«Ақтөбе» — 100!

Бес жас кішілік

(эссе)

Еврейдің ескі мақалы «Шебер болмас бұрын, шәкірт болу керек» дейді.

«Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойы қарсаңында осы  басылымды ұзақ жыл басқарған қадірлі қаламгер ұстазымыз Нұрқайыр Телеуов (Нұр-ағаң) жайында әріптес шәкірт-інісі ретінде бірер жылы сөзді жұптасам деген ой келді.

Алайда ол кісінің өзі де, өмірбаяны да көпшілікке жақсы таныс; соның бәрін қайталап айтып беру қайтымды бола қоя ма деген бір ойдың да шеті шығып тұрды.

Сонда да деп… әуелден бойға сіңген, жазбас бұрын бастақырыбын ойлайтын кәсіби дағдыға біраз уақыт жұмсауға тура келді. Бұдан бұрын «Адал сүт емген адам» деп жазғаным бар-ды; әрине, оны қайталағым келмеді. Бастапқыда ойға түскен ұзын жобалар мынадай еді… 

Ақыры, өзіңіз көріп отырған осы «Бес жас кішілік» бастақырыбына тоқтадым-ау, оқырман.

Өйткені Ақтөбенің атырабында 1924 жылы бір жапырақ болып жарық көрген жас газет бес жасқа толып, жүрісін түзей бастаған кезде, сонау Ақжайықтың аясында дүниеге келген сол сәбидің күллі тағдыры осы «Кедей» болып көзін ашқан газетпен байланысты болатынынын бір Алладан басқа ешкім де білген жоқ еді ол кезде…

Сөйтіп, бастақырыпты тапқан сияқтымын.

Алдымен жазудың жанрын табу керек деген шығармашылық шарт бар. «Біздің заманымыз — жазудың заманы» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазір қай тұрғыда айтылып-жазылса да, қай жерде жарияланса да, жазудың үстемдік етіп тұрғаны рас. Бірақ бұл — ықшам, қысқа, жинақы, шағын нысанда жазудың сыбағалық үлесі дендеп енген кезеңі.

Демек, бізге де сондай сіңімді тәсілдеме керек.

Бастақырыбын, жазудың жанрын тапқан соң, енді не істер еді, мәселен, Нұрқайыр Телеуов сынды кәнігі көсемсөзші? Әлбетте осы сәттегі өз ойын ол заңғар замандасы, қазақ баспасөзінің теоретигі, көрнекті ғалым, профессор Тауман Амандосовтың: «Көсемсөз — өмірдің сырлы суреті. Көсемсөздің арқауы — шындық. Журналист өмір фактілері мен құбылыстарының бәрін бірдей, қалай болса солай жинақтай бермейді, ол мәселеге қоғамдық мақсат тұрғысынан қарай отырып, осыған аса қажет мысалдардың идеалына сай келетіндерін іріктеп алып, соларды шығармасына арқау етеді» деген сөздерімен іштей жіптестіріп, жұптай бастар еді.Біз де сөйтіп көрейік.

Нақты материалдың адамы Нұрқайыр Телеуов — тек фактімен сөйлеп, фактімен жазатын. Демек, ол жайындағы әңгіменің әлібі де нақты деректі сөйлетуден басталатыны сондықтан.

1929 жылы Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келді. 1947-1952 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінде білім алды. Кәсіби журналистік еңбегін Батыс Қазақстан облыстық газетінің редакциясында тілші болып бастап, кейін бөлім меңгерушісі болып істеді. 1958-1960 жылдары Мәскеудегі жоғары партия мектебінде оқыды. Оны бітірген соң Орал қаласына оралып, облыстық газеттің идеология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Өлке құрылуына байланысты 1962 жылы Ақтөбеге қоныс аударып, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің аппаратына жұмысқа қабылданды. 1964 жылы өлкелік телерадиохабар тарату комитеті төрағасының орынбасары болды. Өлке тараған соң, 1965 жылғы 2 ақпанда Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы болып тағайындалды.

Нұр-ағаңның өмірбаяны о баста дәл осылай қалыптасуға тиісті сияқты көрінеді. Өмір бойы газет пен оның редакторының мерейтойы қатар келіп отырғаны да кездейсоқтық болмаса керек. «Ақтөбе» газеті ғасырлық тойына жеткенде, тірі болғанда Нұр-ағаң 95 жасқа толар еді…

Асылы, ағарып алда жүруді оған тағдырдың өзі жазып қойған тәрізді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында озат оқушы Нұрқайыр Телеуов майданға кеткен ұстаздарының орнына өзі мұғалім болып бала оқытты. Қалқоздың қара жұмысын қатар атқарды. Он бес жасында ие болған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалі қаршадай баланың сол кездегі қайыспас еңбегінің қайтарымы.

