Тарих

Жақсылық бабадан тараған…

Тарих тағылымы

Өткенімізге үңіліп қарағанымызда тарихымыздың талай тәлімі мол жақтарына көзіміз түсіп, көңілімізді толқытатыны бар. Жақсылықтың жеті баласы деген тіркес біздің өңірде көптен айтылып келеді.

Негізінде, жеті — қазақта киелі сан. Сондықтан да болар, жетіге байланысты да қандай ұғымның астарынан ізгілікті нышандар іздейміз, жақсыға балаймыз.

Жақсылық — тоғыз аталы Назар руының бір тармағы. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер, естеліктер бар. Әрине, уақыт өте келе оның бірсыпырасы ескіреді, кейбір сәттер өзгертіліп айтылады. Дегенмен біз өзінің өмір сүрген кезеңінде атқа мініп, елдің басын біріктіріп, өзінің еңбекке құштарлығымен көзге түскен, жақсы аты шыққан Жақсылық бабаның есімін бүгінгі күні жаңғыртудың реті келді ғой деп ойлаймыз.

Жақсылық есімі аталғанда, ел аузындағы әңгімеде оның өзі батыр, өзі би Сәңкібайдың жиырма мыңдай жылқысын қолына құрық алып, азулыға алдырмай, қанаттыға қақтырмай, барымтаға бергізбей, бір қолда ұстағандығы жөнінде айтылады. Әрине, мал баққанға бітеді. Сондай-ақ оның иесі болуы керек. Әйтпесе, көлденең келе жатқан көк аттының жалпақ далаға жайылып жатқан үйір-үйір жылқыға көзі түспесіне кім кепіл?!

Бұл тұрғыдан алғанда, Жақсылық бабаның елге мәлім атағы, жұртты имендірер білек күші, жауды жасқандырар жүрегі болғандығы ақиқат. Ел ішінде беделі бар, атақ-даңқы жер жарған Сәңкібайдың өзі кім көрінгенге сенім білдірмесі және белгілі.

Әбілқайыр ханның жорығына осы жылқыдан жылына 500 сәйгүлік дайындалып отырды деген әңгіменің де негізі бар сияқты. Өйткені елдің қамы, халықтың мүддесі кім-кімді де ортақ мүдде жолына қызмет етуге бейімдейтіні сөзсіз. Ал Жақсылықтың осы шаруалардың тізгінін қолына бекем ұстап, соның арқасында көп тірліктің оңтайлы шешіліп отырғаны туралы деректер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жетіп отыр.

Бүгінде Жақсылықтан тараған ұрпақтар санын біз 1100 түтін аумағына келтіріп отырмыз.

Ел аузындағы әңгімеде бір тұстарда Жақсылық атамыздың Қараұзын (Хорезм) жаққа қоныс аударғаны айтылады. Сол жақта тұрақтап қалады да, кейініректеелге бәйбішесі мен жеті ұлын қайтарыпты дейді.

Соның аяғында ұлы бабамыз сол жақта қалғанға ұқсайды. Беріректе Қарақалпақ еліндегі ағайындармен хабарласып, барлау салып көргенбіз. Нақты хабар ізі шыға қоймады.

Жақсылықтың жеті ұлының елге келгеннен кейінгі тағдыры халық аузында жақсы сипатталып, олардың шаруаға епті, қолдары қайратты, айналаға жанашыр болғандығы көбірек естіліп жүр. Жазушы Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» романында Байтүгел Елқонды батыр мен Қабыл батырдың, Құлшығай Мүсіреп батырдың ерліктері әдеби сипатта жан-жақты көрсетілген.

Жақсылық балаларының ел қорғауда Есет Көтібарұлымен бірлесе қимылдағаны, қарулас болғандығы жөнінде деректер бар. Әсіресе Елқонды батырдың төрде Есеттің оң жағында отырғандығы туралы әңгімелер ақиқаттан алшақ емес деп есептейміз.

