Тағзым

Қырдың сәні — ақ Құрыш

Сонау бір жылдары Ақтөбе жаққа жиі барып тұратынбыз. Себебі бұл қаланы студент кезімізден етене араласқан Серік досымыз мекендейтін еді. Ақтөбе университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағанбет жаны жайсаң жігіт болатын. Кейін ол жаңадан ашылған педагогика институтының филология факультетінің деканы боп қызмет істеді. Сол Серіктің ұсынысымен мен екі ғасырдың тоғысында университетке мемлекеттік аттестациялау комиссиясының төрағалығына шақырылдым. Журналистика мамандығы бойынша оқу бітіріп жатқан түлектерден емтихан алмақпын. Өзім АлматыдағыМ.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеймін. Диссертациясын жаңа ғана қорғаған жас ғылым докторымын.

Осы сапарым барысында Серіктің кластасы Құрышбекпен таныстым. Екеуі өзім туып-өскен Арал ауданының Қарақұм ауылындағы орта мектепте оқыған. Бұл кластың біраз баласын сырттай білетін едім. Өйткені тоғызыншы класта барлық мектептің оқушыларын ауданның әскери комиссариатына шақыратын. Біз Қаратерең ауылынан, олар Қарақұмнан келді. Сол жиын кезінде кейбірімен танысып қалғанымыз бар. Бірақ олардың арасында Құрышбек болған жоқ-ты.

Оның есесіне Ақтөбеде жүрген сәтімізде Құрышбекпен жақынырақ араластық. Себебі ол Серіктің қасынан бір елі қалмайды. Менің де осында келген шаруам Серіктің жұмыс орнымен тікелей байланысты. Сондықтан Құрышбек екеуміз Секеңнің маңайында— не кабинетінде, не үйінде жиірек тоқайласып қаламыз. Дәл қазір Құрышбектің сол жолы Ақтөбе қаласында неғып ұзағырақ аялдағаны есімде жоқ. Ол, негізі, Шалқар ауданында тұратын. Бір ауылдың дүрдей басшыларының бірі еді. Соған қарағанда жазғы демалысқа шығып, арқасын кеңге салып жүрсе керек.

Осы облыстың Қарғалы ауданында менің туыстарым тұратын еді.Дәлірек айтқанда, әжемнің сонау отыз екінші аштық жылдарында адасып қалған сіңлілерінің ұрпақтары. Солармен ұзақ жылдардан кейін табысқан соң, араға уақыт салып келіп-кететініміз бар-ды. Бұл жолы да Қарғалыға барудың реті келді. Осы сапарға университеттің доценттері Серік Бермағанбет пен Абат Пангереевті ілестіре шықтым. Серіктің жанында жүрген Құрышбекті де ерттік. Ағайын-туысты бірге аралап, қалаға шат-шадыман көңіл күймен оралдық. Серік өте салмақты. Көп желіге қоймайды. Оның есесіне Абат пен Құрышбек өте көңілді. Әзіл-қалжыңның түбін түсіреді. Екеуі екі жақтан ат қосқанда, жуық арада тоқтамайды.

Мен ол тұста ғылыми-зерттеу институтындағы негізгі жұмысыма қоса «Хабар» агенттігінде қызмет істейтінмін. Кәдімгі баршаға танымал «Жеті күн» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жүргіземін. Сол тұста өз арамызда айтылатын «Сырдың сәні — ақ күріш, қырдың сәні —ақ Құрыш» деген қысыр сөз бар еді. Сол сөз арқылы Құрышбекті әбден қажайтынбыз. Бір қызығы, сол тіркес Құрышбекке қатты ұнайтын.

Алматыға қайтып келген соң, студияға оралып, «Жеті күннің» кезекті шығарылымын әзірлеп отырғанбыз. Жоспарда Сыр мен қырдың арасы, кәсібі мен нәсібі туралы бір сюжет қарастырылған екен. Әдеттегідей сюжет алдындағы кіріспе сөзді (телеарна тілінде «подводка» деп аталады) өзім жазамын. Соны компьютер пернетақтасы арқылы теріп отырғанымда Ақтөбеде апробациядан өткізген әлгі «мәтеліміз» ойға түсе кеткені. Сюжеттің мән-маңызына дөп келмесі бар ма?». Ендеше, не тұрыс, қолдандық та жібердік. Сырдың күріші, қырдың өндірісі бар дегендей белгілі бір ұғымға ие болды да шықты.

Сол күні Құрышбек жұмыстан шаршаңқырап келіп, өз үйінде теледидар көріп отырады. Бір кезде экранды жарқ-жұрқ еткізіп «Жеті күн» басталады. Оның өзінің жолдастарының бірі жүргізетін болған соң, көк жәшіктен көз алмайды. Сол баяғы «Сырдың сәні — ақ күріш, қырдың сәні — ақ құрыш» дейтін тұсқа келгенде Құрекең шалқасынан түседі. «Әне, көрдіңдер ме, мені айтып жатыр» деп мәз болады. Шынында да, өңірдің ахуалы туралы айтылғанымен осы бір мәні өзгерген мәтелдің тікелей Құрышбекке, ақ Құрышқа арналғаны анық-ты.

Ол осындай жайсаң жігіт еді. Біз танысқан кезде ол Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы бір шаруа қожалығын тізгіндеп жүрген-ді. Кейін Құрышбек Қазыбеков Кішіқұм ауылдық округінің әкімі болды. Үлкенге де, кішіге де сыйлы болатын. Елмен етене араласатын. Сол ақжарқын, ақ көңіл, ағеден қалпында былтыр жыл аяғында өмірден өтіпті.

Аралдың айдынды алабы мен Шалқардың шалқар даласында қағілез Құрышбектің іздері сайрап жатыр…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button