Оңалтудың жеке бағдарламасы: тиімді пайдаланасыз ба?
Маман кеңесі
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалтудың жеке бағдарламасы тағайындалады. Бұл — оңалту шараларын жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін, сондай-ақ әлеуметтік көмектің түрлерін анықтайтын құжат. Мүгедектерге бұл құжат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігініңХалықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық органымен медициналық ұйымдардың, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оңалту іс-шараларын жүзеге асыратын басқа да ұйымдардың қызметкерлерін тарта отырып мүгедекті куәландырған күннен бастап беріледі.
Санаторий-курорттық емдеу халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган анықтайтын тәртiпте, жеке оңалту бағдарламарына сәйкес мүгедектерге ұсынылады.
Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мұндай жандарға әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Оңалтудың әлеуметтік бөлігін халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдары, арнайы білім беру (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері) мекемелері және басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргізеді. Олар мүгедектердi жеке бас гигиенасын сақтауға, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік машықтарына үйретеді. Мүгедектердi техникалық көмекшi және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етеді. Бөгде адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, соның iшiнде мүгедек балаларға үйде арнайы әлеуметтiк қызметтер ұсынады. Жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшi береді. Есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тiлi маманын жылына алпыс сағаттық сабақ үйретуге жібереді. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде арнайы әлеуметтiк қызметтер ұсынылады. Заңнамаға сәйкес осы бағдарлама арқылы оларға құқықтық көмектер де көрсетіледі.
Сәуле ҚАРАБЕКОВА,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Ақтөбе облысы бойынша департаменті №2 медициналық-әлеуметтік
сараптама бөлімінің басшысы.