Досжан ишан кешені: зерттеулер жалғасады
Біздің облыста соңғы жылдары тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде Темір ауданындағы Досжан ишан кешенінде бұл іс 2019 жылдан, яғни 5 жыл уақыттан бері үзілмей жалғасып келеді.
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2023 жылғы қыркүйектің 7-сінде Досжан ишан мемориалды кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, өз мешітінің жанына жерленген Досжан хазірет Қашақұлының жаңа кесенесі, қазба жұмыстар нәтижесінде аршып алынған мешіт қабырғалары, медресенің бір бөлігі, т.б. нысандар жұрт назарына ұсынылған болатын. Алайда «Көш жүре бара түзеледі» дегендей, алғашында Досжан хазіреттің ұрпақтары бастап, «Алаш парызы» қоры сынды қоғамдық ұйымдар, әсіресе облыс басшылығы зор қолдау көрсеткен зерттеулердің нәтижесі мамандарды бірте-бірте жаңа ізденістерге ұмтылдырып, бұл кешендегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек деген тоқтамға әкелді. Биыл мұнда археологтер ғажап олжаға кенелді: қазба жұмыстары кезінде мешіт ішіндегіөз заманының шебері (шеберлері?) әдемі, қанық бояуларды қолдана отырып, асқан ыждағатпен, өз ісіне деген махаббатпен қабырғаларға өрнектеп салған сан түсті нақыштар мен Құран, хадис мәтіндерінаршып алудың сәті түсіпті. Мысалы, мешіттің бір бөлмесінің қабырғалары тұскиіз тәріздендіріп тұтастай ою-өрнекпен безендірілген. Тұскиізді еске алған себебіміз, мұнда кәдімгі халықтық қолөнерде, соның ішіндеіргеге ілінетін бұйымдарда кездесетіною-өрнектер салыныпты. Кеңес өкіметі мүлде жоққа шығаруды көздеген мәдениеттің көрнекті ескерткіші ретінде бір ғасыр уақыт тауқымет көрген, ат қора, дүкен секілді қисынсыз мақсаттарда пайдаланылып, ақыры айдалада қараусыз, Күн, қар, жаңбыр, желөтінде қалып, күмбездері құлап, есік-терезелері аңғал-саңғал боп, үйіндіге айналған ғимараттың ескі сән-салтанатынан бір белгі осылайша бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Әрине, бұл көріністер бірден-ақ Әбубәкір Кердерінің «Табын Досжан хазіретті жоқтап айтқаны» атты толғауын есімізге түсірді. Бұл — зерттеушілер ауызына жиі алынатын шығарма. Филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов ақынның «Қазағым» жинағына жазған алғысөзінде: «Ақынның табын Досжан хазіретке арнауы — бағзы жоқтаулар сарынында. Кезінде көзі көрген жайларды тебірене еске алу ретіндегі өлең-эссе сипатын да танытады», — дейді.
Бұл шығарманы әдебиетшілер ғана емес, тарихшылар менөлкетанушылар да назарда ұстап,Досжан ишанның өмірбаянына, Шилі бойындағы қызметі мен мешітіне қатысты деректергесілтеме жасайды. Оның ішінде белгілі қайраткердің өмірі, қызметі жайында жырда айтылатын мәліметтер естеліктер, архив құжаттары және басқа да дереккөздер арқылы расталса, ал мешіттің әсемкөріністеріне қатысты нақты заттық айғақтар, міне, осы қазба жұмыстары арқылы алдымыздантағы бір шығып отыр.
Тағы бір дейтініміз, бұл өрнектер мен бояуларды Батыс Қазақстан аймағының, соның ішінде біздің облыстың ескерткіштерін зерттеуді ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңында бастаған тарихшы ғалым, профессор Серік Әжіғали бұған дейін суретке түсіріп, өз еңбектерінде, сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақтөбе облысының көрнекті халықтық сәулет ескерткіштері» атты көрмесінде көпшілік назарына ұсынған еді. Бірақ ол суреттер түсірілгелі 40 жылдан астам уақыт өтті, айдалада күтімсіз қалған көне мешіт ғимараты тозып, бұрынғы бояулары оңып, әбден солғын тартып, кей жерлерде тек ізі ғана білініп тұрғанын біз бұдан бұрын да бірнеше рет жазған едік.
Ал Әбубәкір Кердерінің толғауында:
«…Тәуекел еткен құлға Тәңірі көмек,
Дін күткен асыл пенде халыққа керек.
Секілді мешіт Ақши жай салдырды,
Бойына Шилісудың қонып бөлек.
Салынды дүния қажет тәмам бәрі,
Көбейді ғаскер болып жарандары.
