АЭС

Энергия көздерін пайдалану — өзекті мәселе

Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры

Қазақстанда АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумда шешіледі. Болашақ атом станциясын Алматы облысы Жамбыл ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылында салу жоспарланып отыр және ол Алматы қаласымен арақашықтығы 360 шақырым жерде орналасады.
Су ресурстарын пайдаланудың ең ірі саласы — гидроэнергетика болып табылады. Негізінде, дамыған елдердегі гидроэнергетикалық ресурстар, яғни құрылысқа жарамды өзен учаскелерінің көпшілігі игеріліп қойған.
Қазақстан экономикасы мен халқын қажетті энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту және жаңа энергия көздерін пайдалану — өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта электр қуатымен қамтамасыз етудің негізгі өндірушілеріне жылу және гидроэлектр станциялары жатады. Алайда органикалық отынның табиғи ресурстары күн сайын азайып, оларды өндірудің өзіндік құны өсіп келеді. Қандайда бір жанармай жағылған кезде оның зиянды қалдықтары атмосфераның ластануына, экологиялық ахуалдың нашарлауына және табиғатқа өзінің теріс әсерін тигізеді.
Базалық энергия көздері ретінде жылу (көмір, табиғи газ), гидро (суға қатысты ұғым) және атом сияқты электростанцияларды пайдалану қарастырылады. Бұрын жылу және гидростанцияларына балама энергия көзі болып АЭС саналатын. Бірақ қазірдің өзінде атом электр станциялары арзан және экологиялық таза энергия көзі болып табылмайды. Қазіргі уақытта энергиялық отын ретінде пайдаланылатын уран кенінің қоры шектеулі және оны өндіру қиын. Қоршаған ортаның ластануы атом энергетикасының дамуына әсер етеді. Ғалымдардың есебінше, барланған көмір қоры 600 жылға, мұнай — 90 жылға, табиғи газ — 50 жылға, уран 27-80 жылға жетеді, ал басқа отын түрлері 800 жыл ішінде жағылып бітеді екен, сондықтан өндіріс көлемінің артуы мен халық санының тұрақты өсуі әдеттегі энергия көздерінің сарқылуы жаңа энергия көздерін іздеуге мәжбүр етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп тұрған электр станциялары Кеңес Одағы кезінде салынған және оларды пайдалану мерзімі бар, көбісі ескірген, жиі апатқа ұшырап отырады, келешекте біздің елдің экономикасы мен халқын электр қуатымен толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан болашақта электр қуатына деген қажеттілік туындайды.
Электр станцияларының барлық түрлерінің ішінде органикалық отынмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары қоршаған ортаға ең күшті әсер етеді. Жылу электр орталықтары барлық күкіртті ангидридтің шамамен 46 пайызын және өнеркәсіптік кәсіпорындар атмосфераға шығаратын көмір шаңының 25 пайызын бөледі. Қазіргі заманғы қуатты жылу электр орталықтары тәулігіне 20 мың тоннаға дейін көмір тұтынып, тәулік сайын атмосфераға 680 тонна SO2 және SO3, 200 тонна азот оксидтері, 120-240 тонна күл, шаң, күйе шығарылады. Жылу электр орталығы өнеркәсіптік қалаларда пайда болатын түтіннің негізгі себебі екені айқын. Бұның өзі қаладағы атмосфераның шаңдануы мен бұлттылықты да арттырады. Мысалы, Алматы бірнеше жылдан бері ең ластанған қалалар тізіміне ілікті. Қаланың ластануы ЖЭО-2 және ЖЭО-3, автокөлік және отын жағатын жеке үйлердің, оның ішінде Алматы облысында, қалаға жақын орналасқан үйлердің атмосфераға шығарған түтініне байланысты.
Қазіргі заманда мүлдем қауіпсіз энергия көзі жоқ екенін ескеру өте маңызды. Атом электр станциясының құрылысын салудың өзі үлкен экономикалық шығындарды қажет етеді. АЭС қоршаған ортаға әсерін талдау кезінде кейінгі ықтимал тәуекелдер мен күтілетін пайданы салыстыру қажет. АЭС бірқалыпты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етіп, ұзақ уақыт үздіксіз жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, АЭС қалдықтарының 90 пайыздан астамы іс жүзінде зиянсыз, өйткені олардың ыдырау кезеңі өте аз және радиоактивтілік минималды. АЭС дұрыс пайдаланбаған кезде оның зардаптары да болуы мүмкін: қоршаған ортаны радиоактивті қалдықтармен ластауы және энергия блоктарындағы орын алатын түрлі апаттар.
Атом электр станциясындағы ең алғашқы ауыр апат 1979 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатының орталығы Харрисбург маңында орналасқан Үш миль аралында орын алды. Ең ірі ядролық апат 1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласында болды. Апат салдарынан осы елдің елеулі аумағы мен Ресейдің екі өңірі (Брянск және Калуга облыстары) радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 км жерде тұратын халық басқа жерге көшірілді. Сонымен қатар 2011 жылы Жапонияның «Фукусима-1» АЭС апатқа ұшырады. Осы апаттың әсерінен Токио мен Жапонияның басқа қалаларында жоспарлы электр қуатын өшіру енгізілді. Қазіргі кезде дүниежүзінің 32 мемлекетінде 440 белсенді ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Бұл реакторлар әлемдегі барлық электр энергиясын өндірудің 10 пайызын құрайды. Атом энергетикасы көптеген дамыған және бірқатар дамушы елдерде, әсіресе Еуропа елдерінде пайдаланылады. Ядролық энергетикалық реакторлардың саны бойынша алғашқы бестікке мына мемлекеттер кірді: АҚШ — 94, Қытай — 56, Франция — 56, Ресей — 36, Жапония — 33. Қазір әлемде 59 ядролық реактор салынып жатыр.
Болашақта АЭС Қазақстанда салдырсақ, оның қоршаған ортаға зиянды әсері мен тұрғындарға зияны қалай болады деген сұрақтар қарапайым халықты алаңдатады. Осыған байланысты ғалымдар мен практик-мамандардың арасында атом электр станциясын салу қажеттілігі қызу талқылануда. АЭС экология тұрғысынан алғанда, кейбір артықшылықтарына қарамастан, мысалы, табиғи газ бен көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялармен салыстырғанда, бейбіт атомды қоршаған ортаға айтарлықтай қаупі бар. Ғалымдар атом энергетикасын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаның ластануымен байланысты үйлесімді шешімін табуға бағытталған әртүрлі ғылыми жолдарын ұсынады. Қазіргі туындаған мәселелерге қарамастан, атом энергетикасы — қоршаған ортаны ластау мәселесін шешудің тиімді әдістерінің бірі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button