Жаңалықтар

27 ауылға газ барады

Көгілдір отын

Биыл облыста мың жарымға жуық тұрғыны бар Мұғалжар ауданының Жарық, Темір ауданының Алтықарасу, Еңбекші ауылдарына газ құбыры тартылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, биыл облыста 27 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін 21 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бесеуі өткен жылдан бері іске асырылып жатса, 16-сы — жаңа жоба.Осы жобалар жүзеге асырылса, 2025 жылы елді мекендердің 64 пайызы, сондай-ақ облыс халқының 97,2 пайызы газбен қамтамасыз етілмек.

Келер жылы өңірімізде ауылдарды газбен қамту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылатын болады. Мәселен, биыл «Qazaq Gaz Aimaq» акционерлік қоғамы облыстық филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылында басталған газ құбырын тарту жұмыстары келер жылы аяқталады. Сондай-ақ 2025 жылы облыста 9 ауыл көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінде оның үшеуінің құжаттары әзірленсе, алтауының құжаттары дайындалып жатыр, — дейді Нұршашқан Ізбасарова.«Самұрық-Қазына» қоры облыстағы 20 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында 9,2 миллиард теңге қаржы бөлсе, қосымша 4 ауылды көгілдір отынмен қамту үшін облыстық бюджеттен 365,2 миллион теңге бөлінген.

Қазір облыста Ақтөбе қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендерді, сондай-ақ кәсіпорындарды газбен жабдықтау мақсатында «Бұхара-Орал» магистралды газ құбырының үшінші желісін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 43,1 млрдтеңге қаржы бөлінген. Бұл жоба қараша айында аяқталмақ.

Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары брифинг барысында өңірдегі ауызсу жағдайы, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін төлемдерді жүзеге асыру, көпқабатты үйлерді лифтімен жабдықтау секілді бірқатар мәселелерге де тоқталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button