Мешітке қызмет қылып жәрдем берді
Бес шүрен Майлыбайдың адамдары.
Мешітті таңғажайып салды оңдап,
Ұстаны Бірман атты алды таңдап.
Ойы мен зейіні артық шеберлерді
Қасына жүз шамалы қосты жалдап.
Бір жылда салып болды керегесін,
Қондырып кісі бойы терезесін…
Төбесі бөлме-бөлме, іші бұрау,
Бағанаасты-үстінежоқ-ты тіреу…
Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,
Төбесін күмбез қылып, бұрып қосқан.
Жүз шамның бір өзінде жарығы бар,
Бес жерден бес жүз сомдық кандел асқан.
Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,
Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.
Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,
Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен…
Құжыра шәкірт жатқан жүз елу бар,
Үшбулары және басқа қонақжайдан…
Мұнара және салған жарастырып,
Төбесін биік таумен таластырып», — деп келетін және басқа да жолдармен Досжан хазірет кешенінің, оның ішінде мешіттің салынуы; ішкі көріністері; мұнара мен қонақжайдың, медреседе білім алған шәкірттерге арналған құжыралардың болғаны жайлы деректер берілген.
Зерттеушілердің айтуынша, «кешен» деп ат қойылып, сол анықтама арқылы ғылыми айналымға енген бұл қоныста о баста рухани орталық ретіндежан-жаққа әйгілі, үлкен ауыл болған. Айналасы — қорым, тіпті бау-бақша да егілген. Жоғарыда айтылған Әбубәкір Кердерінің жырына қайта үңілсек, Досжан ишан Хорезм, Хиуа жағынан тұқым алдырып, түрлі жеміс, арша, жиде ағаштарын, дәнді және бақша дақылдарын, шай ғып ішетін шөп түрлерін еккен. Бұл ісіне патша өкіметі де қолдау көрсетіп, уезд басшысы мен губернатордың атынан «жетпеген атын біліп жақсы ағаштардың» тұқымын жіберген. Осы жерден білім алған шәкірттер Қазақстанның бүкіл батыс бөлігіне тарап, Досжан ишанның ісін одан әрі таратуға күш салған.
Айта кетейік, бұл жерге төңкеріске дейін де орыс зерттеушілері келген. Солардың бірі — Петербург ботаникалық бағының қызметкері Владимир Дубянский. Геоботаник Дубянский 1904 жылы кешеннің жалпы көрінісін суретке түсірген.Серік Әжіғалидың шәкірті, атыраулық Мұхамбетқали Кипиев Санкт-Петербургтегі архивтен тауып әкелген бұл сурет қазір баспасөзде жарияланып жүр.
Осылайша қайнаған өмір ордасына айналған үлкен қоныстың жалпы аумағы қанша, қандай болғаны қазір нақтыайтылмайды. Бізде бары — қайта көтерілген кесене; мүлгіген қорым; осы айналаға қайта егілген жеміс ағаштары; Досжан ишан заманынан бар, қазір де жұрт суын алуға ағылып келетін бұлақ; медресенің аршып алынған бөлігі; қазба жұмыстарынан кейінгі мешіт бөлмелері және оның қабырғасындағы сылақта қалған нақыштар мен кей тұста әдемі тізілген әріптері анық көрінетін мәтіндер.
Кешенде археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын жоғарыда айттық. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратовтың айтуынша, қазіргі шешімін күткен басты міндеттердің бірі — қанық бояулы ою-өрнектер мен көркем жазуларды сақтап қалу:
— Бұл — өте қымбат, болашақ ұрпаққа біздің көне тарихымыздың, мәдениетіміздің ескерткіші ретінде ұсынылатын аса құнды жәдігерлер. Сондықтан оларды сақтау мәселесін дереу арада қолға алмаса болмайды, — дейді ол.
Осы мақсатта белгілі суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-қайта қалпына келтіру орталығының басшысы, Алтын адам, Үржар ханшайымы, сармат көсемі, т.б. ескерткіштердің ғылыми қалпына келтірілген нұсқаларының авторы Қырым Алтынбеков, «Қазреставрация» РММ зертханасының бас технологы, кірпіштер құрамы жөніндегі маман Владимир Чарлин, «Қырым аралы» орталығының химик-технологі Любовь Чарлина, «Архрест» ЖШС-ның бас архитекторы Сәдуақас Ағытаевтар шақырылып, Темір ауданындағы көне мешітке арнайы барып қайтты. Осы сапарынан кейін олар облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығында жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, мешіттен табылған құнды жәдігерлердің қазір апаттық жағдайда екенін айтты.