Мектеп оқушысы кезінде қабырға газетінің редакторы ретінде алғашқы мақалаларын жаза бастады.

Университетте оқып жүргенде озат студент атанып, партия қатарына қабылданды. Жоғары оқу орнынқызыл дипломмен бітіріп шықты (Сол қызыл диплом қазір өзі білім алған бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің музейінде сақтаулы тұр).

Оралдың облыстық газетінде жұмыс істей жүріп, ортасынан озып шығып, көзге түскен Нұр-ағаң облыстық комсомол комитетінде лекторлар тобын басқарды, екі тілдегі «Үгітші блокноты» басылымының редакторы болды.

Отыз жылға жуық облыстық басылымға басшылық жасап, газет шығару сынды аса жауапты істің өтінде өмірін өткізген Нұр-ағаңның мемлекеттен алған марапатының өзі біртөбе.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, оннан астам медальмен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарымен марапатталды; Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды; «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Басқа да толып жатқан мадақтама, диплом, алғыс хат…

Кеңес заманында Нұрқайыр Телеуовтен басқа төрт орден алған журналист кең-байтақ КСРО мен Қазақстанда болған емес.

Зейнеткер Нұр-ағаң «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл»,  «Тыңға 50 жыл» медальдарын да өңіріне тақты.

Дәл Нұрқайыр Телеуовтей облыстық газетті табан аудармастан 27 жыл басқарған  адамды бұрынғы Кеңес Одағынан да, Қазақстаннан да табу қиын.

КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрқайыр Телеуов осы одақтардың барлық съезінің делегаты болды. Шығармашылық қызметі үшін СССР Журналистер  одағы сыйлығының лауреаты атанды. Көп жыл бойы Ақтөбе облыстық журналистер  ұйымын басқарды.

Облыстық журналистер ұйымының осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе өңіріндегі газет қызметкерлері үшін Нұрқайыр Телеуов атындағы журналистік сыйлық белгілеуі — көрнекті газеткердің ғибратты ғұмыры мен қарымды қаламына көрсетілген кейінгі ұрпақтың құрметі.

Зейнет демалысына шығып, отыз жылға жуықтаған редакторлық қызметіне нүкте қойған соң Нұрқайыр Телеуов Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық бөлімшесі жанындағы «Бірлік» ардагерлер кеңесін басқарды.

1974 жылы ол басқарып тұрған облыстық «Коммунизм жолы» газеті шыға бастағанына елу жыл толуына байланысты «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Орденге қол жеткізудің қиын жолы мен газеттің жарты ғасыр ғұмыр сүргенін растаудың арасында Нұр-ағаңның ұмытуға болмайтын еңбегі жатқаны бүгінгі ұрпақтың зердесінде жүргені абзал.

Өйткені Нұр-ағаң редактор болып келген кезде газеттің тарихы Ақтөбе облысы құрылған кезден, 1932 жылдан есептеліп жүр екен.

Орыс тіліндегі облыстық газеттің тарихы 1918 жылдан басталғанда, 1932 жылға дейін Ақтөбе өңірінде қазақ тілінде басылым болмағаны ма деген заңды сұрақтың көкейде тұратыны анық еді.

Нұрқайыр Телеуов жан-жаққа сұрау сала жүріп, ақырында «Кедейдің» ескі нөмірін Ресей құжатханасының қойнауынан таптырып, көне басылымдағы «1924 жылғы 7 маусымнан бастап шығады» деген сөздерді негізге алып, облыс басшылығының көзін жеткізді.

Газеттің 50 жылдығына арналған мерекелік нөмірде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің арнайы өтінішпен жазылған «Кедейдің» кемелдену кезеңдері» деген ғылыми-деректі, тарихи-танымдық мақаласын жариялап, басылым тарихының 1924 жылдан басталатынын бекіте түсті.

