Меншікті тілшілер
Бала кезімізден бойымызға қалыптасқан мерзімдік газет-журнал мен кітап оқуға құштарлық әлі күнге сейілген жоқ. Оған Кеңес Одағы дәуіріндегі идеологияның орасан зор ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды, оның үстіне әлеуметтік желі, интернет, ғаламтор, ұялы телефон дегендерің өң түгіл, түске кірмеген шақ. Ауылдық кеңес төрағасы қызметіндегі әкеміз күн сайын үйге ала келетін республикалық, облыстық, аудандық басылымдарды жата-жастана оқимыз. Тіпті әр материалдың соңындағы автордың аты-жөніне, қызметіне үңіліп, өзіміз көрмеген жорналшы ағайындарды сырттай білетін дәрежеге жеттік. Әсіресе атағы дардай «Социалистік Қазақстан» газетінен меншікті тілшілер Әмин Фатиховтың, Төлеубай Ысқақовтың жазбалары бізді қызықтыра түсті. Мұндай қызметтік штат облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакциясында да бар болып шықты. Басылымның алғашқы саны жарыққа шықанына 100 жыл толуы қарсаңында тұрағы ауданда, қызметі облыста болған бірқатар әріптестер жайында сыр шертуді жөн көрдік.
Әбдіқани АЙМАҒАМБЕТОВ
Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінде әдеби қызметкермін. Орта мектепте француз тілінен дәріс беріп жүрген Әбдіқани аға аудандық газетке қызметке шақырылды, көп ұзамай облыстағы «Коммунизм жолына» меншікті тілшілікке ауысты. Аптасына бір-екі рет кеңсемізге соғып кетеді. Ұзын бойлы, сымбатты азамат, әдемі мұрты жарасып-ақ тұр. Қазақы пейілімен кісіге үйірсек, әзіл әңгімелерге шебер. Облыстық газетте материалдары жиі шығады.
Бірде редакторымыз Тауман Төрехановтан мені өзімен бірге іссапарға шығуға сұрап алды. Жолаушылар пойызына отырдық. Бершүгір стансасында «ЗИЛ-130» автокөлігі күтіп тұр екен. Алабас ауылында орналасқан Бершүгір жол құрылысы материалдары зауытынан материал жазбақшы. Жүргізуші көлік маңдайын тіреген үйдің алдында шағын денелі азамат отындық ағаш жарып жатыр. Жолбасшым бүйірімнен түртіп: «Қарашы, мынаны дардай зауыт директоры дегенге кім сенеді?» — деді. Бұл сол кезде атағы біраз жерге жайылған Бөген Жақыпов екен. Әбекеңмен жасы қарайлас, бір жағынан, нағашы-жиендігі бар болып шықты.
Мәрзия апай екеуі бізге бар жағдайды жасады. Жанға тимейтін әдемі әзілдермен таңды атырдық.
Әбдіқани Аймағамбетов ертеңіне зауыт бөлімшелерін аралап, қарапайым еңбек адамдарымен сөйлесті. Сүйсінерлігі — үлкен-кішінің қайсысымен де тез тіл табыса қояды. Арасында «Коммунизм жолының» келесі жылғы таралымына қатысты мәселені оңтайлы шешкені бар.
Әбдіқани ағамыз газет редакциясынан өз атына мән-жайды анықтап, тексеру үшін келген арыз-шағымдарға сергек қарайтын.
Бірде майдангер журналист Хайрулла Тыныбеков пен бір малшы арасындағы ұрланған түйе дауына байланысты жайды зерттеп, «Түйенің басы қайда?» деген тақырыппен сын мақала жариялады. Оқырман арасында авторға ризашылық білдіргендер аз болған жоқ. Әншейінде ашық-жарқын жүретін Аймағамбетовтің дағдысы кемшілік көрсе, бейжайлық танытпай, мәселенің түйінін әділ шешуге ұмтылатын. Содан да шаруашылықтың немесе кәсіпорынның басшысы іссапармен бара қалған әріптесіміздің ұстанымына сыйластықпен қарайтын.
Ел ішінде көп болып, ескікөз қарттардың әңгімесін жадына түйіп өскен ағамыз табан астында татымды сөз тауып айтатын. Бірде «Ақтөбе» газеті редакциясына келе жатса, бірнеше әріптес інісі алдынан кезігіп, сәлемдеседі ғой. Әлгілердің бірі: «Әбеке, көптен көрінбей кеттіңіз», — десе керек. Сонда ол: «Е, сендер көреді деп, бес қабатты үйдің төбесіне шығып отырайын ба?» — депті.
