ЖаңалықтарМәдениет

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жылдық қорытынды ақпараты

Мәдениет және өнер ұйымдарының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін 1 млн 898 мыңға жуық көрерменді қамтыған 27 753 іс-шара өткізілді. Солардың ішінде ерекше атап өтетіндер: ауылдық жерлердегі талантты балалардың өнерін танытуға арналған «Әнші балапан» байқауы; мүмкіндігі шектеулі өнерлі балалардың қатысуымен өткен «Ақтөбем – шексіз менің өнерім» концерттік бағдарламасы мен «Сыбаға» ұлттық дәстүрлерфестиваліаясында Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе  қалаларының этнограф-дизайнерлерін тоғыстырған «Дәуір дефилесі» шарасы өтті.

Сондай – ақ, Ақтөбе қаласының 155 жылдығы мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 80 жылдығы аясында Базарғали Жаманбаев атындағы «Алтын Камертон» хор дирижерларының I республикалық ашық байқауы, республикалық жас орындаушылар мен халық аспаптары ансамбльдері және оркестрлерінің «Ұлы дала мұрасы» фестиваль-конкурстары өткізілді.

Сонымен қатар, би топтары мен қатысушылардың орындаушылық шеберлігін арттыру, талантты орындаушылар, оқытушылар және хореографтарды қолдау, сондай-ақ, хореографиялық өнерді дамыту және насихаттау мақсатында сегіз жылдан бері дәстүрге айналған облыстық «Аққу-2024» хореографиялық би байқауы ұйымдастырылды.

Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазанғаптанушы және халық күйшісі Жайлау Асылхановтың «Күмбірле, қоңыр домбырам» атты күй кеші өтті.

Жаңа форматтағы концерттерді ұйымдастыру аясында жаз айларында демалыс күндері кешкі уақытта филармония шығармашылық ұжымдарының «Music Fest Open Air» ашық аспан астындағы музыкалық фестивалі өткізіліп, көрермендердің сүйікті шарасына айналды.

«Филармониядағы өнер түні» жобасы аясында интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Жоба барысында Jamm session, экскурсия, фотозона, шеберлік-сағаттары, шығармашылық ұжымдардың «Үздіктердің үздігі» гала-концерті өтті.

Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына арналған республикалық «Әділ сөздің алдаспаны» атты командалық айтыс Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облысы ақындары және дәстүрлі өнер өкілдерінің қатысуымен Ақтөбеде өтті. Шараның мақсаты – өткен мен бүгінгі сүбелі жетістіктерді насихаттау, айтыскерлер мен дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылығын қолдау және ұлттық өнердің мәдени әлеуетін арттыру. Айтыс нәтижесінде Ақтөбе облысының командасы келесі айналымға жолдама алды.

Елімізде теңдесі жоқ «Ер Едіге» жыр мектебі – дәстүрлі өнерді дәріптейтін бірегей жоба. Мектепте бүгінде 60-қа жуық оқушы тәлім алуда. Алғашқы түлектерінің қатарында 10-нан астам жыр-дастанды жатқа айтып, сағаттап жырлай алатын жыршылар бар. Жас өнерпаздар сенбі және жексенбі күндері «Жыр сағаты» мен «Жырау шайда» бас қосып, жаттаған жырларын пысықтауда.

Ақтөбе облысында алғаш рет Қазақ КСР халық артисі Евгений Брусиловскийдің музыкасы мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің либреттосымен жазылған «Қыз-Жібек» операсының концерттік нұсқасы көрерменге ұсынылды.

Кітапхана – халық арасында кітап құндылығын насихаттайтын маңызды мәдени-ағартушылық мекеме. Облыста 234 кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде 180-і ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсетуде. Кітап қоры 3 559 260 дананы құрайды, оның ішінде мемлекеттік тілде 1 663 748 дана (46,7%). Биыл кітап қоры 49 млн 348 мың теңге қаржы бөлініп, 12 мыңға жуық жаңа кітаппен толықты.

Кітапхана қызметін жандандыру мақсатында облыс көлемінде 30 коворкинг орталығы ашылды. Халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатында «Оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылып, оқырмандар саны 294 854 адамды құрады.

Ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту аясында, Ресей Федерациясының «QAZAQTILI» халықаралық орталығының 25 жылдығына орай және Наурыз мерекесі қарсаңында Оренбург қаласында «И Россия, И мой Казахстан» атты концертте «Екі Езу» сатира театры өнер көрсетті.

Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі Ресейдің Сол-Илецк қаласында «Наурыз – көктем» концертін ұйымдастырып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Қазақ Камералық хор ұжымы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен «Звучит Москва» музыка фестиваліне, сондай-ақ Кореяның Сеул қаласында өткен «Азия елдерінің көктем фестиваліне» арнайы шақырту алды. Әзірбайжан мемлекетінде Ұлы ойшыл Мұхаммед Физулидің 530 жылдығына арналған «Физули апталығы» жобасына қатысып, қазақ мәдениетін әлемге танытты. Сонымен қатар, филармонияның домбырашысы Нұрдәлет Қуандықов пен дәстүрлі әнші Дастан Қабылов Түркияның Кония қаласында «Мәдениет орталығының» ашылуына орай қазақтың ұлттық домбырасын насихаттап, төл өнерімізді дәріптеді.