Нұр-ағаңның газет тарихын түзеген, 1924 жылдан бастап шыға бастағанын дәлелдеген еңбегі арқасында «Коммунизм жолына» (бүгінгі «Ақтөбе» газетіне) ізашар болған «Кедей», «Алға», «Батыс Қазақстан» газеттері  басылымның біртұтас шежіресіне кірді. Осы газеттерде еңбек еткен қаламгерлердің қолтаңбасы мен есімі баспасөз тарихына еніп,  көсемсөз айналымына түсті.

Газеттің 50 жылдығын атап өту — оның бұдан кейінгі атаулы кезеңдерінің алғашқы баспалдағы болды. Ақыры, міне, жүз жылдыққа алып келді.

Жалпы Нұр-ағаң жаратылысы бөлектеу адам еді. Ұсақшыл емес-ті һәм ұсақ-түйекті ұзақ сөз етуге жоқ еді. Дүниеге көңілді көзбен қарайтын, мәселенің тоқетерін хош көретін.

Авторлық мақалаларды да дәл солай қарайтын. Мақаланың қисынды желімен, бір бағытта дамуын негізге ала отырып, тақырыптан оқшау тұратын, кейбір салмағы жоқ шашыраңқы тіркестерді шебер сылып тастап, мәтінді әрі қарай сабақтастырып жіберетін.

Ол редактор ретінде кез келген шығармашылықты құрметтейтін.  Автордың стилін сақтауға тырысып, журналистердің жеке жазу мәнерін қадірлейтін.

Қарауындағы қызметкерлеріне сын айтқанның өзінде әдептен аспай,ешкімнің намысына тимей, сыпайы сөйлеп иландыратын. Оның жасы үлкен мен кішіге «сіз» деп қайырылатыны биік мәдениеттің мектебінен шыққанын көрсетіп тұратын. Осы «сіз» газет қызметкері мен редактордың арасын тым алыстатпай да, аса жақындатпай да, белгілі бір арақатынаста ұстап тұратын.

Өзінен бұрынғыны, әсіресе ұзақ уақыт басшы болған адамды жамандай жөнелетін кейбір әдепсіз әдет қазаққа өз табиғатынан келген жоқ. Басқа жұрттан жұққан сияқты. Мұны Нұр-ағаң да бастан кешірді: біреуге оның «тағы» керек болды; біреуге оның отыз жылға жуық бір лауазымда қонған «бағы» керек болды. Бірақ бәрінен де батқаны — өзі өсірген … «қапқаны» еді.

Әйтпесе, облыстық газетті 27 жыл үзіліссіз басқарған адамға «Ақтөбе» энциклопедиясынан оймақтайорын табылмады дегенге кім сенеді?!

Ақтөбе облысы тарихында қалған бұл редакторлық 27 жылды айтпағанда, Ақтөбе  қаласында табан аудармастан 57 жыл тұрған мұндай адамға облыс орталығының бір көшесі неге бұйырмады екен? 27 мен 57. Ойланатын цифрлар ғой, ә?!

Кейінгі жылдары бір журналист Нұр-ағаңа газетте қарапайым қызметкер болу мен редактор болудың қайсысы қызықты деп сауал қойыпты. Сонда ол газет қызметкерінің шығармашылық тұрғыдағы еңбегі мен мүмкіндігін жоғары бағалап, газет редакторының ұйымдастырушылық-басшылық жасау міндеттерін тәрбиеші болу рөлімен сабақтастыра атап өтеді.

Әдетте редактордың жиі жазуы міндетті шарт емес, бірақ жалпы жазу редактор үшін — парыз. Нұр-ағаң сиректеу жазатын, бірақ өнегелі, «өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы, өмірге көзқарасы және әлеуметтік позициясы тұрғысынан саралай» (Т.Амандосов) жазатын.

Оның «Орақ-балға құдіреті»,«Қарсаңда», «Шыңыраудан — шыңға», «Жаңа аудандағы жақсы істер», «Өмірдің шынайы шындығы»,«Жолыңыз болсын»,«Сын сағатта»,«Алтын жұлдыздылар әулеті», «Осынымыз дұрыс па?», «Қарабұтақ миллиондары», «Самғау», «Санамен саралап, жүрекпен ұғынсақ», «Ырғыз өңірінде», «Чехословакия әсерлері», т.б. осы секілді кезінде кезеңнің көкейкесті мәселелерін көтерген басқа да көптеген туындысынан қоғам тынысымен жетілген өзіндік журналистік қолтаңбасын көруге болады.

