АЭС

Тұрақты энергия көзі

Мұхтарита САҒЫНДЫҚОВА,
«Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы,
облыстық қоғамдық кеңес мүшесі.

Бізді қоршаған әлем тез өзгеруде, жаңа құндылықтар қалыптасуда, өмір мен адамгершілік туралы жаңа идеялар пайда болып жатыр. Бұл атом электр стансаларында электр энергиясын өндіруге де қатысты. Сондықтан бізге тұрақты һәм сенімді энергия көзі ретінде АЭС өте қолайлы екені даусыз.
Мамандардың айтуынша, аталған жоба бір жүйеге түссе, ішкі нарықтағы қажеттіліктің 60 пайызын АЭС өндіреді. Атом электр стансаларына қажет шикізат — уран қазірдің өзінде бар. Қазақстандағы жылу электр орталықтары ескірді, ең көнесі 40 жылдан асып кетті. Бізге АЭС базалық энергия көзі ретінде қызмет етеді. Станса үшін шикізатты өзіміз өндіреміз. Бұл да тиімді. Сондықтан «АЭС керек пе?» деп талқылайтын кезеңнен біз әлдеқашан өтіп кеттік. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен өзгелердің түтінін жұтып, көште қалып қоймау үшін энергетикалық тапшылық қос бүйірден қысқан кезде тығырықтан алып шығатын мүмкіндіктерді қазірден ойлау маңызды. Өйткені еліміз мұнайға, көмірге, темірге және басқа қазба байлықтарға зәру болғанымен, электр энергиясын өндіретін су энергиясына зәру. Бұл — біздің энергетикалық қауіпсіздіктегі әлсіз тұсымыз.
Үкіметтің ұстанымы АЭС-ке басымдық берсе, сарапшылар оны базалық энергия көзі ретінде қарастырып, ЖЭК, көмір мен газдың да мүмкіндігін естен шығармау қажеттігін айтып отыр. Уақыт алға жылжып, технология дамыған сайын Еуропа елдері бас тартуға асығып отырған көмір мен газдың жаңа қырлары ашылар. Қазақтың сайын даласына қуат көздерін беретін жобаның бәрі керек. Соның ішінде АЭС те өте құнды стратегиялық нысан болмақ. Нақты сандармен айтатын болсам, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады десек, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады.
АЭС құрылысының саяси тұрғыдан да ықпалы зор деп білу керек. Жасыратын ештеңе жоқ, АЭС салу еліміздің әлемдегі беделін арттыратыны сөзсіз. Атом электр стансалары бар мемлекеттер, соның ішінде әсіресе уран өндіру және ядролық отын өндірісі бар елдер тек көмір немесе газ энергиясына негізделген елдерге қарағанда әлдеқайда дамыған деп есептеледі.
Атом энергетикасын өндіру атмосфераны ластамайды және біздің планетамыздағы климаттың тез нашарлауына, топырақтың ластануына және мұхиттардың қышқылдығының жоғарылауына әкелетін парниктік газдар шығармайды. АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді. АЭС салу кезінде бірталай жұмыс орны құрылады. Атом энергетикасының дамуы, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің өсуіне және жоғары технологиялық өнімдер экспортының көлеміне ықпал етеді.
Әрине, құрылған өндірісті тиімді басқару — басқа әңгіме. «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, бөлінген қаржы жететін жеріне жетіп, салынатын өндіріс неғұрлым қауіпсіз, жақын жерде тұратын халыққа зиянын тигізбейтін болуға тиіс. Міне, сол кезде АЭС өз игілігін беретін болады, ел қазынасын көбейтуге септігін тигізеді, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосады.
Ең бастысы, қазақстандық АЭС онсыз да дүрбелеңге толы әлемнің теріс көзқарасын қалыптастырмайтын, бейбіт өмірде ғана бейбіт халықтың тәуелсіздігі мен бостандығын қамтамасыз ететін «бейбіт «атом» принципін қатаң ұстануы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button