Әлеумет

Бұқара

Болашақ

Ел тізгіні — жастардың қолында

Елбасы 2030 жылға арналған стратегиялық даму бағдарламасында өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін көптеген мәселелердің түйінін шешетін сара жолды көрсетіп, нақтыланған тапсырмалар берген еді. Жауапкершілігі мол жұмысты атқару — сіз бен біздің қолымызда, әрине. Келер күндерде игі іс жасайтын жастарға үйретеріміз көп болуы керек.

Бұл жолы біз өзіміз дәріс беретін студенттер хақында сөз етпекпіз. Жастардың ой-өрісін дамытып, көзқарасын кеңейту үшін түрлі мәдени шараларға, кездесулерге жиі апарған дұрыс. Әсіресе, жәдігерлеріміз сақталған мұражайлар мен облысьық планетарийдің орны бөлек. Оқушылар мектепте астрономия сабағын оқығанымен, планетарийде аспан әлеміндегі ғажайып жайларды тамашалайды. Мұражай туралы басылымдардан оқығанымен, оны көзбен көрген әлдеқайда қызығырақ.

Осы ретте М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов 1-курс студенттеріне қаламыздағы мәдени кешендерге баруы үшін арнайы қаражат бөлді. Студентттер алдымен облыстық планетарийде бас қосты. Мұнда мамандар студенттердің ғалам жөніндегі ой-өрісін кеңейтіп, аспан әлеміне қызығушылығын арттыра түсті. Одан әрі студенттер облыстық тарихи-өлкетану мұражайында  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» атты көрмеге барды. Мұнда Түркістаннан әкелінген қасиетті Тайқазан көшірмесі, XVI-XVII ғасырда қолданылған мыс тиындар, XVIII-XIX ғасырдағы әшекей бұйымдар, белдіктер мен Елбасының осы шаһардың 1500 жылдық мерейтойына тарту еткен сыйы Мединеде басылған Құран Кәрім кітабы тәрізді жәдігерлер туралы дәрістер оқылды. Студенттер көп уақытқа дейін осы екі мәдени ғимараттан алған әсерлерін сөз етіп жүрді.

Жас жеткіншектерімізді білімді де білікті, саналы да парасатты азамат болып қалыптасуы үшін осындай мәдени орындарға жиі апарғанымыз дұрыс. Студенттерге тәрбиелік және танымдық мәні зор осындай шара ұйымдастырғаны үшін университет басшылығына алғысымызды айтамыз.

Жансұлу НҰРҒАЛИЕВА,

Ақмарал РАМАЗАНОВА,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік  медицина университетінің

1-курс топ кураторлары.


Наз

Ардагеріңді ардақта!

Біз — үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болатын халықтың ұрпағымыз. Үлкенін сыйлаған елдің үлесі кем болмасы анық. Бірақ бұл жолы айтар назым басқаша еді…

Мен жиырма бір жыл бойы Батыс аймақтық көліктегі ішкі істер департаментінде қызмет еттім. Қызметте жеткен жетістігім де, қосқан үлесім де мол. Бірақ зейнеткерлік демалысқа шыққан соң, біздің ұжым ардагерлерін ардақтауды ұмытты. Бұлай деуімнің де себебі бар.

Біз, қарттар, үлкейген сайын өзімізге өзгелерден жылы сөз, қайырымды іс күтеміз. Бірақ қазіргі буынның біздің көңілімізді қалдырып, ескермей қалатын кездері бар. Дәлелді алыстан емес, өзім еңбек еткен ұжымнан алайын. Аталған мекемеде ұзақ жыл еңбек еткенімізбен, қай мерекеде болмасын біз ұмыт қаламыз. Тек олар санаулы ғана ардагерді жыл сайын шақырып, басын қосады. Ұлыстың ұлы күнінде, 9 мамыр — Жеңіс күнінде, Конституция күнінде, Қарттар күнінде біздің бәріміздің басымызды қосып, әңгімемізді тыңдаса, бір марқайып қалар едік. Бірақ мұндай думанды шақ бізге бұйырмай жүр.

