«Ақтөбе» — 100!

Сәбитбектен қалған сөз

«Ақтөбе» газетінде  қызметте болғандар» деп аталатын ұлы тізім бар; онда редакцияда бұрын-соңды қызмет жасаған әріптестер түгелге жуық қамтылған; тізімге кірмей қалған «ақтөбеліктер» де кездеседі. Сонымен бірге, газет тарихынан бөліп қарауға  болмайтын, газет жұмысын негізгі қызметімен қоса атқарған, өз туындыларымен төл газетін көркейткен қызметкерлер шоғыры және оқшау тұр.

Айталық, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында журналистік талантын жан-жақты танытып, баспасөзде жарқырайкөрінген, «Социалистік жол» газетінде көрнекті материалдары көптеп жарияланған Сәбитбек Елеуовтің  де осы кезеңдегі қаламгерлер сапында орнықты орны болатыны сөзсіз.

«Қойын дәптерінен» айдарымен жарияланған «Дошай ағай» (1934) деген деректі туындысындаСәбитбек өзін «Социалистік жол» газетінің қызметкері ретінде көрсетеді:

«Қаршығадай шағын, киіктің асығындай шымыр, орта бойлы, тұтас тұлғалы аққұба  сары кісі  есіктен  кіріп келіп:

-Шырағым, газет басқармасы осы ма?- деді.

-Осы.

-Кәзетке мақала бергелі келіп едім.

-Әбден мақұл, үстелге отырыңыз.

Ауанымен жайлап, үстелге отырды. Құлақшынын алып алдына қойды. Қойнына қолын салып, қызыл шұбар кінежкені  суырып алды. Үлкен қаріппен жазылған «Екпінді» деген  жазу, кінежкенің сыртынан көзге шалынды. Арал балық тресіндегі екпінді жұмыскер екен. Облыстық кеңестер сиезінің делегаты екен. Бірқатар сөйлеп өзін таныстырып өтті.

-Сөйлейтін сөзім де, жазатын мақалам да көп еді. Бірақ оның бәрін айтып тауыса алмаспын, реттеп жазып үлгере алмаймын.Сондықтан басқарманың өзіне жаздырайын деп  келгенім еді. Өйткені, менің  қолымнан өткен балықтың талай түрлерін озса Кеңес одағының, қалса Ақтөбе облысының еңбекшілері жеп, игілігін көріп келеді. Өзімнің қолымнан өткен балықтарды осы қаладағы бірсыпыра дүкендерден көріп келдім. Соның үшін әуелі өзімді таныстырамын. Мына кінежкені көріп өтіңіз,- деп екпінділік кінежкесін ұсына берді.

Кінежкені қарай бастадық. Арал балық тіресіндегі балық кептіретін цехтың екпінді жұмыскері Еркейұлы Дошай деп жазылыпты…».

Бұдан әрі Ақтөбе қаласында өтетін кеңестер сиезіне келген делегат –Аралдың озат балықшысының өзі туралы білдірейін деп облыстық газет редакциясына келуінің сыры ашылады, оның өмір жолы, еңбектегі табысы рет-ретімен баяндалады.

Сәбитбек «Елеуұлы С.», «Сәбитбек», «Сәбит-бек», «С-бек», «Е.С.» деген бүркеншік есімдермен жазды. Сондай-ақ тек сол жылдары ғана сирек көрінген «Жетек», «Жетке»  бөгде есімдері де Сәбитбекке тиесілі екендігін баспасөз жарияланымдары растайды.

«1930-1934 жылдары қазақ журналистикасының көрнекті өкілі атанған Сәбитбек Елеуов 33 жас ғұмырында соңына мол мұра қалдырған айырықша талант еді. Өкінішке қарай, әр жанрға жазған дүниелері бытырап шашылып, жинаусыз күйінде қалған» дейді белгілі қаламгер Қайсар Әлім.

Расында, ертерек өткен ерек жанның өмір деректері жинақталмаған; 1993 жылы бұрынғы Торғай облысының Аманкелді ауда­нын­да қаламгердің 90 жылдығы аталып өткенін ескеріп, оның 1903 жылы сол өңірде дүниеге келгенін білуге болады. 1935 жылдан кейін баспасөзде Сәбитбек есімі кездеспейді, демек, бұл Қайсар Әлім хабарлағандай,  оның жарық дүниедегі 32-33 жасының шамасына сәйкес келеді.

