Тағзым

Бекзат тұлға, тура би

Ортамызда жүргенде тазалықтың, әділдіктің, тектіліктің, турашылдықтың символына айналып, өзінің саналы ғұмырын еліміздің сот жүйесі саласын құруға, оны өркендетуге арнаған егеменді еліміздің заңғар заңгері, әріптестері арасында үлкен беделге ие болған нар тұлға азамат Иран Әмірұлы көзі тірі болғанда осы күндері сексен жасқа толатын еді. Өкінішке қарай, жетпіс бір жасқа қараған жасында мәңгілік сапарына аттанып кетті.

Ол 1944 жылы 15 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Қаракеткен стансасында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң, 1970-2004 жылдары Ақтөбе облысында аудандық судья, Ақтөбе қалалық, облыстық сот төрағасы қызметтерін атқарды.

2004-2008 жылдары Парламент Сенаты 3-ші шақырылымының депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі болды. Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі, Сот атқарушылары одағының төрағалығы тізгінін ұстады.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген заңгері, Құрметті судьясы, «Құрмет» орденінің иегері еді. Ақтөбе облысының,Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» болатын.

Оның мезгілсіз өмірден өтуін жалпы жұртшылық қайғырып қабылдады. Соңғы сапарға шығарып салуға Сыр бойынан, Астана, Алматы өңірлерінен, сондай-ақ Парламент депутаттары, жалпы қарапайым халық көп жиналды.

Бүгінде естелікке айналған өткен күндердің көп суреті көз алдымда. Ол бозбала шағында Қаракеткен стансасынан Қызылорда қаласында кәсіптік-техникалық училищеге оқуға келгенде қазіргі Сүлеймен ишан көшесінде тұрды. Иран ағамыздың шашы бұйра, әдемі, үсті мұнтаздай таза, өте сәнді киінетін.Есімде қалғаны — жас кездері тентектеу еді. Ол өзінің құқығын біреудің бұзуына, ар-намысын таптауға жол бермейтін, бір сөзбен айтқанда, ешкімді басына шығармайтын, өзінің сауаттылығы, табандылығы, сөзге шешендігі арқасында кез келген адамды өз орнына қоя білетін. Әділетсіздікке, өтірікке жаны қас болды.

Бірде республикалық «Егемен Қазақстан» газеті тілшісіне берген сұхбатында ол өзінің судья болуына Қызылорда облысының Қармақшы аудандық сотының бұрынғы төрағасы, менің әкем Асан Қоразбаевтың себеп болғандығын айтқан.

Ол елге келген сайын туған жеріндегі жасалып жатырған жақсы жаңалықтар мен игі істерге, ел азаматтарының жетістіктеріне қуанатын.

Келген сайын Марал ишан, Бұқарбай батыр, Беркімбай кәлпе, әке-шешесі басына барып, Құран оқытатын. Ол өзінің «соғыс балалары» атанған тұстастарына қарағанда жаңа заманның көзі ашық оқыған азаматы, екінші жағынан, көнені көрген, ақсақалдардың айтып кеткен ақылдарын айтып отыратын, ескінің де, жаңа заманның да адамы еді.«Ел ағасыз, тон жағасыз болмас» демекші, ол шын мәніндегі елдің ағасы еді. Оның елге келуі тек ағайындардың ғана бас қосуы емес, оның көптеген достарының, әріптестерінің, жалпы заңгерлер қауымының алқалы жиынынаайналатын. Жерлестерінің ол кісіге сәлем беруі, көмек, ақыл-кеңес сұрауы қазақ даласындағы бұрынғы елге қадірлі ақсақалдар, әділ шешім қабылдайтын билерді күтіп алу, сәлем беру, шағымдарын жеткізу көріністерін, рәсімдерін еске түсіретін.

Шынында, да ол ерекше жаратылған кісі еді.Түрі бір қарағанда суық, қатаң болып көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, бауырмал, бір нәрсе ұнамаса түрі түтігіп, ашуланып кететін, көп сөйлемейтін, ұнамаған жайға байланысты аталы сөздер айтып, нүктесін қоятын.

Кейде әзіл әңгіме айтып, бір күлдіріп алатын. Оның тойларда сөз алып, тілегін білдіруі— өзгеше бір дүние. Көп алдына шыққанда ұшатын қыран бүркіт сияқты қомданып алып, өзінің әдемі қоңыр даусымен, жақсы ырғағымен, аталы сөздерімен бүкіл залды үйіріп алып кететін.Ол сөйлегенде зал сілтідей тыныштанып қалатын.Қазаға көңіл айтқанда адам жүрегін елжірететін мақал-мәтелдерді қолдануы өз алдына бөлек.Қызыл сөздің асқан шебері ақын-жазушылар секілді еді, оның аузынан жай қарапайым сөз шықпайтын, сұрыпталған, әбден сараланған аталы тіркестер шығатын.Туысы, түрі, жүріс-тұрысы, сөзі, мінезі бөлек еді. Тектілігімен, әділдігімен, сауаттылығымен, турашылдығымен, еңбек сүйгіштігімен, шыншылдығымен, тазалығымен, ешкімнің алдында тайсалмайтындығымен ерекшеленетін. Өтірікке жаны қас. Өте мәдениетті, ішкі дүниесі өте бай еді. Қарамағындағы қызметкерлерге қатаң, бірақ әділ еді.Оның мінезі бірде қатаң, бірде жұмсақ, нағыз әкелік, ағалық сөздер айтатын, бірде адамға қатты, суық түрімен қарап, еріксіз өзіңді кінәлі сезіндіріп, қорқынышты күйге түсіріп, бірде бет-әлпетінде жадыраған, жымиған күлкісімен адамның бойын ертіп жіберетін.

Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез қасиеттерімен ерекшеленеді деп айтылып жүр. Иран ағаның бойында тұлғаны «Жақсы адам» деген атаққа апаратын, жетелейтін, кез келген кісінің бойында кездесе бермейтін, тек  жақсының бойына тән тәртіптілік, жауапкершілік, салқынқандылық, көркем мінез, жомарттық сияқты жақсы қасиеттердің бәрі бар-тын. «Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады, жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады» демекші, онымен сөйлесіп, пікірлесудің өзі бір ғаламат болатын, қандай тақырып болсын көңіл көкжиегі ақпарат-мағлұматтарға бай еді.Сот саласының ардагерлері мен басшыларының айтуы бойынша, жаңарған егеменді еліміздің  сот жүйесін онсыз көзге елестету мүмкін емес және оның дамуына орасан зор үлес қосты, өсіп-өркендеуіне үлкен серпін әкелді.

«Әрбір судья қолындағы кодексін Құранындай сыйласын, тірідегі абыройын, өлгендегі иманын ойласын». Көпшілік арасына тарап кеткен осы бір қанатты сөз Иран ағамызға тиесілі.Жоғарғы заң шығарушы орган — Парламенттің Сенатында ел қамын ойлайтын, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін таба білетін, білімді де білікті азамат оған дейін сот саласында ұзақ жылдар абыройлы, жемісті қызмет атқарды.Елінің нағыз кәсіби судьясы, нағыз тәуелсіз  депутаты еді.

Қазақтың «Сырбаз», «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп айтылатын сөздері сол кісіге арналғандай болар. «Жақсы адам — елдің ырысы, жақсы сөз — жанның тынысы». Осындай азаматтың тағдыр тәлкегінен сүрінбей өтіп, небір қиын белестерді бағындырып, туып-өскен мекеніне іргелес Ақтөбе еліне барып, судья-стажердан аудандық, қалалық, облыстық сот төрағасы, Сенат депутаты, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Кеңесінің мүшесі дәрежесіне дейін көтерілгенін республикаға танымал заңгер атанғанын мақтан тұтамыз.

Оның балалық, жігіттік шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңге тура келді.Жұрт киімге, тамаққа зәру болып жүргенде келешек оқыған сауатты, көзі ашық, білікті мамандардың қолында болатынын болжап біліп, ерінбей көп оқыды, оқып жүріп қосымша қара жұмыс істеп, тіршілігін тиянақтады.

Оның өмірі, жүріп өткен жолдары туралы «Бекзат тұлға, тура би» атты естеліктер жинағында жарияланған бірнеше естеліктен  үзінді келтірсек.

Өзбекстан Республикасының, Ресей Федерациясының бұрынғы Бас прокуроры, генерал Олег Гайданов: «…Иранмен жетпісінші жылдардан бері дос едік, ол облыстық соттың комсомол ұйымының хатшысы еді. Онымен мекемелердегі комсомол жастардың құқықтық сауатын ашу үшін бірлесіп шаралар атқардық, кейін мен Ақтөбе қаласының прокуроры болып тағайындалғанымда, ол Ақтөбе қалалық сотының төрағасы лауазымын атқарды. Бізотбасымызбен тығыз араластық.

Иранның бойында басқа әртүрлі деңгейдегі бастықтарда бола бермейтін шыдамдылық, адамды тыңдай білетін қасиеті болды. Егерде қандайда бір мәселе бойынша шешілу жолына сенімді болса, оның ұстанымын өзгерттіру мүмкін емес еді. Ресейге көшкеннен кейін 2005 жылдың көктемінде мен Бас прокурор ретінде Еуропа елдерінен іссапардан оралып, ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының тұрақты комиссиясының жетекшілерінің бірі ретінде мәжіліске қатысу үшін Мемлекеттік Думаға кіре бергенімде екі жыл көрмеген Иран досыммен кездесіп, бір-бірімізді құшақтап көріскеніміз бар. Содан мен өзім қатысуға тиісті сарапшылар кеңесінің мәжілісіне де бармай, жерлестеріммен Қазақстан елшілігіне барып қонақ болдым. Екі күннен кейін Иран Петербургте өте сауатты, керемет баяндама жасап, екі мемлекет өкілдерін таңғалдырды.