Азаматтың зайыбы Балсұлу Әбдікәрімова өзі еңбек ететін автокөлік кәсіпорны ұжымының қалауымен сол мекемеге директор болып сайланғаны бар. Сонда қуақы Әбекеңнің: «Әйелің бастық болғаны қиын екен. Ол жұмыстан «Волгамен» келіп, түсіп жатады. Мен байғұс жаяу жетемін», — дегеніне еріксіз күлгенбіз.
Сөйткен Әбдіқани Аймағамбетов республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінен соң облыстық «Ақтөбе» газетіне келді.
Ибадулла СҰЛТАНОВ
Пешенесіне небәрі елу үш жас бұйырған ол — Байғанин ауданының тумасы. Қаршадайынан әке-шешеге серік болып, үй шаруасын тиянақты меңгерген жігіт еңбекке ерте араласады. Кеңшарда автокөлік жүргізді, трактор тұтқасына отырды, комсомол комитетінде хатшы болды, бірер жыл шопандықта жүрді. Жұмыс істей жүріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітіріп алды.
Ауыз әдебиетінің маржандарынан сусындап өскен, алыс ауылда тұрып, қатардағы еңбек адамдарымен араласқан Ибекеңнің қаламгерлік қабілеті ерте танылды. «Шүкәйт астаудың хикаясы» деген әңгімесі «Мәдениет және тұрмыс» журналының сыйлығына ие болып, осы басылымның таңдаулы авторы атанды. «Жұлдыз» журналында жарияланған «Таң қараңғысы» повесі әдеби ортаның назарын өзіне аударды. Темір аудандық «Жаршы» газетінде, Байғанин аудандық «Ленин туы» газетінде әдеби қызметкер болып істеген ол 1975 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетіне Байғанин, Темір, Ойыл аудандары бойынша меншікті тілші қызметіне шақырылды. Осы кәсіпте табан аудармай он сегіз жыл жұмыс істеп, жалғанның көшіне ілесті.
Газет редакциясына Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар ауданы бойынша меншікті тілші болып қабылданған маған бұл бағытта жол көрсетіп, ақыл-кеңес бергендердің бірі Ибадулла ағамыз еді. Бұрын бір аудан шеңберінде жүрген бізге бастапқы сәтте жаңа қызметке бейімделу оңайға түскен жоқ. Басшылық облыс орталығында, тұрағымыз ауданда болғандықтан жиі хабарласып, нұсқау-тапсырмалар аламыз. Редакцияда онға тарта бөлім бар, қызметкерлердің негізгі дені — мүйізі қарағайдай ағаларымыз. Аптасына бес рет, Одақтық «Правда» газетінің көлеміндей басылымды заманауи ағыстан туындаған мағыналы материалдармен толықтыру оңай емес. Содан да меншікті тілшілерге қойылар талап күшті.
Жылына кемінде үш-төрт дүркін Ақтөбеге шақырылып, редакцияның шығармашылық ұжымында есеп береміз, бөлім басшылары әртүрлі сауалдармен ортаға алады. Мұндайды бұрын көрмегендіктен бе, алғашқыда тосырқағанымыз рас. Жарықтық Ибадулла еңбектің қазанында қайнап піскен әрі бұл кәсіпке ерте араласып, жорналшы ағалардың жан дүниесінен хабардар. Кімге қалай келуім керектігін айтып, қайрап қояды. Жұмыс күнінен соң қонақүй бөлмесінде ағалы-інілі тұрғыда сырласамыз, алдағы жоспарынан сыр шертеді. Бірте-бірте мақала-очерктерімізге, өзіміз ұйымдастырған авторлардың материалдарына өріс ашылып, лездемелерде есім-сойымыз жақсы жағынан айтылатын болды. Осылайша өзіміз қамтитын аудандарда беделге ие бола бастадық.
Өкініштісі — журналистігімен де, жазушылығымен де танылған қарапайым еңбек торысы Сұлтановтың көші ерте тоқтады. Дәтке қуат қыларымыз — зайыбы Үрқия отағасы аманатына адалдығымен шаңырақ түтінін түзу шығарды. Алды жиырмада, соңы жеті жастағы сегіз баланы баулып-баптап қатарға қосты.
