АЭС

Дамыған елдер тәжірибесі үлгі болуға тиіс

Бүгін облыстық кәсіподақтар орталығында атом электр станциясын салу мәселесін талқылауға арналған басқосу өтті.

Аталған жиынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Игорь Спивак-Лавров, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев және салалық, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Басқосуда алдымен сөз сөйлеген Алтынбек Әмірғалиев елімізде атом электр станциясын салу бастамасы ел ертеңі үшін маңызды қадам әрі үздіксіз электр энергиясын өндірудің ең озық тәсілі екенін жеткізді.

— Өздеріңізге белгілі, 6 қазанда елімізде референдум өтеді. Онда халқымыз атом электр станциясын салу бастамасына өз дауысын береді. Яғни азаматтар таңдау жасайды. Мемлекет басшысынан бастап, еліміздегі ғалымдар мен сарапшылар осыған дейін бұл мәселе жөнінде айтып келді. Мәселен, ғалымдардың пікірінше, 2035 жылдан ары қарай елімізде электр энергиясын өндіретін көздердің ескіруіне, жаңа өндіріс орындарының артуына байланысты электр энергиясына деген тапшылық болуы мүмкін. Міне, осы мәселе алдағы саяси науқанда шешілетін болады, — деді ол.
Физика-математика ғылымдарының докторы Игорь Спивак-Лавровтың айтуынша, атом электр станциясын салудағы маңызды тетік — энергетикалық әлеуетті қамтамасыз ету. Өйткені мемлекетте қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығы сезіліп отыр. Ал қажеттілік жылдан-жылға арта түседі.
— Біз осыған дейін Семей полигонынан қорқып қалғанбыз. Сондықтан ядролық энергетиканың зиянды жақтарын ғана көріп отырмыз. Негізінде, дамыған елдерде мұндай станциялар көп. Мысалы, Франция энергия көздерінің 70 пайызын атомнан алса, Америка Құрама Штаттарында жүзге жуық атом электр станциясы бар. Демек, дамыған елдер бұл бастаманы бұрын бастап кеткен. Сондықтан осындай елдердің тәжірибесін үлгі етіп алуымыз керек. Ал бізде алдағы уақытта электр қуаты азайып, тапшылық туындауы мүмкін. Сондықтан бұл бастамаға халық даурықпауы керек. Қазір заман басқа, технологиялар күннен-күнге дамып жатыр. Тек қалдықтарды жоюда мәселе болуы мүмкін. Дегенмен көму орындары жасақталады деп ойлаймын. Жүз жылдан кейін барлық қалдық зиянсыз болып қалады. Ал мамандар тапшылығына келсек, көрші Ресейден кәсіби мамандарды әкелуге болады. Себебі көрші мемлекетте мамандар жағынан проблема жоқ. Ол жақта мамандар арнайы оқу орындарында даярланады. Мәселен, ол жақта менің де шәкірттерім бар, — дейді И.Спивак-Лавров.
Айта кету керек, еліміздегі атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жария талқылаулар әлі де жалғасады. Ал түбегейлі шешім жалпыұлттық референдум аясында шығарылатын болады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button