Қазіргі заман талабымен салыстырғанда бұл жарияланымдардың қоғамдық-әлеуметтік, тақырыптық-танымдық салмағының азайғаны белгілі; бірақ мұндай кезеңдік туындыларға әлбетте автордың жазу мәнері мен ерекшелігі, журналистік шеберлік мәселесі тұрғысынан қарап, зерделеген жөн болады.

Нұрқайыр Телеуұлының «Н.Әділетов» деген бүркеншік есімі болды. Біраз еңбегін осы есім аясында жазды. Былайша айтқанда,  бұл «Әділеттің ұлы», «Әділеттің баласы» деген сөз еді.

Бүркеншік есім таңдаудың өз сыры бар. Ұлттық журналистиканың бастауында тұратын тұлғалар бұл үшін туған жерін, ататегін, ру-тайпасын, бала-шағасының есімін, т.б. осы сияқты ерекшеліктерді пайдаланған.

Ал Нұр-ағаңның әділет жолын таңдауы — журналистік қаламым тек шындықты, жақсылықты, әділдікті, туралықты, дұрыстықты жазсын деген тілегінен туғаны сөзсіз.  Күнделікті өмірде де ол осы бүркеншік есімінің мазмұнына сай ғұмыр кешті.

Өзі жұмыс істейтін газеттің редакторымен бірлесіп мақала жазу (не оның туындысына сол газет бетінде пікір айту)— көп журналиске бұйыра қоймайтын мүмкіндік. Газетте жұмыс істеп жүрген жылдары осындай сирек мүмкіндік туды.

Нұр-ағаң екеуміз бірлесіп «Үлкен жолдың үстінде» деген очерк-триптих («Бәйгеден келген күн», «Арғымақ өсірген ауыл», «Сенімді сергек сезіну») жаздық («Коммунизм жолы», 06/07; 07/07; 08/07/1982).

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қайнар» баспасы «Екінші тыңның ерлері» деген жинақ шығарып, онда шоқтығы биік шопандар жайында жақсы шежіре ұсынды. Жинақ кейіпкерлері — қой өсіру арқылы Социалистік Еңбек Ері атанған еңбеккерлер еді.

Осы жинаққа Нұрқайыр Телеуовтің ойылдық атақты шопан Бекіш Ғалымов туралы бұрын газеттің бірнеше нөміріне жарияланған «Алтын жұлдыздылар әулеті» деген очеркі  енді.

Аталған жинақ туралы рецензия жазудың сәті қалай түскені есімде жоқ; сірә «Қайнар» баспасындағы әріптестерден өтініш болды-ау деймін. Оның үстіне бұл жинаққа ақтөбелік тағы бір талантты журналист Жайшылық Аймағамбетовтің «Тобылғы гүлдегенде» деген очеркі енген болатын.

Нұр-ағаңның очеркі туралы сол рецензияда: «таңдаған тақырыбын жан-жақты және   нақты дамыта отырып, озат шопанның келелі көрсеткіштерінің сырын ашады, табыс қайнарын айқындайды» деп жазылыпты.

Бұл кейіпкер бейнесін нақты істелген іспен, жеткен жетістікпен ашатын, экономикалық сипаты басым жарияланым еді.

Қой өсірудің белгілі шеберлері әкелі-балалы Ғалым Қосымбаев пен Бекіш Ғалымовтың  бай тәжірибесін олар пайдаланатын мал өрісін саралап пайдаланумен, селекциялық-іріктеу жұмысымен ұштастыра келіп,  автор шопан тірлігінің тынымсыз кезеңдерінің пайда-табысын цифрлармен сөйлетеді.

Газетке жарияланған соң, іле-шала ешбір өзгеріссіз сол күйінде жинаққа енген очеркімен Нұр-ағаң сол тұстағы жас қаламдастарына «жақсы жазылған нәрсе жерде қалмайды, қай уақытта да жақсы жазуға тырысу қажет» деп үн қатқандай, үйреткендей болып еді.

…Ақтөбедегі бір кездесу барысында, сөз арасында «Нұрқайырдың нұрлы жолы» деп қалып ем, тыңдап отырған біршама жұрт тебірене қозғалақтап қалды. Өйткені «Ақтөбе» газетінің тарихында «Нұрқайырдың нұрлы жолы» жарқырап жатқанына кім талассын?!

Облыстық газет редакциясында 1965-1992 жылдар аралығында жұмыс істеген кез келген адам Нұрқайырдың мектебінен шыққанын, Нұрқайырдың нұрлы жолымен жүріп өткенін мойындайды. Ақиқаттан ешкім аттап өте алмайды.

