Тағзым

Болат және біздің бокс

Парижде өткен кешегі Олимпиада қазақ боксының бүгінгі хал-ахуалын анықтап берді. Ринге қаншама үңіліп, әрбір былғары қолғап киген бауырымыздан үлкен үміт күтіп отырғанымызбен, сеніміміз ақталмады. Неге?

Біздің жалын жүрек жігіттерімізге не болды? Баптары келіспеді ме, бақтары көтерілмеді ме?

Осы орайда республикамызды тұтастай айтпай-ақ, Ақтөбе өңірінің мол мүмкіндіктері ойға оралады. Кезінде жерлесіміз Ғалиб Жафаров бокстан әлем чемпионы атанды, бір емес, екі олимпиадаға қатысты, халықаралық турнирлерде бес рет чемпион болды. Оның жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов — кәнігі шебер, осы саланың майталмана маманы. Бұл — бір ғана мысал.

Біз бүгінгі әңгімемізде мынау іргедегі Алға балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы болған Болат Телеуов туралы айтқымыз келеді.

Болат Қойшыбайұлы Мұғалжар ауданының Ембі стансасында 1958 жылы 14 ақпанда дүниеге келген еді. Ол еңбекжолын 1975 жылы Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокс жаттықтырушысы қызметінен бастады. Өзі де шәкірт тәрбиелеумен бірге, тынымсыз жаттығып, жарыстарға қатысып, 1978 жылы КСРО спорт шебері атағын алды.

2001 жылы еңбек ете жүріп Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын тәмамдады. Ол шаршы алаңда шеберлігін шыңдаумен қатар, өзі де дарынды спортшылар дайындап, шебер ұйымдастырушылар қатарынан көрінді.

Спортта әдетте ең алдымен намыс керек деп жатамыз. Ол ең алдымен өз ұлтын сүйетін. Қазақ балаларының жігерлі болуын, жеңісті жолдардан көрінуін қалайтын. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде ол тоталитарлық жүйеге қарсылығын анық білдіріп, кеудесін керіп ойын ашық айтты. Соның салдарынан бірнеше жылын темір тордың ар жағында өткізді. Ол жақта қаншама қиындық көрсе де, мұқалған жоқ. Өз ісінің дұрыстығына сенді.

Жаламен жабылған жазасын өтеп елге оралған соң Алғадағы бұрынғы қызметін жалғастырды, одан соң Ақтөбе қаласындағы №7 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жетекшілік етті. Сол уақыттары оның алдынан жас түлектер қанаттанып, спорт әлеміне көтерілді, көптеген жетістіктерге жетіп, Ақтөбе боксының мәртебесін көтерді.

Болат Телеуовтің осы саладағы еңбектері жоғары бағаланып, 2006 жылы оған «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағы берілді. Сондай-ақ Болат Қойшыбайұлы «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына — 10 жыл» медалын кеудесіне тақты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған ол 2011 жылы Астана, Алматы қалаларында өткен қысқы Азия ойындарының алаугері болуқұрметіне иеленді.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз?

Айтпағамыз, Болат Телеуов спортты көтерді, спорт оны көтерді.

Болатты жас кезінен жақсы білетін, сол уақыттан араларында жақсы достық қарым-қатынас орнаған Амангелді Жұмашұлы «Қазақ елі» газетінде 2013 жылы жарияланған мақаласында былай деген екен: «Оның бапкерлік өнері ерте ашылды. Мектепті бітіре сала Алғада жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болды.

1980 жылдардың басында жиырмадан жаңа асқан Болатты Одаққа белгілі бокс мамандары — КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер, сол тұстағы Қазақстан жастар құрамасын Одақ көлемінде бірінші орынға жеткізген тәжірибелі Асқар Малқаров пен одан кейін жастар құрамасының тізгінін қолға алған талантты бапкер, «КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы», жастар құрамасы мен ересектер құрамасын Одақ көлемінде алдыңғы қатарға шығарған Серік Төлебаев та өте жоғары бағалайтын еді. Екеуі екі жақтан алғалық жас таланттың бапкерлік жолда өсуіне себепкер бола білді».

Демек, Болат Телеуов салған айшықты із, сара жол бүгін де көмескіленбесе керек. Болат ауыр сырқат салдарынан өмірден ерте өткенімен, оның тәлімін алған көптеген шәкірттері оның жеңісті жолын лайықты жалғастырды.

2018 жылы Ақтөбеде бокстан біздің облыстан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Болат Телеуовті еске алуға арналған бокстан ашық қала біріншілігі өтті. Жарысқа 2004-2008 жылдар аралығында туған балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жарыс қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар белгілеген 10 салмақ дәрежесінен бөлек, тағы да 7 жұп, яғни барлығы 17 финалдық жекпе-жек арқылы анықталды.

Ашық турнирге облысымыздың орталығынан бөлек, барлық ауданнан, Астанадан, Ресейдің көршілес Орынбор қаласынан, Атырау, Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарынан 200-ден астам бала қатысты.

Жарыс қорытындысында орынборлық Азамат Құрманғазиев «Турнирдің ең үздік боксшысы» атағына ие болды.

Осындай ауқымдағы бокстан республикалық турнир оның алдында Алға қаласында да ұйымдастырылды. Оған өзіміздің облыстың барлық ауданынан, сондай-ақ көршілес Маңғыстау және Атырау облыстарынан да шаршы алаңның 150-ден астам талапкер шеберлері қатысты. Сол тұста жарыс өткізілген Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қабырғасына Болат Телеуовті мәңгі есте сақтау үшін мемориалды тақта орнатылды.

Өкінішке қарай, уақыт өте келе осындай ықпалды шаралар ойдан шығып, көңілден таса бола бастады.

Біз жас талапкер боксшылар арасында Болат Телеуов сынды боксқа еңбегі сіңген, елдің даңқын асырған аға буын өкілдерінің тәжірибесін кеңінен таратып, олардың үлгісін неге пайдаланбаймыз деген ой келеді көңілге. Егер де осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, мақсатты істерді жүзеге асырсақ, бұрыннан жақсы жол салынған Ақтөбе боксын көтеруге мүмкіндік туар еді…

… Айтпақшы, жақында Болат Телеуов туралы жазылған «Қыран қазақ» деген кітап қолыма тиді. Бас алмастан екі рет қайталап оқып шықтым. Өлшеулі ғұмырында талай боксшыларды шаршы алаңда тәрбиелеп, шынықтырған бапкердің шеберлігі мен төзімділігіне тәнті болдым.

Оның есімін ұлықтау — біздің парызымыз. Сондықтан Ақтөбедегі өзі жетекшілік еткен спорт мектебіне оның атын беру немесе сол ғимараттың қабырғасына даңқты боксшының мемориалды тақтасын орнату кейінгі буынға жол көрсетер үлгінің бір жоралғысы болар еді деп ойлаймыз.

Жақсылық АЙЖАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button