Жастар

Этнос жастары — «QAZAQSHA QUIZ» жеңімпазы!

Зияткерлік ойын

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған  «QAZAQSHA QUIZ» зияткерлік ойыны өтті.

Ақтөбедегі «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты — этнос өкілдерінің арасында зияткерлік, танымдық қабілеттерін арттыру, эрудицияларын жетілдіру.

Зияткерлік ойынына «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Төрт кезеңнен тұрған ойын шарты бойынша, қатысушылар

мемлекеттік тілді меңгерген 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері болды.

«Беташар» кезеңінде әр топқа экран арқылы 7 түрлі тақырыпта 4 нұсқасы бар тест тапсырмасы берілді. Қатысушы команда 30 секундта жауап беруге тиіс. Жауапты дәл тапқан топқа бір ұпайдан қосылып отырды. «Суреттер», «Тыңда» және «Бәс тік» кезеңдерінде де ойыншылар белсенділік танытып, ұшқыр ой, шапшаңдықтарын көрсетіп жатты.

Ойын ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай іс-шаралар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейте түседі. Осындай бағытта өткізілген зияткерлік ойынында белсенділік танытып, байқауда бақ сынауға өтініш берген этнос жастарының қатары да көп болған.

«Жаңа толқын» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада бірінші орынды Қарғалы ауданының жастар ресурстық орталығы командасы еншілесе, екінші орынды «Ассамблея жастарының» құрамасы иеленген. Ал жүлделі үшінші орын «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Достық» клубының құрамасына бұйырды. Жеңімпаздарға кубоктар мен Алғыс хаттар, шоперлер және пейнтбол ойнына тегін сертификаттар табысталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button