Тағзым

Жадымда жүрер жаңғырып…

Ұстаз

Білім беру саласына отыз жыл ғұмырын арнаған,ортамыздан ерте кеткен асқар таудай азамат, аяулы ұстаз Зәшит Жылкелді өмірден озғалы бері отыз рет жадырап жаз, кірбің тартқан күз өтіпті-ау! Жаны жайсаң ұстазымыздың мейірім-шапағатын көрген әрбір шәкірті оны жоқтайды, іздейді.

Зәшит Жиенғалиұлы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, математика-сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алып, туған жерге оралғандаөзімен бірге аяулы жары, Батыс Қазақстанның айдай сұлу қызы Тыныс Ақболатованы да ала келеді. Екеуі дежанып тұрған өз ісінің білгірі, білікті маман! Содан бастап 1964-1994 жылдар аралығында ата-бабаның ізі қалған, өзінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ — Алға ауданының әр түкпірінде талмай еңбек етті.Еңбек жолының Қарақобда кезеңінде жаратылысы бөлек, туабітті мұғалімдік мамандық шеберлерінің шәкірті болу біздің де маңдайымызға жазылыпты. Қарақобда мектеп-интернатына мен оқуға келген жылы Зәшит Жиенғалиұлы мектеп директоры әрі интернат меңгерушісі қызметіне тағайындалған екен, ал Тыныс апай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, оған қоса біздің сыныптың жетекшісі болды.Мектеп-интернатқа 5-сыныпқа қабылданған кезім әлі есімнен кетпейді… Өз ауылымызда тек бастауыш мектеп қана болатын. Ата-ананың ыстық құшағынан, аяулы алақанынан алшақ кетіп оқудың қандай екенін тек интернатта оқығандар ғана біледі. Анамды сағынып, көз жасым тыйылмай жүрген кезімде пана болған, маңдайымнан сипап: «Жылама,бесінші күні сені үйіңе басқа балалардан бұрын жіберем, тек сабағыңды жақсы оқы», —деп жұбататын қайран ағайымыз. Жалғыз маған емес, барлық балаға қамқор болған әке ғой ол!Кей күндері апай екеуі мені үйіне алып кететін. «Ашта жеген құйқаңды, тоқта ұмытпа»— дегендей, ұстаздарымның шәкіртіне деген мейірімін, ерекше ықыласын қалай ұмытайын?! Қыстың қыраулы кездері, күн суықта апай екеуі интернатқа келіп, тоңып-шашырап отырған бізге домбыра тартып, күйлердің шығу тарихын, Құрманғазы туралы қызықты әңгімелер айтып беретін. Жылу жоқ, сыртқы киіммен ұйықтаймыз, бізді қымтап жатқызып, сосын үйлеріне кетеді. Ұлттық өнерге биімдігінен мектепте домбыра оркестрінұйымдастырып, орталық клубта оқушылардың күшімен әдеби-музыкалыққойылымдар сахналап, кейін ауыл-ауылға апарып қойып, концертке ата-аналарымызды шақыратын. Мектеп ісіне басы бүтін берілген жан еді.

Ол — озық ойлы азамат,  жігерлі басшы, ғажайып тұлға-тын. Өңіріміздің әдеби-мәдени өміріне жаңаша леп, өзгерістер енгізіп, ұлт мерейін көтеретін істердің басы-қасында жүрді. Зәшит аға мен Тыныс апай идеялық, шығармашылық байланыста жұптасып, кешенді әдеби-мәдени шаралардыжүзеге асыратын.

Ұлтымызға тән бір қасиет — білімді біліктіліктен ажырата білу. Ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлының ұғымында білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ қана. Ал біліктілік дегеніміз — білімнің жеткілікті болуы ғана емес, сол білімді іске асыра білу дағдысы. Осы тұрғыдан алғанда Зәшит ағаЖылкелді —білікті маман, шәкірттерге білім беріп, адамзатты асыл қасиет, ізгі сезімге тәрбиелейтін осынау ұлы мақсатқа, яғни ұстаздық өнерге білімін, қажыр-қайратын, саналы ғұмырын арнаған абзал жан. Ақырын жүріп, анық басқан ұстаздың өз мамандағына деген адалдығы, табандылығы, қабілеті, еңбекқорлығы турасында қалай айтсақ та жарасымды.