Бұдан 150 жылдан астам уақыт бұрын салынған, оның ішінде бір ғасырға жуық қараусыз қалған мешіттегі нақыштар бүгінге дейін қалай сақталды? Қырым Алтынбековтің түсіндіруінше, жоғары қабаты құлап, мешіттің негізгі бөлігі үйінді астында қалған және сол үйінді қабырғалардағы суреттер мен бояулардың сақталып тұруына қолайлы орта тудырған.
— Ал енді үйіндіні ашқаннан кейін,бұрын дымқыл ортада тұрған бояулар кеуіп, қурап кетеді. Қазірдің өзінде қабыршықтанып жатқан жерлері бар. Бұл бояулар неден жасалған? Ол материалдарды сақтаудың қандай әдісі бар? Біз үлгілер алып, өз зертханамызда осыны анықтаймыз. Бұл жәдігерлерді сақтап қалуға қажетті жұмыстар суық түскенге дейін қолға алынуы керек, — дейді Қырым Алтынбеков.
Бұл істің маманы Любовь Чарлинаның пікірі бойынша да, қабырғадағы өрнектердің қазіргі қалпында сақталып қалуы мүмкін емес:
— Бұл — сылақтың бетіндегі жұқа қабатында тұрған нәзік дүние. Оны ыждағатпен «шешіп» алып, тиісті әдіс-амалдарын жасап, музей жағдайында сақтауға ғана мүмкіндік бар. Ал қабырғаларға, әрине, олардың көшірмесін салып қоюға болады. Қазір қабырғада тұрған тұпнұсқа да, сондай-ақ құлап, шашылып жатқан тастардағы суреттер де тез арада қорғауға алынуы керек. Өйткені алда қыс келеді. Қыстың суығы мен одан кейінгі көктемнің жауын-шашыны, ауа температурасындағы өзгерістер археологиялық нысандардан аршып алынған көне жәдігерлер үшін басты жау десек те болады, — деп түсіндірді ол.
Археологиялық жұмыстардың жетекшісі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалының директоры Аслан Мамедов те бұл жәдігерлердің құндылығын атап өтті:
— Мұндағы ою-өрнектер, негізінен, өсімдік тектес болып келеді. Гүлдер өте көп. Қара, сары, қызыл, көк, жасыл бояулар пайдаланылған. Кей тұста олар өте қанық қалпында сақталып қалған. Сондай-ақ араб қаріпті жазуларды да ортамыздағы мамандар оқып көрді. Яғни олардың да оқуға жарамды бөліктері бар. Мешіттің бес бөлігі аршылды және бәрі де безендірілген болып шықты. Негізінен, медресе жағындағы өрнектердің бояуы жақсы сақталған, — деді ол.
Мамандардың айтуынша, мешіттің өзі бір мезетте салына қалған ғимарат болмай шықты. Қазба жұмыстарының барысында олар мешітбөліктерініңәр кезде жалғап салынғанын анықтаған. Ең үлкені — ұзындығы да, ені де 6 метр болатын кең бөлме.
— Бұл — тағдырлы мешіт. Досжан хазірет Доңызтаудан осында көшіп келіп, жаңа мешіт салғаннан кейін, оның айналасына халық жиналып, бұл жер үлкен рухани орталыққа айналған. Және Батыс Қазақстандағы ең үлкен орталықтардың бірі болды. Халық көбейген сайын, мешіт пен медресені кеңейту міндеті де алға қойылып, сөйтіп, әр жылдары жаңа құрылыс жүргізілген. Мен бастапқыда мешіт қабырғасының өте-мөте қалыңдығына қарап,қайта қалпына келтіру барысында күмбездерін де көтеруге болады деген шешімге келген едім. Кейінгі археологиялық жұмыстар кезінде мешіттің әр бөлігі әр уақытта салынғанына көз жеткізіп, бұл пікірден айнуға тура келді. Өйткені бір уақытта салынған құрылыс болмағандықтан, іргетасы тұтас емес. Ал алдымен іргетасты мықты етіп бекітіп алмай, үстіне ауыр қабырғалар, күмбез көтеру қауіпті болмақ. Сондықтан мешітті қайта қалпына келтіру мәселесіне байланысты туындап отырған сұрақ көп, мамандармен тағы да ақылдасып, ғылыми кеңес өткізу қажет, — деді «Архрест» ЖШС-ның бас архитекторы Сәдуақас Ағытаев.
«Қазреставрация» РММ зертханасының бас технологы Владимир Чарлиннің сөзіне құлақ түрсек, мешіт қабырғалары, расында, өте ауыр болмақ. Қабырғаның қалыңдығынан бөлек, бұл жерде кірпіштің салмағы, өлшемі де есепке алынады. Көне мешіттің құрылысына 4 түрлі өлшемдегі кірпіштер пайдаланылған. Оның ішінде ені мен ұзындығы 20 және 40 см болып келетін бір кірпіштің салмағы, маманның айтуынша, 12 келіге дейін жетеді.