2014 жылы Ақтөбедегі «Нобель» баспаханасынан Қазақстанның құрметті журналисі Кәдірбай Бекмағанбетовтің құрастыруымен Ибадулла Сұлтановтың шығармалары және ол туралы замандастарының естеліктері енгізілген «Таң қараңғысы» атты жинақ басылып шығарылды.
Аманбай КӨЗДІБАЕВ
Шалқар аудандық «Социализм туы», кейін «Коммунизм таңы» болып аталған газет редакциясына Тілеужан Шойғарин, кейін Тауман Төреханов басшылық жасаған тұста көптеген қаламы қарымды журналистер жұмыс істеп, кейін олардың бірқатары облыстық, республикалық басылымдарда еңбек ету құрметіне ие болды, аудандық газеттерге редакторлық етті. Сол топтың ішінде Аманбай Көздібаевтың орны бөлек.
Он шақты жыл Шалқарда фототілші, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болған ол 1966 жылы Ембі қаласында жаңадан ашылған «Еңбек таңы»-«Коммунист» газеттерінің редакциясына редактордың орынбасарлығына шақырылды. Бұл кезде небәрі 25 жаста. Өз ісіне мұқият, артық сөзге жоқ азамат газет шығарудың қыр-сырын меңгеріп алған-ды. Аппаратта жұмыс істеуге жан-жақтан жиналған үлкен-кішімен тез тіл табысып үлгерді. Көп ұзамай облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы Нұрқайыр Телеуовтің ұсынысымен осы басылымның Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандары бойынша меншікті тілшілігіне бекітілді.
Әбекең қай кезде де байыппен қимылдайтын, өзін-өзі жарнамалауға әуестігі жоқ, сын материалдар жазуға құлшыныс танытпады. Үйреншікті дағдымен редакция аппаратынан түскен тапсырмаларды кідіріссіз, сапалы орындайтын. Оның қаламынан шыққан мақала-очерктерді оқырман қауым жылы қабылдап жатты.
Көздібаевтың меншікті тілшілік қызметі аса ұзаққа созылған жоқ. Мұғаджар ауданының бірінші басшылығына келген Қуандық Әлішев оны «Еңбек таңы»-«Коммунист» газеттерінің редакторлығына шақырды. Азаматтың аудан халқына жарқырай көрінген тұсы — осы кезең: ұйымдастырушылық қабілеті еселене түсті, қаламы ұшталып, мағыналы очерктерімен, әсем суретті репортаждарымен, өзекті мәселелерді арқау еткен мақалаларымен оқырман ықыласына бөленді. Қазақша-орысша аудармамен шығарылған екі газеттің де таралымы артты.
Редактордың өзі біршама жылдар бойына аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланды, өңірдегі қоғамдық-саяси шаралардың басы-қасында жүрді. Әріптесіміз отбасымен Ақтөбе қаласына көшіп келгеннен кейін де облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясында жұмыс істеді, «Нұрдәулет» газетінде редакторлық етті.
Өзекті өртер жай — ақжарқын азамат пен зайыбы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Ұлмекен бас-аяғы жиырма төрт күнде бірінен соң бірі келместің кемесіне мініп кете барды. Жалғыз ұл Айбек те мезгілсіз ажал құшты. Марқұмдардың соңында қалған қызы Ақмарал филология ғылымдарының кандидаты дәрежесімен облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінде қызмет етеді.
Елеусіз КЕНЕБАЕВ
Жасы алпысқа таяп қалғанда бақилық болған бұл ағамыздың өмірбаяндық деректері айтарлықтай мағыналы. Университетті журналистика мамандығы бойынша бітірген соң Алматы, Қызылорда облыстық газеттерінің редакциясында жұмыс істеген, өз облысымыздағы Исатай аудандық «Дала таңы» газетінде редактор болды. Біршама білетінім — облыстық «Коммунизм жолы» газетінде Октябрь ауданы бойынша меншікті тілші болған кезеңі. Жоғарыда арнайы сөз қозғаған Ибадулла Сұлтанов, мен, Елеусіз Кенебаев үшеуміз Ақтөбеде жиі қауышамыз. Лездемеде өзіміз қамтитын өңірде атқарған шаруамыздан есеп береміз. Елекең — бой-бітімі келісті, маңғаз қимылдайтын азамат. Көп сөйлемейді, бір бүкпесі ішінде сияқты көрінеді.
