Мәдениет

Тарихы терең мәдениет ошағы

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Геолог» мәдениет үйі — өңіріміздегі өнерлі жандардың басын қосатын орталықтың бірі. Мәдениет үйінің тарихы 1972 жылдан бастау алады. Іргетасы Қарғалы селосында қаланған Мәдениет үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, шығармашылық ұжымның жетістіктері туралы аталған мекеменің директоры Арман Жиеналиевпен әңгімелескен едік…  

«Геолог» мәдениет үйін алғашында Николай Новицкий, кейін Виктор Опря сынды мамандар басқарған. Сол кездері Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Красные девицы» атты вокалды-аспапты ансамблі көптеген қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, 1975 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық патриоттық әндер байқауында жеңімпаз атанған.

—  2003 жылы мәдениет мекемелерін оңтайландыруға байланысты қалалық әкімдік шешімімен «Геолог» мәдениет үйі қайта құрылды. Мәдениет үйінің жалпы ауданы — 1310,3 шаршы метр. Мұнда 400 орындық көрермен залы, хореография залы, жұмыс кабинеттері бар. Мәдениет үйі қала аумағына қарасты Жилянка, Қарғалы, Есет батыр тұрғын алабы секілді шағын аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде Мәдениет үйінде «Асыл әжелер» ән ансамблі, Үлгілі «Арай» би ансамблі, «Жыр жауһар», үлгілі «Мұрагер» вокалды тобы, «Нұр-Арт» сияқты өнер ұжымдары қызмет етеді. Мұнда 15-ке жуық үйірме балаларды шығармашылық секцияларға қабылдайды. «Геолог» мәдениет үйі өнерпаздарының жеткен жетістіктері де баршылық. Мәселен, «Арай» би ансамблі  2019 жылы Шымкентте өткен Халықаралық «Childer`s Art Festival» байқауынан екі мәрте бас жүлдегер атанып, ел мерейін асқақтатты. «Мұрагер» вокалдық тобының мүшелері Алматы қаласында өткен республикалық «Жұлдызды жаңа жыл» атты жастар мен ересектер байқауында «Вокал» номинациясы бойынша 1-орын иеленді, — дейді А.Жиеналиев.

Оның айтуынша, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген халықтық «Асыл әжелер» ансамблінің мақтанышпен айтар жаңалықтары көп. Бүгінде ансамбль құрамында 22 адам қызмет етеді.

2009 жылы «Асыл әжелер» ансамбліне халықтық ұжым атағы берілді. Ансамбль репертуарында халық әндерімен қатар, өзге халықтардың әндері бар. Шығармаларды орындауда қазақтың салт-дәстүрлерін бейнелейтін, тәрбиелік  мәні бар сахналық  қойылымдармен ерекшеленеді. Ансамбльдің 10 жылдығына орай 2018 жылдың қыркүйек айында «Ән қанатында» атты фестиваль-концерт өтті. Биыл ансамбль мүшелері Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай жеке есеп беру кешін ұйымдастырды. Өнер ұжымынның көркемдік жетекшісі қызметін Бибігүл Сейітова атқарады, — дейді ол.

Ұжымның жетістігі

«Геолог» мәдениет үйінің жанынан ашылған Үлгілі «Арай» би ансамблі жас бишілердің хореографиялық шеберліктерін дамытып келеді.

Қазіргі таңда өнер ұжымында 80-ге жуық жас жеткіншек тәлім алып жүр. Ансамбль түрлі жанрдағы — ұлттық, классикалық, эстрадалық билерді орындайды. Талантымен талайды тәнті етіп жүрген бишілер бірнеше мәрте қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. «Арай» би ансамблі 2007 жылдың сәуір айында «Үлгілі» ансамбль атағын қорғап шықты. Олар қалада өтетін іс-шараларға белсене қатысады. Биыл өнер ұжымының жастары «Ақпан айшықтары» атты ашық біріншілікте 1-орынға ие болып, «Aktobe Fest» шығармашылық байқауында топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді, — дейді «Геолог» мәдениет үйінің директоры А.Жиеналиев.

Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубы қыз балалардың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге сай болып өсуіне үлес қосып келеді. Мәдениет үйінің әдіскері, халық шығармашылығы және мәдени демалыс бөлімінің меңгерушісі, «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітованың айтуынша, аталған ұйым қаланың барлық оқу орындарымен, мекемелермен тығыз байланыс орнатқан.

Клубтың кеңес мүшелерінің қатарында дәрігер, тарихшы, әдебиетші, меценат, ғалым да бар. Осы клубтың негізін қалаған идея авторы әрі жетекшісі —  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сарыбай.

Бүгінде «Шолпы» клубы рухани-адамгершілік, денсаулық, еңбек, отбасы, ұлттық тәрбие бағыттарында бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, қаладағы білім ордаларында «Қыз бала әдебі», «Қызға қырық үйден тыйым», «Әже өнегесі», «Қыздарымыздың қылығы неге алаңдатады?», «Ақтөбе өңірінен шыққан батыр қыздар» атты кездесулер мен кештер ұйымдастырылды. Клубты құрудағы мақсатымыз — халқымыздың əдет-ғұрып, салт-дəстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана  шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, əдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, əсемдікке тəрбиелеу. «Шолпы» клубы қыз балаларға музей қорынан «Шолпы, шашбау — шаштың сәні», «Қазақтың қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдарының сыры» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырып, оларды қазақтың зергерлік әшекей бұйымдарымен таныстырып отырады, — дейді Б.Ақжігітова.

P.S. Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында жаз айларында халықтың көңіл күйін көтеру, бос уақытын тиімді пайдалану, тұрғындардың жазғы демалысын көңілді өткізу мақсатында мерекелік думанды кештер жиі ұйымдастырылады. Ашық аспан астындағы концерттер тамыз айының соңына дейін жалғасады.

«Геолог» мәдениет үйі барша ақтөбеліктерді 3 тамыз күні Есет батыр алабындағы ескерткіш маңында өтетін «Домбыра Party» атты мәдени-көпшілік іс-шарасына шақырады. Мұнда Мәдениет үйінің өнерпаздары бір мезетте бірнеше күй орындайды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button