Қазіргі күні Владимир Чарлиннің жетекшілігімен кірпіштердің құрамы, өлшемдері толық анықталып, кірпіштерді құюға қажетті материалдар мен орны да нақтыланыпты.
Мешіттен бөлек, медресенің бір бөлігі де қалпына келтіріледі.
— Қазір медресе ғимараттарының үштен бір бөлігі қазылды. Біз оның бір бөлігін қалпына келтірсек, екінші бөлігін консервациялау жайын ойлап отырмыз, — деді Сәдуақас Ағытаев.
Біздің түсінуіміз бойынша, мамандардың медресенің бір бөлігін қазып алған қалпында сақтау керек деп санауына бір себеп — нақты айғақ ретінде тұрса дейтін секілді. Өйткені кеңес заманында, яғни ондаған жылдар бойы халықтың мәдениеті, оның ішінде отырықшылыққа деген талпыныстар, қазақтардың өзі ашқан оқу орындарының болғаны, жазу-сызуды білгені жоққа шығарылып, көне ескерткіштері өнер, сәулет туындысы ретінде дәріптелмек түгіл, елеусіз қалғандықтан, енді мұндай үлкен мұраға күдікпен қараушылардың аз болмасы анық.
Досжан ишан кешеніндегі көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан ескерткіштерді зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқсыз қалмай, ХІХ ғасырдағы қазақ ауылының келбетін, сол арқылы халқымыздың қастерлі тарихының бір парағын тірілтуге септігін тигізеді деп үміттенеміз. Бұл қоныстағы мұнараның, бәлкім, тіпті Досжан хазіреттің өзі тұрған үйдің, медресе шәкірттерінің құжыраларынан бөлек, оларға ұстаздық еткен тұлғалардың үй-жайларының орны табылып жатса, тіпті құба-құп.
Сөз соңындаосы ескерткішпен қатар,тарихшы Серік Әжіғалидың есептеуі бойынша 1812-1896 жылдары өмір сүрген, соның ішінде 1868-1869 жылдардағы күрделі саяси жағдайларға байланыстыТемір өміріне көшіп келіп, осы жерде діни-ағартушылық, ал ең алдымен ұлт бірлігін бекемдеу жолындағы жұмыстарын жалғастырған қайраткер тұлға Досжан Қашақұлының өмірі мен қызметін тереңдете зерттеу ісінде қолға алатын кез жетті дегіміз келеді.
Бүгінде тарихқа деген көзқарас өзгеріп, өткеннің көп ұстанымыныңбұрмалау, яғни қиянат екені белгілі болды. Тарихшылар Қазақ хандығының шежіресін бұрынғыдай 1731 жылы Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылуымен» тәмамдамайды. Кей деректер бойынша Қазақ хандығының тарихы Абылай хан өмірден өткенге (1781 жыл) дейін; ал тағы бір тарихшылардың пікірінше, соңғы хан Кенесарының қазасына (1847 жыл) дейін жалғасады. Бұл мерзімдердің екеуі де Досжан ишанның өмір сүрген кезеңінен алыс емес. Мұндағы айтпағымыз, мемлекет өмір сүруін тоқтатқанмен, мәдениет сабақтастығы, санаға сіңірілген құндылықтар, орныққан жүйенің ізі бірден жойылмайды.
Зерттеушілердің пікірінше, қазақ жерінде ишандар мектебі Тәуке хан заманында (1680-1715 жылдары билік құрған) қалыптаса бастап, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарына дейін ел ішіне ықпалын жүргізді. Демек, бұл халқымыздың 2-2,5 ғасырлық тарихын, соның ішінде өте бір маңызды кезеңінқамтиды. Әсіресе Досжан ишан заманында діни қайраткерлер ұлтты ұйыстыруға зор еңбек сіңірді. Бұл кезде хандық билік жойылды. «Ақ найзаның күшімен» елді қорғап қалуды ойлап, ат үстінен түспеген батырлардың да күні өтті. Ендікүн тәртібіне өткір қойылған мәселенің бірі — дін бірлігі арқылы халықтың бірлігін сақтап қалу болды.
Сондықтан Досжан Қашақұлы сынды ірі қайраткердің өмірі мен қызметін ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеу тек жеке бір тұлғаның ғана емес, ұлт тарихының ескерусіз қалған беттерін толықтырып, тереңдете түсуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Индира ӨТЕМІС.