Ақкемерліктер қуанған күн
Біз біргеміз!
Ойыл ауданы Ақкемер ауылында көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған 16 отбасына жаңа үйлердің кілттері табысталды.
Бұған дейін көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен Ойыл, Кемер, Бестамақ және Қаратал ауылдарында 143 үй пайдалануға берілген еді. 13 баспананың құрылысы аяқталуға жақын.Ал өткен аптада Ақкемер ауылының 16 тұрғыны жаңа баспанаға қол жеткізді. Аумағы 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі тұрғын үйлер«Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясыбөлген қаржыға салынды. Бір тұрғын үйдің құны — 28,5 млнтеңге. Құрылыс жұмыстарын «Hоuse Master Aktobe» мердігер компаниясы жүргізген.
Салтанатты шараға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, ERG компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков, сондай-ақ мердігер мекеме басшылары қатысып, баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ шарада «Sulpak» электроника сауда желісінің атынан тұрғын үй иелеріне тұрмыстық техникалардың сертификаттары табысталды.
— ERG компаниясы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға біраз қаражат бөлді. Қиын-қыстау кезеңде қол қусырып қарап отырмай, біз де үлесімізді қосайық деп шештік. Міне, бүгін сіздердің жаңа баспанаға ие болғандарыңызды көріп, біз де ерекше қуанып отырмыз. Әрдайым шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Қоныстой құтты болсын! — деді ERG компаниясының өкілі Ержан Абдулабеков.
Салтанатты шарада Ақкемер ауылының тұрғыны Жұмагүл Нұрғалиева қуанышымен бөлісіп, жиналғандарға лебізін жеткізді.
— Ауыл азаматтарына бүгінгі қуанышты күніміз ұзағынан болсын дегім келеді. Осыдан бірнеше ай бұрын ауылымызды су алып, қиналғанымыз есімізде. Мемлекет басшысы халыққа қолдау білдіріп, міне, бүгін жаңа баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Бізге осындай әдемі әрі қаладағыдай үй салып берген азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін, — дедіол.
Бүгіндеауданда су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 172 тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, инфрақұрылым мәселесі де шешілуде. Жолдарды қалпына келтіру, бөгеттерді нығайту және Ойыл ауылына кіреберістегі көпірді қайта құру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ аудан бойыншатасқыннан зардап шеккен 328 үйдің 21-і қайта жөндеуден өтіп, тұрғындардың таңдауы бойынша екінші нарықтан 135 үй сатып алынды.
Ауыл тұрғыны Өтеміс Қожағалиев жаңа үйін аралап көріп, жанашыр азаматтарға ризашылығын жеткізді.
— Былтырғы жылы да ауылымызға осындай су келіп, бірақ үй-жайымыз аман қалған болатын. Биыл су деңгейі өте жоғары болды, үйім мен қора-қопсымды түгел су шайып кетті. Үкіметкеалғысым шексіз, бізді, қарапайым халықты, далада қалдырмай, өз қамқорлығына алып, жаңа үй салып берді. Бүгін, міне, баспанамыздың кілтін алып, қуанып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ, — деді Өтеміс Қожағалиев.
«Hоuse Master Aktobe» құрылыс компаниясының директоры Бақытжан Книсарин де ақкемерліктер үшін қуанышты екенін жеткізді. Ол кейбір үйлерде әлі де әрлеу жұмыстары қалғанын, бірақ үйлер тұруға және жайлы өмір сүруге дайын екенін айтты.
Оның айтуынша, барлық үй кірпішпен қапталған. Құрылыс материалдары өзімізде өндірілген, тек ағаш қоршаулар көрші Ресейден тапсырыспен алынған. Серіктестік келісімшартқа қол қойған соң маусым айының басында тұрғын үйлердің құрылысын бастаған.Құрылыс жұмыстары басталарда компания баспана иелерімен үйдің схемасын талқылаған. Жатын бөлмелер, қонақ бөлме, асүй және жуынатын бөлме құрылыс нормаларына сәйкес келеді. Ал тұрғындарды газбен қамту мәселесі қатты отын қазандықтарын орнату арқылы шешілген.
— Әрбір адамға он гектардан жер бөлінді, оны одан әрі дамыту меншік иелерінің қолында,— дейді компания директоры.
Д.АЙДАР.