Ол әділдіктің, адалдықтың, ақиқаттың ақ туын арқалаған ұлтжанды адам болды.Туған тіл, ұлт мұраты мен намысына қатысты мәселелерде азаматтық көзқарасы айқын адам еді. Қазақ мектебінің жайы, білім, тәрбие төңірегіндегі толғақты мәселелерді үнемі айтып, толғаныстарын ортаға сап, жедел жүзеге асыратын. Қазақ балаларына терең білім мен үлгі болар тағылымы мол ұстаз өнегелі ісімен аймаққа танылды, қай жерде мектеп ісі ақсап жатса, жедел түрде сол жерге жәрдемге жұмсалатын.

Зәшит аға—ұлы Абай ұсынған бес асылды (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) пір тұтқан ұлт зиялысы. Мен білгенде бұл отбасы аудан мектептерінің бірінен екіншісіне ауыстырылып, әр мектептің деңгейін көтеруге жұмсалып отырды. Қай жерден көшсе де, екі чемоданмен ғана көшетін. Еңбегін сіңіріп, адал тапқан нәпақасымен ас ішкен қанағат иелері!

Залымдығы жоқ, азаматтығы басым, зиялылығы, кісілігі көш ілгері, білімдарлығы өзге замандастарынан оқ бойы озықаға туралы сөз еткенде, Ә.Бөкейхановтың: «Ұлтына, жұртына қызмет қылу — білімнен емес, мінезден» деген пікірі еріксіз еске түседі. Алалаш ардақтысыныңбұл пікірін бірегей алаштанушы Дихан Қамзабекұлы: «Ағартушының «жақсы мінез» дегені — адамшылық, имандылық, елшілдік», — деп түсіндіреді.Білімді әрі мінезді, ел-жұрт мәселесін жеке бастан жоғары ұстаған, күйіп тұрған кеңестің кезеңінде елшілдіктің туын көтерген тұлға еді Зәшит аға.Алға аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрған тұсында да, адамшылықтан аттамай, өзгелерге жол беріп,  бір бөлме пәтерді қанағат тұтқан, асыл сүйегі де сол үйден шыққан.

Зәшит Жиенғалиұлы қандай қызмет атқарса да, жұртшылықтың рухани игілігіне үлес қосуды мақсат тұтты. Жұмыс атқарған мекемелерінде ана тіліне ерекше мән беріп, қазақша мектеп, балабақша ашуға күш салды. 1992 жылы республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына қатысып, Алға аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалық қызметін атқаруға қажыр-қайратын жұмсады. Шешуін күткен өзекті мәселелер туралы жергілікті, республикалық баспасөзге жариялап, жұртқа ой салып отырды. Ұстаздық және басшылық қызметті қатар ұштастырған еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі» белгісімен, мерейтойлық медальдармен, басқа дакөптеген марапаттармен наградталған.Білім саласына арнаған ғұмыры менөмірдегі өнегесі егіз үйлесім тапқан ұстаздың ұлтжандылық, елжандылықсынды екінің біріне бұйыра бермейтін азаматтық асыл қасиеті шәкірттеріне үлгі-өнеге болып, артында ізі қалды.

Зайыбы Тыныс Ақболатқызымен тәрбиелеп өсірген төрт баласы — қазіргі уақытта өз ісінің маманы, абыройлы азаматтар. Арман Зәшитұлы — заң саласының маманы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан аймақтық филиалының басшысы, Алға аудандық мәслихатының депутаты. Айгүл қаржы саласының маманы болса,Назгүл — дәрігер, транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық басшысының орынбасары. Алдан Зашитұлы  «QazBioPharm» ұлттық холдингінде аппарат басшысы болып қызмет атқарады. Шәкірт тәрбиелеп, ұрпақ өсіріп, болашағына қызмет етіп кеткен,адамгершілік пен кісіліктің, тектіліктің иесіұстазымыз Зәшит аға Жиенғалиұлының жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып, бет түзейтін құбыламыз болып қала бермек.

Ғайша НИЯЗОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

Бәйішев университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button