Ол «Коммунизм жолын» ұзақ жыл бойы басқарды. Бірақ бәрібір сол коммунизмнің жолы жеткізбеді, оған ешкім жете алмады… Алайда редактор Нұрқайыр Телеуов тәуелсіздік қарсаңында оқырманның өмірлік таңдауын дәл танып, ешкім жетпеген сол «коммунизм жолын» аңсаған «Ақтөбеге» айналдырып, «Ақтөбенің» ақ жолын ашып кетті.

Нұр-ағаңның көзі тірісінде жарық көрген «Нұрқайыр Телеуов. Журналист. Редактор. Публицист» атты кітап бар.

Өткен жылыАқтөбе қаласының Шернияз көшесіндегі 39-үйдің қабырғасына Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның құрметті журналисі, редактор, көсемсөзші Нұрқайыр Телеуовке арналған ескерткіш тақта орнатылды.

«Ақтөбе»газетінің жазуынша, осы тақтаның ашылурәсімінде«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин республика көлемінде танымал редактор болған Нұрқайыр Телеуовтің жастарға ерекше қамқорлық көрсеткенін, облыстық газетте қызмет атқарған бірнеше буын өкілдерінің өзара сабақтастығының жарасымды жалғасуына көңіл бөлгенін атап көрсетті».

Еңбек кітапшамның беташарында ұжым басшысы Нұр-ағаңның солдан оңға қарай созылған таныс қолтаңбасы тұр.

Жиырма бір жасымда университетті бітіріп келіп, облыстық газеттің табалдырығынан аттағанымда, газет редакторы, сол кезде үлкен адам сияқты көрінетін Нұрқайыр Телеуов әлі  елуге  толмаған, қырықтың қалың ішіндегі жігерлі жігіт ағасы еді.

Кейін Астанада қызмет істеп жүрген кезде Нұр-ағаңның 70 жылдық мерейтойына орай «Адал сүт емген адам» деп, эпистолярлық үлгіде «Ұстазға хат» жаздым, ол газетте жарияланды (Аймақтық ақпараттық-сараптамалық «Экономика-Бизнес» газеті, 2/24/1999).

Ал ХХ ғасырдың соңғы жылында қағазға қатталған осы жазбаға орай Нұр-ағаңнан ойда жоқта жауап хат келді

(Төменде сол хаттар беріліп отыр).

 Ұстазға хат

 Армысыз Нұр-аға!

Өзіңізбен жүздеспегелі талай жылдың жүзі ауды-ау!

Қырықтың қырқасындағы Сіз басқарып тұрған үлкен ұжымның есігін имене ашып, университеттің табақтай дипломы дем беріп, газет бетінде жиырма жастың желпінген жазбаларын жарқырата жариялаған кезден бері жиырма жылдан асыпты десем, сенесіз бе? Үлкендердің «өткен күнде белгі жоқ» дейтіні, сірә, осыдан шығар?!

Бірақ өткен күннен неге белгі болмасын? Әсіресе, қалам ұстаған пенде үшін оның тасқа басылып қалған әрбір әрпі өткен шақтан өнеге шақырып тұрмас па?! Еңбек кітапшамдағы ең бірінші жазу Сіздің қолыңызбен жазылған екен; Тілші болып істегеніме жарты жыл  өтпей жатып уақытша ақпарат бөлімін басқаруды сеніп тапсырдыңыз; Көп ұзамай  газеттің ең жауапты — ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп өсірдіңіз; Арада бірнеше жыл өтіп, «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш» газетінің) батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі болып жүрген жерімнен өзіңізге орынбасар етіп шақырдыңыз.

«Адамның күні — адаммен» екені рас қой. Жасыратын не бар, қызмет барысында біреу елдесіне елжірей қалады, біреу жерлесін жетектеп жүреді, біреу ағасын жағалап жүрсе, біреу інісін паналап жүреді.

Менің пайымдауымша, сіз редактор ретінде әр уақытта адамға адамның ықпал-ілтипатының имандылық жағын ұстандыңыз: кадрларды «биографиясы мен географиясына» қарап емес, қолынан іс келсе, кіші де болса аға тұтатындай дәрежеге көтердіңіз, өзіңізбен тең ұстап, тапсырма да беретінсіз, талап та қоятынсыз. Басшы екенмін деп кез келген мәселеге біржақты қарамай, ұжымның, орынбасарларыңыздың ой-пікіріне ойлана қарап, ескеріп, елеп, қолдап отыратынсыз.

