Мәдениет

Ұлағатты ана — ұрпаққа үлгі

Тәрбие

Отбасы күніне орай Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Үлгілі отбасының ұйытқысы» атты кездесу кеші өтті.

Іс-шараның арнайы қонағы 90 жастағы Тәрбия Алманқызы — 12 құрсақ көтерген аяулы ана, асыл жар. Кездесу барысында ұлағатты ананың өмір жолы таныстырылып, ұрпақтары мен «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшелері сөз сөйледі.

Мен Темір ауданында дүниеге келдім. Он екі баланың анасымын. Балаларым ержетіп, қыздарым бойжетіп, отбасылы болғаннан кейін үйде қарап отыра алмай, қолөнермен айналысуды қолға алдым. Ұршық иіріп, шұлық тоқимын, көрпе тігемін. Бүгінде «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Отбасы күні қарсаңында мерейімді асырып, кітапхананың киелі ғимаратында осындай ауқымды іс-шараның өткеніне қуаныштымын. Отбасының басты құндылығы — ауызбіршілікте. Жас отбасыларда ажырасу деген мәселе туындамауы керек. Өз ата-анаңды қалай сыйласаң, өзіңнің шаңырағыңа да дәл сондай құрметпен қарау керек. Шаңырақтың шаттығы мен беріктігі, міне, осында, — дейді Тәрбие Сағиева.

Іс-шара барысында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиал басшысының кеңесшісі Райгүл Серғалиева кітапхана оқырмандарының сұрақтарына жауап бере отырып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, қыз бала тәрбиесі, отбасы сыйластығы жайлы айтты.

Биыл «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 3 жыл толады. Біздің қатарымыз күн өткен сайын артып келеді. Бүгінде еліміз бойынша 25 мыңнан астам мүшесі бар бірлестіктің Ақтөбе облыстық филиалында 1000-нан астам адам бар. Көпшілігі — зейнет жасындағы аналар, белсенді қыз-келіншектер. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіре беруміз керек, — дейді ол.

Кездесу кешінде Ташпентай әулетінің ұрпақтары «Ана туралы жыр» әнін орындап, 90 жастағы Тәрбие әжейге сыйлықтарын табыстады.

Әкем Ташпентай Сағиұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек етті. Темір ауданы бұрынғы «Достық» совхозында мал бағып, аға шопан қызметін атқарды. Бірнеше мәрте «Құрмет» орденімен марапатталды. Әкем 69 жасында өмірден өтті. Анамыздың ұл-қызынан өрген 25 немересі, 14 шөбересі, 21 жиені, 26 жиеншары бақуатты өмір сүруде.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, құнды қасиеттерді бойға сіңіру, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Анамыз бізге жастайымыздан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, жалпы алғанда, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп өсірді. Отбасымызда «Қыз баласы түске дейін ұйықтасын» деген қағида  болған емес. Күнделікті анаммен бірге ерте тұрып, сиыр сауып, ұршық иіретінбіз. Анам жаз бойы қойдың жүнін баптап, кептіріп, қысқа сақтап қоятын. Бос кезімізде жүн түтіп , түбіт аялап, анамызға  қолғанат болып өстік. Анамыз сол түбіттен түрлі қолғап, әдемі шұлықтар, шарқат тоқитын.  «Істегенің маған жақсы, үйренгенің  өзіңе  жақсы» деп үнемі қыздарын еңбекке баулитын. Бүгінде әрқайсысымыз бір үйдің түтінін түтетіп, отбасының ұйытқысы, тірегі  болып, көрген-білгенімізді балаларымызға үйретіп келеміз.

Қазіргі таңда мен М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етемін. Бала тәрбиесін ең алдымен ата-ана қадағалауға тиіс. Ата-ана баланың қызығушылығын анықтап, мәдени орындарға бірге баруы керек. Сонда ғана баланың білімге деген құштарлығы артып, шығармашылық қабілеті дами түседі. Одан бөлек балаға салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін кітаптар оқып берсеңіз, оның рухани ізденісіне жол ашарсыз, — дейді кенже қызы Дария Сағиева.

Іс-шара соңында аяулы ана Тәрбия Сағиева көпшілікке ақ батасын беріп, жас отбасыларға шаңырақтың алтын діңгегін берік сақтауға шақырды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button