Редакцияға келіп, өкпе-наз айтуымның да орны бар. Әрбір мереке сайын бес-алты ардагерді ардақтап, біздердің еңбегімізді елемей, шетке ысырғаны ашу шақырады. Айтарым, ардагерлердің бәрі кейінгілерге үлгі бола алады. Алдымен оларды алаламай, басын бірге қосса екен.

Алдияр АЛДИЯРТЕГІ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

Шебер

Сәлима әженің дүниелері

Біздің ауылда тұратын Сәлима Дәулетиярова киіз үйдің ішкі жабдықтарын тігумен, кілем тоқумен айналысады. Жақында оның қолынан шыққан  бұйымдар Ақтөбедегі «Қоныс» спорт кешенінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде сатылымға шықты. Ал аудандық тарихи-өлкетану музейінде ісмер әжеміздің дүниелеріне арналған арнайы бұрыш та бар.

Тігіншілік өнер кейіпкерімізге анасынан дарыпты. Іс тігуді он бес жасында меңгерген ол кейін кілем тоқу цехында қызмет етеді. Осы қызметте жүріп көп нәрсені меңгерген Сәлима ана кейін ұстаздық қызмет етіп, 24 қызға кілем тоқу, жіп иіру, киіз басу тәрізді өнерді үйретеді. Ал өзі киіз жабдықтары — иін бау, аяқ бау, басқұрларды тігіп, талай рет қалалық, облыстық көрмелерге қатысты. Енді анамыз үлкен киіз үйдің жабдықтарын тоқып жатыр. Қолөнермен айналысу үшін алдымен шеберге ынта мен сабырлылық қажет екенін айтады ол. Егер осы қасиеттер тігінші бойынан табылса әдемі құнды дүниенің жарыққа шығары анық.

— Әрбір істің өзіндік қиындығы мен ерекшелігі болады. Сондықтан адамның іске шеберлігінен бөлек, төзімділігі керек. Мен іс тігуді үйреткен анама әлі күнге ризамын. Өзіме де, өзгелерге де қажетті дүниелерді асықпай, байыппен жасаймын. Кезінде анам тұтынған іс машинасы қазір менің үйімде сақтаулы тұр. 1902 жылдан бері мирас боп келе жатқан бұл құрал әлі күнге күшін жойған жоқ. Балаларыма да, шәкірттеріме де анамнан қалған осы мұрамен іс тігуді үйретемін, — дейді кейіпкеріміз.

Сәлима ананың балалары да іс тігумен, қолөнер еңбегімен айналысады. Қызы Қарашаш қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Анасынан үйренген еңбегін қазір ол табыс көзіне айналдырып отыр. Ал баласы Дариябай кішкентай кезінен қолөнер еңбегімен шұғылданған. Баланың бойындағы қабілетін байқаған ата-ана оның қабілетін шыңдай білді. Қазір көпшілік Дариябайдың қолынан шыққан қобыз, домбыра тәрізді ұлттық аспаптар мен үй-жиһаздарын күнделікті тұрмыста тұтынып жүр.

Сәлима ананың үйіне барғанда, болмаса аудандық тарихи-өлкетану мұражайына барғанда көздің жауын алатын әсем дүниелердің куәгері боламыз. Тек әжеміздің қолынан туған бұйымдарға қызығып қарап қана қоймай, одан көп нәрсені үйренуге тырысамыз. Ал кішілерге үйретері көп асыл ана біздің бойымызда бар талантты шыңдай біледі.

ТАҢАТАРДЫҢ Құндызы,

Қаратоғай орта мектебінің 9-сынып оқушысы.

Мәртөк ауданы.

 

Мәселе

Тоңып жүрміз!..

Бөкенбай батыр көшесіндегі жаңадан салынған көпқабатты үйлердің бірінен жақында несие арқылы пәтер сатып алдым. Жаңа баспана тұрғындардың барлығына ұнайды. Алайда қылышын сүйретіп қыс келгенде жылусыз отырғанымыз жанымызға батып жүр.