«Жаста берген тәрбие…» демекші, егер осынау қасиеттің кейбір ұшқындарын бүгінгі әріптестеріміз өз бойымыздан тауып жатса, мұның бастауы сонау бір «Коммунизм жолында» (қазіргі «Ақтөбе» газеті) жүрген жылдарда, сол кезеңнен жұғысты болған еді-ау деп ұғынамыз.

Сіз үшін қызметкерді тану мен бағалаудағы ең басты өлшем іскерлік қабілеті болатын. Айталық, сіз бен біз елдес те емес едік, жерлес те емес едік. Бізді таныстырған да, табыстырған да журналистік шығармашылық болатын. Сіздің редактор ретінде шығармашылық икемділікке жіті қарайтын, «жазсам, мамандығымды мақтанышыма айналдырсам» деген адамды қолдап, қуаттап отыратын қасиетіңіз еді.

…Әлі есімде, 1977 жылғы қоңыр күз. Редакциялық алқаның отырысы. Сіз мені жұмысқа қабылдау жөніндегі бұйрықпен таныстырдыңыз.

— Сонда бұл бала… фамилиясы кім дедіңіз, қай бөлімге барады? — деді жауапты хатшы Ұлықпан Жұмабаев (Жатқан жері жаннатта болсын, ақпейіл, жақсы адам еді).

— Ауыл шаруашылығы бөліміне, — деді редактор. Бөлімді жас кадрмен нығайтамыз, өзі де бұған келісіп отыр.

—Университет бітірген дипломды журналистер бұрын бірден мәдениет бөліміне барамыз деп келуші еді, бұл баланың мұнысы дұрыс болған екен — деді партия тұрмысы бөлімін басқаратын Мұрат Нұртаев.

«Кешеден келдім бүгінге…» деп Әбділда ақын айтқандай, журналистік жол бастауындағы осы штрих қолға қалам алған сәтте ылғи жадыма жақын келеді. Қазір де еске түсіп отыр.

Журналистер арасында «менің редакторым» деген ұғым бар. Және ол жақсы қырынан айтылып, ырғағынан игі лебіз есіп тұрады. Асылы бұл қалам майданындағы қағидатты редактор-басшылардың адам алаламайтын шығармашылық шарапатын шынайы сезінгендіктен шыққан болуы керек. Мен де сіз хақында осы ұғымнан өзімді оқшау қоя алмаймын.

Бір қызығы, Нұр-аға, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, еңбек жолымды бастаған баяғы «Коммунизм жолының», қазіргі «Ақтөбе» газетінің елу жылдық тойын көре алғаным жоқ — ол кезде студент едім; алпыс жылдығында тағы да бола алмадым —«Лениншіл жас» газетіндегі тілшілік қызметіме орай іссапарда жүрдім; жетпіс жылдығында Алматы қаласында қызметте едім; Қазір газетіміз жетпіс бестен асып барады ғой… Өзіңіз отыз жылға жуық басқарған газетіңіз сізден бес-ақ жас үлкен екен-ау!

Демек, отыз жылдық редакторлық ғұмырдың әр күнін танып-білу үшін газеттің кезең-кезеңін кестелеуге тура келеді екен. Ал кестелей бастасаңыз-ақ, сарғайған парақтар арасынан шығармашылық ойдың жемістері мен қоян-қолтық қызмет істеген қаламдас қауымның бейнесі жарқырайды: өмірден өткен кешегі көп ұрпақтың қолтаңбасы жатыр, өзіңіз тәрбиелеп, қанаттандырған бүгінгі жас буын жүр… Сондықтан өз басым сізді «Ақтөбе» газетінен бөліп қарай алмаймын. Ал «Ақтөбе» газетінің тарихи жылнамасын басылымның байырғы редакторы Нұрқайыр Телеуовтен тыс саралау әсте мүмкін емес.

Маған — аға, Сізге — іні әріптестеріңіздің бірі кезінде өзіңіз туралы «Нұрекең адал сүт емген адам ғой» деп еді.

