуі қажет. Ал тиімді тұсы — тағайындалатын несиенің сыйақы мөлшері өте төмен, яғни тек 0,01 пайыз.Оны 15 жылға алсаңыз айына 50 мың теңге төлейді екенсіз.

Екіншіден, ауылға барып жұмысқа орналасқаның үшін369 мың теңге біржолғы көмек тегін беріледі. Облыста осы жобаның тиімділігін көремін деп ауылға барған жас мамандардың көбі Мәртөк, Темір, Әйтеке би, Қарғалы, Байғанин аудандарында орналасқан екен.

Зарина Әмітжан — алғашқы еңбек жолын ауылдан бастаған жас маманның бірі. Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, туған жері Ақтасты елді мекеніне келген ол жуырда жергілікті әкімдікке жұмысқа тұрған. Бос жұмыс орынына қол жеткізу үшін бірнеше үміткермен бірге тиісті байқауға қатысып, сүрінбей өткен. Өзі көпбалалы, қарапайым отбасынан шыққан жас маман — ауылдағы әлеуметтік жағдайға және басқа да мемлекеттік органдармен байланысты нығайтуға жауапты қызметкерлердің бірі.
Туған еліне қызмет ету — біздің әрқайсысымыздың бойымыздағы парыз, борыш деп есептеймін. Бұл жобаға артылып отырған үміт үлкен, сенім мол болғаннан кейін мен өз білімімді, креативті ойларымды жандандыруым керек деген ой болды.Жалпы, қазір мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары, тәртіп пен жауапкершілік — басты орында. Сондықтан адал еңбек етуге тырысамын. Өз басым бәрін жүйелегенді, талдағанды, жинақылықты  ұнатамын. Халықпен жұмыс жасау, талап, арыздарына тиісті жауап беру де үлкен міндіт.  Еңбек жолымды осы мемлекеттік қызметтен бастағаныма қуанамын, — деді Зарина Әмітжан.
Сонымен қатар аталған бағдарламамен жұмысқа орналасқан жас мамандарға төленетін АЕК мөлшері де өскен. Яғни былтырбір маманға 1500 АЕК берілген болса, ол осы жылдан бастап, егер аудан орталықтарына баратын болса — 2500 айлық есептік көрсеткіш, ал ауылға баратын болса, 2 000 айлық есептік көрсеткіш есептелген.

Ал қобдалық Өтепбаевтар отбасы — бағдарлама аясында баспана алып, еңбек жолын ауылдан бастаған жас отау.

Мен Башқұрт мемлекеттік аграрлық университетінің «Қоғамдық тамақтандыру өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша оқу бітірдім. Зайыбым — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, сондай-ақ Башқұрт мемлекеттік университетінің «аударма теориясы және мәдениетаралық коммуникация» мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. Алған біліміміз бен мемлекетіміздің көрсететін қолдауына иек артып осы бағдарламаға қатысуға шешім қабылдадық. Екеуміз де Ақтөбе қаласынан боламыз. Қобда ауданына келіп, «Дипломмен — ауылға» жобасымен жұмыс істеп жатқанымызға 8 ай болды. Келіншегім Айданамен Қобда ауданының көпсалалы колледжінде еңбек етеміз. Жоба жас мамандарға, әсіресе жас отбасыларға үлкен қолдау береді. Қазір бағдарлама аясында өзіміздің баспанамызды, бірреттік тегін көтерме ақысын алдық. Баспанамыз керемет, барлық жағдай жасалған.

Жастарға айтарым, ауылға келіп жұмыс жасаңыздар. Ауылдың мәдениетін, өркениетін бірге көтерсек, ел еңсесі биік, мәртебесі асқақтай береді. Ауылда да мүмкіндіктер көп. Бастысы жұмыс жасаймын деген адамға ауыл да, қала да кедергі келтірмейді. Мемлекеттің бізге беріп отырған бар мүмкіндігін қолдана білу керек деп ойлаймын, — деді Әлихан Есенкелдіұлы.

Темір ауданының Жақсымай ауылдық округінің ветеренарлық пунктінің ветеринарлық фельдшері Жейрен Базарғалиева да жоба арқылы баспана алып, ауылда қызметін атқарып жүрген жастың бірі.

Мал дәрігері болып жұмыс істегеніме 9 жыл уақыт болыпты. Еңбек жолымды 2016 жылы Ақтөбе қалалық ветериналық стансасында бастадым. Араға 5 жыл уақыт салып, ауылға қызметімді ауыстырдым. Жоғары оқу орнын өзіммен қатар оқыған азаматқа тұрмысқа шығып, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының мол мүмкіндіктері туралы білдім. Жергілікті әкімшілік бағдарламаның тиімділігі туралы жан-жақты түсіндіріп, ауылдық жерде жұмыс жасауыма ұсыныс айтты. Ұзақ ойланып жатпастан, бірден келістім.Арнайы құрылған комиссия құжаттарымды қарап, бағдарлама аясындағы қолдау, көмектер маған да тиесілі екендігі туралы шешім шығарды. Сөйтіп, көтерме жәрдемақы алдым. Бюджеттік несие де берілді. Ол несиеге баспана сатып алдым. Осылайша 2022 жылы Жақсымай ауылдық округі ветеренарлық пунктінің ветеринарлық фельдшері болып орналастым.

«Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігі мол. Сол себепті жастарды ауылды гүлдендіріп, көркейту үшін ауылда еңбек етуге шақырамын.Осы алған баспанамызды құтты шаңыраққа айналдырып, ішін жанға, сыртын малға толтырсақ деген үлкен арманымыз бар. Жолдасым да осы салада жүргендіктен, жұмысқа бірге барып, атқарылу керек жұмыстарды да бірлесе жүріп бітіреміз. Жұмысымның басым бөлігі — малды тіркеу, сырттан келген мал болса сырғаларын салыстырып, тіркеп, егу маусымына әзірлеу. Жеке тұрғындардың да, шаруа қожалығындағы малдарды да тексеріп, маусымдық кезде дәрумендер егіп, сырғаларын тексеріп, мал ауруларының алдын алу іс-шараларын жүргіземіз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды, — деді өзі.

Айта берсек жобаны кәдесіне жаратып, шарапатын көріп жүргендер көп. Көрсетілген іс-шаралар шағын қалалар мен ауылдардан халықтың көші-қон ағынын азайтуға, халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің өсуіне ықпал етуде. Сондай-ақ аталған бағдарлама елді мекендердің кадрлық әлеуетін күшейтуге де мүмкіндік береді.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button