…Қалай болғанда да тарихымызды түгендеп, бүгінгі білгенімізді қағаз бетіне түсіріп кету — парызымыз. Сондықтан да өз дәуірінде қайратымен көзге түскен, кейін ел тізгінін ұстаған, жерімізді қорғаған батыр ұлдар тәрбиелеген Жақсылық бабаның тұлғасын мүмкіндігі болғанша танығанымыз жөн ғой деп ойлаймыз.

Менің әкем Нұртаза мұғалім болған, жастайынан әдебиетке құштарлықпен өлең жазып, Алматыдағы профессор Қажым Жұмалиевтің көзіне түскен. Содан ғалым ағамыз Алматыға оқуға шақыртқан. Әкем өткен шежірені, тарихты біршама жақсы білетін. Сол кісі Жақсылық бабаның елге жақсылығы, көпке қамқор болғаны туралы әңгімелеп отыратын бар-ды. Балалық па, жастық па, соның бәрін санамызға құйып алмаппыз ғой…

Мына өлең шумақтары да осы бағыттағы ойымызды толықтыра түседі деген сенімдеміз.

Әлқисса деп басталсын өлеңіміз,

Ішінде бес Шектінің Бөлегіміз.

Айтылмаған көп әлі аңызымыз,

Жазылмаған жетеді дерегіміз.

 

Атына мәлім болған Тұран елі,

Батудан қалған тақтың мұрагері.

Мұсаханның Қалуы Әлімге кеп,

Шектіге қосылуды сұрап еді.

 

Шежіреде осылай қаралады,

Арғы атамыз Ноғайдан таралады.

Шыңғыстың бір баласы Қалу болып,

Жақайым, Баубек, Өріс ағалары.

Қалудан дүниеге кеп жалғыз тұяқ,

Бөлек деп атын қойып даралады.

 

Бөлектен — Айт пен Бұжыр Шектіміз деп,

Соғыста ту ұстаған дара тұлғам.

Жақайым, Баубек, Өріс, Айт, Бұжыр боп,

Тарихта бес Шекті деп жаратылған.

 

Назар, Шүрен — кіндіктен балалары,

Жекей сұлу — көңілдің қалағаны.

Бір-бір отау тігіліп, ауыл болып,

Бұжырдан осы үш ру таралады.

Назардан тоғыз ұл боп тоғыз ру,

Жем, Темір, Сағыз бойын жағалады.

Назардан шыққан талай игілерді,

Қазағым атын атап бағалады.

Соның бірі — Сәңкібай Қыдыр көрген

Әрі бай, әрі батыр Шектідегі

Жылқысын жиырма мың деп шамалады.

Сәңкібай көп ойланды — заман мынау,

Осынау жер қайысқан қалың малды

Қай тумам құрық ұстап баға алады?

Сәңкі атам ой толғатып, саралады —

Бұл істе бірге туған Жақсылыққа

Сенуге болады деп шамалады.

Себебі ол жастайынан тұлпар баптап,

Тұранның ой мен қырын аралады.

* * *

Бұдан әрі жырлайын

Атамыздың тұлғасын.

«Ер қанаты — тұлпар» деп

Бастайын енді жыр басын.

 

Жақсылық мінген Ноғайкөк,

Шекесінен қараған.

Мәреге жеткен дара боп,

Бәйгеде талай аламан.

Мұңалжардың көк тасы,

Ат мініп, алға шапқанда,

Артында қардай бораған.

Асыл туған жылқыда,

Құланнан жүйрік қазанат,

Көк ордалы Ноғайдан,

Атама қалған аманат.

Төрт аяғы тең жорға,

Жұлдыздай көзі жайнаған,

Қалмақы ноқта мойнында,

Ауыздығын шайнаған.

Арал мен Жемнің арасын

Төрт күндік қысқа жол етіп,

Құланнан озып заулаған.