Уақыт өтті, заман өзгерді, рухани құндылықтарды айтпағанда, кешегі тонның ішкі бауындай аралас-құралас адамдардың өзіне қайта қарайтын дәуір туды. Жұмыр басты пенде ғой, бәлкім, мұны айтқан адам өз сөзін ұмытып та кеткен шығар, бірақ мен ұмытқаным жоқ, жадымда жатталып қалғандықтан да осы теңеу-тіркесті өзіңізге арнаған лебізімнің арқауына айналдырып отырмын.

Газет шығару сияқты қызығы да, қиындығы да көп жауапты жұмысты қанаттас жүріп атқарғандықтан, Сіздің мерейтойыңызға арнап лебіз білдіруді парыз санадым, Нұр-аға! Денге — саулық, ойға — байлық, отбасына — қуаныш, көңілге— жұбаныш, жанға — рахат, болашаққа  —шапағат тілеймін!

Қабыл алыңыз!

Игі тілекпен, шәкірт-ініңіз Серікқали Байменше.

(1999, Астана). 

Құрметті, қадірменді інішегім Серікқали!

Сіздің «Ұстазға хатыңызды» Раукеннің газетінен (сол жылдары баспагер-журналист Раукен Отыншин Ақтөбе қаласында шығарғанаймақтық ақпараттық-сараптамалық «Экономика-Бизнес» газеті – С.Б.) күллі әулет болып оқып шығып, баршамыздың атымыздан жүрекжарды сезімімізді, адал алғысымызды білдіріп отырмыз. Қабыл алыңыз, айнам! Ыстық ықыласқа толы, терең ойға, парасаттылық мазмұнға құрылған хатыңызды толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін болмады. Жасыратыны жоқ, сөз маржанына, адал, шынайы шындыққа негізделген жолдар еріксізден көзден қуаныш жасын моншақтатты. Бақытты болыңыз, абыройыңыз арта түссін, асыл інішек!

Сіздің туындыңызды оқыған ағайындар да бейтарап қала алмады. Үйге келіп, телефон шалып, ыстық ықыластарын менімен бірге сізге де білдіріп жатыр. Өзіңіз жазғандай, «бізді таныстырған да, табыстырған да журналистік шығармашылық» болды.

Сіз сияқты, Есенбай, Ертай сияқты інілермен жұмыстас, замандас болғанымды үлкен дәреже ғана емес, бақыт деп санаймын. Сіздердің қолтаңбаларыңыз, ақкөңіл, ақжарқын бейнелеріңіз менімен мәңгілік бірге.

«Өзіңіз отыз жылға жуық басқарған сол газетіңіз сізден бес-ақ жас үлкен екен-ау!» дейсіз. Бес-ақ жас үлкен болса да, ол газетті мен әке тұтамын. Менің мерейтойыма байланысты әкімшілікте өткен жиында шаршы топ алдында мен осылай дедім.

Ғафу ет, Серікқали! Сізден цитата аламын: «Уақыт өтті, заман өзгерді, рухани құндылықтарды айтпағанда, кешегі тонның ішкі бауындай аралас-құралас адамдардың өзіне қайта қарайтын дәуір туды». Дұрыс айтасыз, дәл айтасыз, әділ айтасыз. Дегенмен қандай қилы заман туса да, пікірің, көзқарасың, байламың өзгермейтін адамың болады. Мен үшін соның бірі —сізсіз, Серікқали!

Сонау жылдары газеттен түлеп ұшып, ғылым іздеп, шығармашылық кеңістік іздеп басталған қадамыңыз сәтті болып келеді. Қуанамыз, мақтанамыз, масаттанамыз. Ләйім солай болғай!

Қасиетті Шалқар топырағы сізді құнарландыра берсін. Көріскенше күн жақсы болғай! Бүкіл әулетімізбен рақмет айтып, ыстық сәлем жолдаймыз!

 

Ізгі тілекпен, сіздің қанатыңыздың қатаюына азын-аулақ болса да үлес қосқан ұстаз-ағаңыз Нұрқайыр Телеуов, зейнеткер.

(1999, Ақтөбе).

***

Осынау ақжүрек ағаның адал көңілінен шыққан аққанат жолдар еңбек жолымның бастауына бойлата жөнеледі… алдымызда жүрген ағалар-ай… қандай едіңіздер, шіркін!

Ұлы редактор, көсемсөзші Нұрқайыр Телеуовтің есімі өз газетінен бес жас кішілігімен ғана емес, жұртшылықтың, әріптестерінің, әсіресе өзінен кейінгі жас буынның жүрегінде қалған кісілігімен де санада сақтала береді...

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Шалқар ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button