Мәдениет

Ұлттық құндылық — рухани қазына

Этно-фестиваль

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшілігімен Ақтөбе су қоймасы жанындағы «Саяхат» демалыс орнында «Дәстүр жолы — ұлтты ұлықтайтын жол» атты этнофестиваль ұйымдастырылды.
Екінші рет өткізілген мәдени-рухани іс-шараның басты мақсаты — қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін насихаттау, шебер қолды аналардың жетістігіне қолдау көрсету, жас ұрпаққа халық ауыз әдебиетінің тұрмыс-тірлікке қатысты тәрбиелік мәнді құндылықтарын жеткізу, жас аналар мен келіндерге отбасын сақтауда парасатты бағдар беру.
Аудандық бөлімшелерден келген аналардың қатысуымен өткен фестивальде әуелі облыстық қоғамдық бірлестік төрағасы Назира Табылдинова
атқарылар жұмыс бағдарламасымен таныстырды. Әсем әнмен, күмбір күймен басталған мерекелік іс-шара ұлттық тағам түрлері мен қолөнер бұйымдарының көрмесіне, киіз үйде жайылған ақ дастарқанға ұласты.
Төраға кеңесшісі Райгүл Серғалиеваның бастамасымен қазақ халқының ұлттық ойындары, шешендік сөздер, аңыз әңгімелер, отбасылық құндылықтар бағытында өзара пікір алмасып, маңызды мәліметтер ортаға салынды. Жас аналарға үлгі ретінде көнекөз әжелердің ақыл-кеңесі тыңдалып, бесікке салу рәсімі көрсетілді. Бірнеше ананың қатысуымен бесік жыры айтылды.
Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі — ұмыт қалған ұлттық ойындарды ортаға салу, мақал-мәтелден, жұмбақ жасырудан, жаңылтпаш айтудан жарысу болды. Аналар белсене қатысу арқылы білімдерімен танылып, шеберліктерін шыңдады.
Ұлттық тағам дайындауда үлпершек пісіріп әкелген ырғыздықтар мақтауға ие болды. Фестиваль соңында Назира Сәрсенбайқызы атқарылған жұмысқа баға беріп, белсенді аналарға ризашылығын білдірді. Соның ішінде Алға ауданы аналары талапқа сай, ұйымшылдығымен көзге түсіп, аудандағы жетекші Күмісай Жұмабайқызына алғыс айтылды. Фестивальдан алған әсеріміз мол болып, қоғамдық бірлестіктің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, тарастық.

Сағадат МУСАҒАЛИЕВА,
ардагер-ұстаз.
Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button