«Ай-хай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім…» деп шаңырақтың кілтін қолымызға алған күні бәріміз қуанышқа кенеліп едік. Жаз өтіп, күз келді. Үй жайлы болғанымен, күн суыта бастағанда жылу кіргізу үшін тұрғындардың барлығы жан- жаққа хабарласа бастады. Міне, қылышын сүйретіп қыс та есігімізден енді. Бірақ біз әлі жылусыз отырмыз.

Біздің көше бойынша жылу жүйесіне «Ақтөбе-Табыс» ЖШС пәтер иелерінің кооперативі басшылығы бақылау жасайды екен. Бұл мекеменің басшылығына тұрғындар атынан екі мәрте хат жолданды. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Өтініш аяқасты қалған соң өзге құзырлы органның мамандарына қоңырау шалып хабарлассақ, олар біздің сұрағымызға мардымды жауап бермейді. Ал «Трансэнерго» АҚ әр аймақтың жауапты қызметкерлері бар екенін айтады.

Жылусыз салқын үйде отыру мүмкін емес. Әсіресе, қолымыздағы қарттарымыз бен бүлдіршіндерімізге қиын болды. Бұл мәселе осы үйде тұрып жатқан барлық тұрғындарды алаңдатып отыр. Сондықтан құзырлы мекеме басшылары жаңа үйді жылумен қамтамасыз етсе екен. Біз тоңып жүрміз!…

Тұрыс ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

 

Масқара

Ағаларға не көрінген?

«Ағасы бардың — жағасы бар». Сол жағадай пана болатын ағаларымыздың іс-әрекеттері қазір адам түсініксіз. Әсіресе, қызмет барысындағы көкелеріміздің мына қылығына қарным ашады.

Мен қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде сырттай білім аламын. Қолымда дипломым болмағандықтан тұрақты жұмыс табу қиын, әрине. Алайда ата-анама көмектесу үшін, оқу ақысын төлеу үшін қаладағы ірі мейрамханалардың бірінде қызмет етіп жүрмін. Мұндай жерлерге де кез келген адамды қызметке ала бермейді. Алдымен жұмысқа қабілетіңе, еңбек өтіліңе қарайды…

Мен қызмет ететін мейрамханаға абыройы асқақ, қызметі жоғары, атақ-мансабы бар көкелер келіп бас қосады. Қызметінде қайдам, әйтеуір, демалыс алаңында сол ағаларымыздың кейбір қылықтарын көріп, басымызды шайқап, бармағымызды тістеп қаламыз. Ұят та болса айтайын, көкелеріміз жас қыздарды көргенде орынсыз күлкіге жол беріп, дарақы қылықтар жасап жатады. Арқасүйер ағаларымыздың мейрамханада осы әрекеттерін көргенде ыңғайсызданады екенсің.

Бірде жұмыс орнын ауыстыруды жөн көрдім. «Среда» жарнама газеті арқылы жұмыс іздеуге кірістім. «Жұмысқа қабілетті жас қыздарды іздейміз» деген жарнаманы оқып дереу хабарластым. Жұмыс шартын айтпас бұрын, телефон тұтқасын көтерген ер адам жалақы бағасын айтты. Бақсам, айлығы тым тәуір. «Әдемісіз бе?» деп сұрады кенет әлгі кісі. Мен ағымнан жарылып, бұрын-соңды мейрамханада қызмет еткенімді айтып самбырлап жатырмын. Кенет әлгі ағайым «Біздің бастыққа жақсаңыз болғаны» демесі бар ма? Телефон тұтқасын қоя салдым. «Бастыққа жағу» — менің қолымнан келмейтін іс. Ал қай жағынан жағыну керектігі маған беймәлім. Тек қарақан басымның қамын ойладым, кешірерсіз, әрине… Айтыңызшы, осы біздің ағаларымызға не болған өзі?

Жанар СӘУЛЕТБАЙ,

Ақтөбе қаласы.

