Екі ел арасындағы әріптестік беки түспек
Ынтымақтастық
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация Қытайдың Бейжің қаласында өткен сауда қызметі бойынша жаһандық саммитке және CIFTIS көрмесіне қатысты. Олардың арасында Ақтөбеден барған топ та бар.
Делегация құрамында Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев, Экология және табиғи ресурстарвице-министрі Мансұр Ошурбаев, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, сондай-ақ өзге де министрліктердің өкілдері болды.
Саммит аясында әлемнің 13 елінен 85 астам мемлекет пен халықаралық ұйымдар, соның ішінде Қазақстан алғаш рет ұлттық стендтерін ұсынды. 16 қыркүйекке дейін жалғасатын көрме 12 негізгі саланы қамтыған: қаржы қызметтері, туристік және ойын-сауық қызметтері, денсаулық сақтау, білім беру және т.б. Көрмеде Қазақстанның 15 ұлттық және жекеменшік компаниясы өз жетістіктерін паш етті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, сол арқылы жаңа іскерлік байланыстарды орнату, инвестициялар тарту және қазақстандық тауарлар мен қызметтерді халықаралық нарықта ілгерілетуге мүмкіндіктер жасалды.
Ғалымжан Елеуов Бейжіңде өткен халықаралық қызметтер саудасы көрмесінің (CIFTIS) ашылуында сөзсөйлеп, Ақтөбе облысы мен Қытай арасында тығызқарым-қатынас орнағанын атап өтті.
— Ақтөбе облысы мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың көрсеткіштері әріптестік пен тығыз байланыс орнағанын айғақтайды, тұрақты өсу бар. Осы жылдың 7 айында Қытаймен сыртқы сауда көлемі 653,9 миллион АҚШ долларына жетті. Сиан қаласында Қазақстанның Бас консулдығының және Ақтөбе қаласында Қытайдың Бас консулдығының ашылуы екі елдің халықаралық ынтымақтастығының оң дамуының үлгісі екенін атап өткім келеді. Мұның барлығы екі ел арасындағы достықты нығайтуға және стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға серпін береді. Осы форум соны айшықтай түсетініне сенімім кәміл, —деді облыс әкімінің орынбасары.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.