Жаңбырдай тері сіркіреп,

Кісінеген дауысы

Жауар күндей күркіреп,

Ұшқан құспен таласқан.

Соңынан ерген қыстауға,

Үстірт пен Самның арасын.

Назар деген қалың ел,

Тозаңынан адасқан.

 

Арал мен Жемнің арасын

Қоныстанып, жайлаған.

Осынау сайын далада

Жақсылық атам атойлап

Жеті жүз үйір айдаған.

 

Күлдірдің байтақ ойында,

Жем-Сағыздың бойында,

Доңызтау, Үстірт жонында,

Киелі құрық қолында,

Қанаттыға қақтырмай,

Азулыға алдырмай,

Барымта құрық салдырмай,

Айтақпен таңы атады,

Қиқумен күні батады.

Қақаған аяз, қаңтарда

Мұз жастанып жатады.

Еңбегін елі елеген,

Жылқының пірі көреген,

«Шектіден шыққан Қамбар» деп

Бұқарға жетіп атағы,

Кіре тартып Хиуаға,

Хорезмді шарлаған.

Сәнімен өтіп сәтті боп,

Қоқанға талай сапары.

Бауырына сенгесін,

Ептілігін көргесін,

Билігін айтып еліне

Сәңкібай тыныш жатады.

Жұлдыз санап аспаннан,

Ер-тұрманын жастанған,

Жеті жүз үйір жылқыны

Шығармай шашау сақтаған.

Жылына бес жүз арғымақ,

Баһадүр Әбілқайырдың

Жорығына баптаған,

Хан сенімін ақтаған,

Жақсылықтай атамды

«Құт қондырдың елге» деп

Қалың Шекті мақтаған.

Үлкендер айтқан кешегі,

Әттеген-ай деседі.

Аяқ асты пенделік,

Ағасына ренжіп,

Үйін жығып Жақсы атам,

Ноғайкөкті қамшылап,

Қаразұнға көшеді.

Байыбына бармай бұл істің,

Ел аузында әртүрлі,

Бүгінге дейін бітпейтін,

Әңгімедүкен еседі.

Ақиқатқа жүгінсек,

Дәулеттің кетіп жай-күйі,

Құты болған байлықтың,

Басарала айғыры,

Жақсы атамның киелі,

Құрығын іздеп азынап,

Бастаған екен қайғыны.

Қос жанары мөлтілдеп,

Киесін іздеп сағына,

Жер қайысқан қазанат,

Қияттан қалған асыл тек,

Кісінеп, кісінеп қамыға,

Жер тарпыған тұлпарлар

Айналған дейді жабыға…

* * *

Бұл үзіндінің де жалғасы болар…

Айта кететін бір жайт, Жақсылықты шежіреде бір жерінде Сәңкібайдың ағасы десе, бір жерінде інісі деп келтіреді. Ұрпақтарысоның екінші нұсқасын дұрыс деп есептейді. Себебі ағаның жылқысын інісінің бағуы орынды шығар.

Егер сәті түсіп жатса, Жақсылық атамыздың мәңгілік мекенін табу — уақыттың еншісінде, бұл бағытта іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Ата-баба өнегесі — біз келесі ұрпаққа табыстауымызға тиісті аманат.

Біз Шекті Назар ұлы Жақсылық бабамызға ас беру арқылы осындай сабақтастықты жалғастырып, жастарға жақсы жол көрсетіп, олардың елжанды, ұлтжанды болуына үлгі көрсеткіміз келеді.

Бірліктің, ынтымақтың, ауызбіршіліктің кешегі күні де, бүгін де аса қажет екендігін өмірдің өзі көрсетіп келеді. «Бөлінгенді бөрі жейді» дана халқымыз. Сондықтан да біз осындай ұлағатты іс-шаралар арқылы біріге түсейік дегіміз келеді.

Марат НҰРЖАНОВ,

мұнай өндіру саласының ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button