 

Оқырман

Тағы да тіл туралы

Тіл туралы ойлар бұған дейін де айтылып жүр. Айтыла да беретін шығар. Қазақ қазақпен қазақша сөйлескенде ғана басылар бұл мәселе…

Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды. Шүкір, біз де өзге елдермен тереземіз тең ел болдық. Алайда арамызда ана тілге немқұрайлы қарайтындар бар әлі. Қай мекеме,  қай жиын, қай қалаға бармаңыз, алдымен, орыс тіліне жетік болғаныңыз абзал. Әйтпесе күнкөрісіңіз қиын болады.

Бұлай демеске лажымыз қалмады. Себебі жастарды былай қойғанда, қаланың үлкендері орысша тіл қатуға бейім тұрады. Олар басқасы емес, өз балалары мен немерелеріне орыс тілінде сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтады. Реті келсе, қазақша мектеп пен балабақшада білім алып, тәрбиеленіп жүрген балаларын орыс тілді білім ошағына ауыстыруға бейім тұрады.

Әрине, әр қазақтың өзге тілді үйреніп, сөйлегені дұрыс қой. Бірақ өз тілін жетік білмей, өзге тілде сөйлегенде өзін қай ұлтқа жатқызады екен деп ойлаймын. Алдымен адам өз тілінде еркін сөйлесе білгені дұрыс. Әйтпесе біздің қазақпыз деп кеуде көтеріп, тік жүргенімізден не пайда?  Егер өз тілімізді жетік білмесек, еркін сөйлесе алмасақ, онда біздің қазақтығымыз қайсы?!

Илан ОРАЗОВА,

Калиновка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Қобда ауданы.


Қаперіңде жүрсін

Тойда да әдептілік керек!

Қазақ үшін той — ерекше мереке. Той десе қу басы домалайтын жұртымыз осы жиынға «барын киіп, бақанын ұстап» ерекше әзірлікпен барады. Дей тұрғанмен үлкен адамдардың киім киюде жіберетін қателіктері шаш-етектен.

Жастар қай кезде де үлкеннің сөзіне, жүріс-тұрысына қарап бойын түзейді, қатесін жөндейді. Ал үлкендер ше?..

Әңгіменің басын той деп бастадық қой. Ендеше, сол тойға келіп бас қосатын қонақтардың киім киісіне кейде көңілің толмайды. Адамның дұрыс киім киюі, жөнді сөз сөйлеуі мәдениеттілікке жатады. Алайда біздің кей үлкендеріміз бұл жайды көп жағдайда ескере бермейді.

Егде тартқан аналарымыз, тіпті, әжелеріміз тойға бет-жүзін баттастыра бояп, шалбар киіп, жалаң аяқ, жалаң бас келіп тұрады. Бастарына ақ жаулық тағып, ұзын етекті көйлекті камзолымен киіп жүретін аналардың қатары сиреп барады. Жастарға ақыл-парасатымен үлгі-өнеге болуға тиіс аналарымыздың стакан түйістіріп, арақ ішкендерін көрген де тіпті ұяттан өртене жаздаймыз.

Көп жағдайда алдыңғы буын аға-апаларымыздың легі жастардың қателігін жіпке тізіп айтып жатады. Кінәлап жатады. Кейде сол үлкендердің бізге таққан мініне таң қаламын. Адам, алдымен, әсіресе, үлкендер өздерін тәрбиелесе екен. Үлкендер — жастардың айнасы. Ал біз қисық әрі сынық айнаға қалай қараймыз?

Марат АЙДАРТЕГІ,

Шалқар қаласының тұрғыны.

 

О, несі-ай!

Бөбегіңді бесікке бөле!

«Баланың бесігі — кең дүниенің есігі». Бөбек бесікте жатып анасының әлдиін ұғады. Осы сөзді келініме сан рет айтқаныммен, ол өз дегенінен танбайды.

Қалаға ауылдан жақында көшіп келдік. Кенже балам қалада қызмет ететіндіктен, қолымдағы бар дүние-мүлкімді, малымды, үй-жайымды сатып, шаңырақ иесінің қолына келіп, тұрып жатырмын. Бұл баламнан басқа төрт ұлды ұяға, үш қызды қияға қондырдым. Немере-жиендерімді де өзім тәрбиеледім. Балаларым тұрмақ, немерелерімді де бесікке салып тербетіп өсірдім.