Азғана жылдар ішінде  Ақтөбе  жұртшылығына ғана емес, республика халқына есімінің кең танылуының бір себебі —Сәбитбек Елеуовтіңоблыстықгазеттегі жұмысын өлкелік «Социалды Қазақстан» (қазіргі«Egemen Qazaqstan») газетініңоблыстағы меншікті тілшісі қызметімен қатар алып жүруі еді. Отызыншы жылдардың тәжірибесінде журналистердің бірнеше жұмысты қоса атқаруы жиі кездеседі.

«Социалистік жол» газетінің 1934-1935 жылдардағы нөмірлерінде Сәбитбектің әлі де көркемдігін жоймағанондаған сатиралық шығармасысақталған; «Табысты мереке» өлеңі, «Темір қаржы жинау қарқынын күшейтуі керек», «Дошай ағай»сияқтыәртүрлі мазмұндағы  мақалаларыда кездеседі.

Бұдан басқа, кейбір дереккөзі оның азғана ғұмыры ішінде облыс аумағындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын тереңдей зерттеп, бұрынғы Батпаққара ауданының атауын Амангелді  ауданы деп өзгертуге ықпал еткенін, жетім балаларға қамқорлық жасау ісімен  айналысқанын жеткізеді.

Сәбитбек баспасөзде әр жанрда қалам тербеді. Соның ішінде сатиралық шығармаларының үлесі үстем тұрады. Бұл туындылардан отызыншы жылдардың  оқшау сөздерінен бастау алатын жазу өнерінің ұлттық баспасөзге тән өрнегі, алдыңғы буын шеберлерінің қалами өнегесі  еркін сезіледі.

Мысалы,Ырғыздан жазған «Қанатұлы қара ешкіге сот құрды», Темірден жазған «Бұйракраттың бүйрегі, екі шалдың ирегі», «Қайнағаның қиянаты, келіннің кесірі», Батпаққарадан жазған «Құмаров пен Омаров»,  Шалқардан жазған «Шалқардың Садығы — төрелердің қазығы» және басқа өңірлерден жазған «Ептеп-септеп, нетіп-неғылып жатырмыз»,  «Қызыл қазақтың» қызыл өңештері», «Шербеннен шертіп жегендер, кірден кертіп жегендер, темірден жыртып жегендер», «Шәкең  сот» сияқтыфельетондарын сырттай шолып қарағанда,бастақырыптарының өзі-ақоқырманды бірден тартып тұратынын байқау қиын емес.

Оның «Социалды Қазақстан» (қазіргі«Egemen Qazaqstan») газетінің ғасырлық қойнауында қалған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «…Алапаев аздырды, Тортаев тоздырды, Ибрагимов еңіретті», «… Белсенді, белсенді, белсенді, Белсендіге ел сенді. Ақырында ел күңіреніп теңселді…», «Өкілдер сыпаты», «Ашуы жоқ ашық хат» деген еңбектері мен сөздерін  кәсіби  журналистика жұртшылығы жақсы біледі.

Меншікті тілші Сәбитбек Елеуовтің«Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған «Батпаққараның бетпаққаралары» деген сын мақаласы кезінде Ақтөбе облысын ғана емес, республиканы дүрліктірген өрекпіген оқиға болды. Онда 1932 жылғы аштықтан кейін Батпаққара (қазір Қостанай облысының Амангелді ауданы) ауданын басқаруға келген жауапты басшы қызметкерлердің сайлау заңын өрескел бұзғандығы, басқа да сорақы, жөнсіз іс-әрекеттері өткір сыналды.

Бұл шығармасын«Батпаққарашылдықпа,  бетпаққарашылдық па?»деген бас тақырыппенәуелі  облыстық «Социалистік жол» газетінде  бүркеншік есіммен жариялады.

Қорыта келсек, жасап болмай жас кеткендер сапындағы Сәбитбектен қалған сөз, қалай болғанда да, ұлттық журналистиканың бір жетістігі ретінде қайырылып қарауға тұратын дүниелер. Бұған фельетон сынды күрделі жанрдың қазақша қалыптасу кезеңіндегі алуан автордың өзіндік сан түрлі шығармашылық әрекетінің мысалы орайында да әр кез оралуға болады.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button