Театр өнері саласында Т.Ахтанов атындағы драма театры мен «Алақай» қуыршақ театрының репертуарлары көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, М.Әуезовтің «Қобыланды» дастан-драмасы, Э.Шмиттің «Отель двух миров», Ш.Құсайыновтың «Мама» драмасы, Т.Теменовтың «Махаббат бекеті» мелодрамасы, сондай-ақ «Ат тұяғын тай басар» ертегісімен толықты.

Өскемен қаласында өткен Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалінде театрдың қазақ труппасы М.Әуезовтің «Қобыланды» дастан-драмасымен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша марапатталды.

Музей саласы еліміздің, оның ішінде өңіріміздің тарихын, мәдениетін насихаттау мақсатында маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Облысымызда 21 музей (оның ішінде 3 облыстық, 12 аудандық және 6 бөлім) қызмет көрсетуде. Бұған Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Алға, Қобда, Хазірет Досжан Ишан бөлімдері, Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің Бұлақ бөлімі, Әйтеке би аудандық музейінің Толыбай мен Қарабұтақ бөлімдері кіреді.

Музей қорлары жыл сайын «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы және басқа да іс-шаралар аясында толығып отырады. 2024 жылдың 11 айында музей қорына 3210 экспонат түсті, оның ішінде 52 экспонат сатып алынып, 3158 экспонат сыйға тартылды.

Музейлер арасындағы ынтымақтастық аясында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Атырау мен Қызылорда облыстарының тарихи-өлкетану музейлерінде жылжымалы көрмелер ұйымдастырды. Сонымен қатар, Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі Жамбыл ауданындағы Ж.Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейде және облыстық өнер музейі Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі орталығында» көрмелер өткізді.

Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы музей жобаларын әзірлеу және іске асыру мақсатында 2024 жылдың 11 айында 1200 дәріс өткізілді, сондай-ақ 6432 экскурсия ұйымдастырылды.

Музей қорының экспонаттарын цифрландыру жұмыстары «SAQTAU» және «АС музей» автоматты ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылды. 2024 жылдың 11 айында 29123 экспонат цифрландырылды.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қолөнер шеберлерінің тері илеу кәсібіндегі тәжірибесін таныстыру, қазақтың дәстүрлі тері өңдеу өнерін дамыту мен насихаттау мақсатында «Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу кәсібі: тарихи тәжірибе, қазіргі күйі және даму перспективалары» тақырыбында І Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Сонымен қатар, «Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу өнері» және «Киіз үй» кітаптарының тұсаукесері өткізілді.

Өңірдегі тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау, жаңғырту, қалпына келтіру және насихаттау бойынша жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Ақтөбе облыстық өнер музейінде зергерлер арасындағы республикалық онлайн фестиваль «Білезік», Қ.Сатпаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның индустриалды пейзажы» суретшілер симпозиумы, Үкі Әжиевтің 100 жылдығына орай «БИІК БОЯУ» кескіндеме акциясы ұйымдастырылып, қорытынды көрмелермен музей қорлары толықты.

Облыс аумағында республикалық маңызы бар 9 ескерткіш және жергілікті маңызы бар 863 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның ішінде археологиялық ескерткіштер – 669, монументтік өнер – 58, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері – 93, ансамбльдер – 9, киелі объектілер – 43.

«Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттау» бойынша 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында 2024 жылы археологиялық, этнографиялық зерттеу, халықтық сәулет өнері ескерткіштерін кешенді ғылыми зерттеу және ескерткіштерді қалпына келтіру бағытында бірнеше жобалар іске асырылды.

Ғұн дәуірі ескерткіштерін зерттеу жобасы бойынша Әйтеке би және Қобда аудандарында археологиялық жұмыстар жүргізілсе, тас және палеометаллдар дәуірінің ескерткіштері Мәртөк пен Қарғалы аудандарында зерттелді. Ақтөбе облысы аумағындағы араб графикалы тарихи ескерткіштерді зерттеу үшін Әйтеке би, Мұғалжар және Алға аудандарында маусымдық далалық зерттеулер өткізілді.

Ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша ағымдағы жылы Темір ауданындағы Досжан ишан мемориалдық кешенінің мешіті, Қобда ауданындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Алға ауданындағы Жел диірмені және Байғанин ауданындағы Тасқабақ кешеніндегі Жұмағали ишан мешітіне консервация жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Мұғалжар ауданындағы Молдағазының Көк мешітін, Ырғыз ауданындағы Дүйсенбі аһун мешітін және Шалқар ауданындағы Матығұл кесенесін қалпына келтіру үшін ғылыми-жобалық сметалық құжаттама әзірленді.

«Абат-Байтақ қорымының араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбом және «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасынан тұратын 7 томдық еңбектің тұсаукесерлері ұйымдастырылды.

2024 жылғы мәдениет нысандары бойынша атқарылған жұмыстар:

Күрделі жөндеу:

13 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, олардың 6-ы толық аяқталып, қабылдау актісі негізінде пайдалануға берілді. Қалған 7 нысан бойынша жұмыстар 99%-ға орындалып, қабылдау актілері рәсімделуде.

Құрылыс:

Облыста 473 мәдениет мекемесі бар. 2024 жылы 5 мәдениет нысанына құрылыс жұмыстары жүргізілді. 3 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды.

Жобалар:

2025 жылы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 700 орындық театр құрылысы жоспарлануда. Қазіргі уақытта Мәңгілік ел ауданында құрылыс орны анықталып, жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Жертелімі 5 гектардықұрайды, ғимараткөлемі 18 000 ш.м.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button