Ал мына кіші баламның келіншегі бөбегін бесікке бөлеуіме қарсы. «Бесікке бөлесек, қызымның аяғы қисық боп өседі. Болмаса бойы тапал болады. Оның сымбатына нұқсан келтірмейік, апа» деп жалынады. Келінім бөбегін базардан сатып алған шағын кереуетке жатқызысы келеді. Ал жөргектегі бала күні-түні памперстен арылмайды. Кейде келініміз екеуміз осы мәселе үшін мәмілеге келе алмай, ренжісіп те қаламыз.

Біздің халқымыз сонау көшпелі заманнан бері бесікті қадірлеп ұстаған. Бесік үстінде ұйықтап жатқан бөбектің ұйқысын бұзбай, соның тыныштығын тілеген. Енді келіп, заман жаңарған шақта бесіктің қадір-қасиетін бағаламасақ, біздің қазақы намысымыз қайда?

Бесік — өмірге шыр етіп дүниеге келген періштенің ақ отауы ғой біз үшін. Неге мұны жас аналар түсінбейді, а?!

А.ХАСЕНОВА,

ардақты ана.

Ақтөбе қаласы.


Тағдыр

Өзімді түсінетін әйел іздеймін!

Редакциямызға алпыстан асқан бір азамат келді. Балаларының асқар таудай әкесі, зайыбының тірегі болған бұл азамат ендігі өмірінде өзін түсінетін сенімді серік, аяулы жар іздейтінін айтады.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Адамға шаттығы мен қуанышын сыйлайтын бұл өмірдің әп-сәтте етегіңді жасқа толтырып, жылата да салуы ғажап емес. Бұл үшін адамға төзім керек. Бірақ «Шыдамның да шегі бар»…

«Ақтөбеге» өзінің ойымен бөлісіп, көпшілік арасынан жанына жақын серік іздеп келген Бақыт ағаның Әйтеке би ауданында зайыбы, төрт баласы тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, енді немере сүйіп, бала қызығын көруге жеткен шақта ол отбасын тастап, қалаға қызының қолына келді. Ауылдан кетуінің себебі — бірнеше жыл бойы отасқан зайыбының ішкілікке үйірлігі. Ең қиыны, балаларын әкеге қарсы тәрбиелеп, араларына от салды. Ақсақалдың айтуынша, бауыр етінен жаралған балалары қазір өзіне жау. Қит етсе, өзін Қарттар үйіне апарып тастау керектігін айтады.

Ауылда бірнеше жыл бойы көлік жүргізушісі болған Бақыт аға қазір зейнеткерлік демалыста. Қалаға келгеннен кейін автотұрақтың бірінде қызмет етіп, жоғары оқу орнында оқып жүрген жиен-немерелерінің оқу ақысын төлейді. Қызына сәл де болса демеу болар қаражат табуға көмектеседі.

Өмірде жалғыз қалудан асқан қасірет жоқ. Әр адамға арқа сүйейтін пана керек. Сондықтан да Бақыт аға ендігі ғұмырын ибалы, ақжарқын әйелмен өткізгісі келеді.

— Өмірде қиындықты көп көрдім. Ананың аялы алақаны мен жылуын көрмеген соң, ынжық боп өстім. Үйлендім, үй болдым, «енді жеттім-ау» дегенімде әйел-баламнан азап шектім. Енді олардан маған ешқандай көмек жоқ. Сондықтан маған өзімді түсінетін әйел керек. Алған жарымды бақытты ете аламын. Тіпті, баласы бар әйел болса да, ғұмырымды бірге өткіземін — дейді өзі.

Егер Бақыт ағамен танысып, ғұмырын бірге өткізгісі келетіндер болса, редакциямызға хабарласса екен дейміз!..

А.БӘЙТІБЕЙҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

 

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button