Оның бойында мықты дипломатқа тән қасиеттері де бар еді. Дипломатиялық тәсілдерді қолданып, небір ымыраласпайтын жақтарды татуластырудың шебері болатын. Мейірімді, сенімді, тиянақты, принципшіл, қимас, асыл доспен соңғы рет 2013 жылы Мәскеуде кездесіп, үш сағаттан артық бірге болған едім…».

Оның тағы бір жан досы, белгілі жазушы, мәскеулік Рауль Мир-Хайдаров: «…Иран досымнан айырылып, естелік жазатыным үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Ол тұғыры мықты, сырттай қарағанда сұсты, айбатты, көрнекті, ұстамды, салмақты, терең ойлы жан еді. Рухани ішкі дүниесі керемет бай болатын.

Оның бойында заң саласында сирек кездесетін қасиет бар еді, ол үлкен лауазымға тағайындалмастан бұрын, жас кезінен халыққа сыйлы, абыройлы болды. Иә, ол таныстыруды қажет етпейтін.

Алғашқы кездесуден-ақ байқағаным, Иран Әмірұлы менің шығармашылығыммен жақсы таныс екен, соңғы романымнан басқа бүкіл туындыларымды оқып шыққанын білдім. Кейін жақсы араластық.Мен Ақтөбеге жиі келемін, ол Мәскеуге барып тұрады. Ол елінің болашағына алаңдап, Қазақстанның дамуына қажет заңдарды, ең бастысы, ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті жерімізді сақтап қалатын жаңа заңдарды қабылдау керек екенін жиі айтатын.

Мен оны ұлы дана, ойшыл, философқа теңедім. Шынында, ол таңғаларлық, ғажап адам, ірі заңгер, дана философ — қазіргінің Сократы еді. Міне, мен білетін Иран Әмірұлының шынайы портреті. Онымен кездесулерді мен «Сократпен сұхбаттасу»деп атадым. Иә, басқаша атау мүмкін емес. Иран Әмірұлы біздің өзара кездесуімізді, қозғалған тақырыптарды жоғарғы деңгейге көтерді…» деп жазды шынайы көңілден.

Ол тектінің ұрпағы еді. Он сегізінші ғасырда өмір сүрген, Сыр еліне белгіліәрі би, әрі батыр Жүзжасар оның бабасы болатын.

«Жақсы бала — нағашысынан» демекші,оның анасы Қантым әжеміздің апасы Шекер Ермағанбетова қазақ қыздары арасынан ең алғаш аудандық партия комитетін басқарып, кейін он жеті жыл бойы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары лауазымын атқарған, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері.

Марабай ақынның «Асыл туған жақсының ақыл-ойы кең болар»деген сөздері Иранға арнап айтылғандай. Ақын Нұржан Наушабаев былай деген екен: «Әдеп, ақыл, білімді үйрене ешкім тумайды, көруменен ысылады».

«Ел ағасыз, тон жағасыз болмас», елінің ағасы, жағасы, тынысы болған Иран Әмірұлы осындай азамат еді. «Асыл адамға өлім жоқ», «Асыл туған адамның алтын жетпес нарқы бар». «Әр жақсыда — бір мағына» дейді дана қазақ.
Ұлы Абай атамыздың: «Егерде есті кісі қатарында болғың келсе, күніне бір рет, болмаса жұмасына бір рет, ең болмаса айына бір рет, өзіңнен өзің есеп ал» деген аталы сөзі бар. Иран Әмірұлы данышпан Абайдың осы сөздерін басшылыққа алып, олардан нәр алып, өзіне-өзі есеп беріп, іс-әрекеттеріне, сөйлеген сөздеріне талдау жүргізіп отырған болуы керек деп ойлаймын.

Оның әлде де бағындыратын белестері көп-тұғын. Ол сот жүйесіне әлі керек еді. Елінің нағыз патриоты, жанашыры болатын. Сенаттың отырысында әшейінде сабырлы ағамыз алыс шетел, оның ішінде Қытай азаматтарының Қазақстанда еңбек ету, тұру, отбасы құру мәселесіне келгенде ашулы, қатты сөйлегені әлі есімізде. «Қара қытай қаптаса…» деп басталатын сөздері әлеуметтік желілерде жүр. Әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру туралы заң жобасын талқылағанда тіпті қаhарына мініп, ашуланып сөйлегені ше? Иран Әмірұлы өзінің көптеген шәкірттеріне осындай батыл ойларымен, ірі іс-қимылымен үлгі бола білді.

«Әдемі қарттық — бір бақыт» дейді  халық сөзі. Тек ағамыз осы әдемі қартаю бақытын, қызығын аяғына дейін көре алмады.

Шүкір, артында жақсы сөздері, балалары, немерелері қалды. Оны еске алу іс-шаралары әлі күнге жалғасуда. Облыстық сот ғимараты қабырғасына аты-жөні жазылған мемориалды тақта ілінді.

Бекзат тұлға, тура би еді ол…

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button