Ибекең де, мен де айтылған сынға уәж айтуға тырысамыз, Кенебаевта ол жоқ. Лездеме біткен соң кідірмей Қандыағашына бет бұрады. Естуімізше, домбыра тартуды жақсы меңгерген, әншілігі де бар. Айтыскерлік қабілетімен көзге түсіп, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған. Өмірінің соңғы жағында республикалық «Қазақстан темір жолы» газетінің батыс аймақтар бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған тамаша азамат Иран Әміров оны барынша қадірлегенінен, оны ақтық сапарға жөнелту сәтінде адал пейілмен қызмет еткенінен хабардармыз.
Манасбай ОРАЛБАЕВ
Қызылорда облысындағы Арал ауданының тумасы болып келетін бұл ағамыз кезінде Жамбыл облысындағы Красногор аудандық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған. Отбасы жағдайымен Шалқар қаласына көшіп келіп қоныстанған соң, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша меншікті тілші қызметіне қабылданды.
Шығармашылық қызмет адамдарының көпшілігі негізгі жұмысын атқара жүріп, арнайы бір тақырыпты өзіне бағдаршам етіп қабылдайды. Жастайынан Сыр сүлейлерінің машығын бойына сіңірген, аңыз-әпсаналарды көп тыңдаған, біразын жаттап өскен Оралбаев та Шалқар жұртының көне тарихын зерттеуге ден қойды. Би-батырлар, ақын-жыраулар ғұмырнамасының беймәлім тұстарын жалпақ жұртқа жеткізуге күш салды. Нәтижесінде «Атамұра — асыл қазына» атты кітабын баспадан шығарды.
Сонан кейін де бірнеше еңбегі арқылы оқырманға көптеген тағылымды деректер ұсынды. Манасбай Оралбаев облыстық газеттен кейін аудандық «Шалқар» газетінде, тәуелсіз «Шежірелі өлке» газетінде жемісті қызмет атқарып, өлкетанушылық ізденістерін бір сәтке толастатқан жоқ. Ол бірқатар әріптестерімен тығыз шығармашылық байланыста болды. Манасбай екеуміздің қаламымыздан туындаған «Мамай батыр» атты зерттеу мақаламыз 2010 жылы баспадан шығарылған «Тілеу-Қабақ» антологиясының IV кітабына енгізілді. Қанатбай Елеусізұлымен бірігіп жазған «Шежіре дастан» осы антологияның II кітабында жарияланды.
Жолдымұрат СЕГІЗБАЕВ
Арамыздан ерте кеткен бұл әріптесіміз жоғарыда біз тоқталған Елеусіз Кенебаевтың алдында облыстық «Ақтөбе» газетінің Октябрь ауданындағы меншікті тілшісі болған, кейін Мұғаджар, Шалқар аудандары бойынша өкіл болу қоса жүктелген тәрізді. Топқа көп қосыла бермей оқшау жүретін, ешкім туралы сырт әңгіме айтпайтын замандас еді.
Бірде облыстық газеттің жауапты хатшысы Сексенбай Күлімбетов екеуі Шалқарға іссапармен келе қалды, облыстық газетке жергілікті сауда мекемелерінің бірінің қызметкерінен тұтынушылар одағында орын алған олқылық туралы түскен шағымды тексеруге келіпті.
Аудандық газет редакторының орынбасары Мұқанбетәли Есмағанбетов пен жауапты хатшы мен — екеуміз жағдайын жасап жүрміз. Сонда екпіні қатты Сексенбай Жолдымұратқа жиі соқтығып, «Сын материалдар жазбайсың» деп айтып қалып отырды. Жөкең болса үндемей құтылды.
Кейінірек редакция тапсырмасымен қазақтың белгілі ақыны Әкімәлі Қаржауовтың 100 жылдығына байланысты қазіргі Хромтау ауданынан «Ор бойында» деген бір жақсы мақала жазғаны есімде қалыпты.
Әріптесіміз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында журналистикамен қош айтысып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ына қарасты мұнайшылардың вахталық қалашығында жауапты қызмет атқарды.
***
Біз өткен ғасырдың ағысымен облыстық газетте меншікті тілші болған бірқатар әріптестер жайында сыр шерттік. Шынында, олар еңбек ұжымынан шалғайда — алыс ауданда тұрып, облыстық газет беделін көтеруге шама-шарқынша үлес қосты.
Менің өзім бұл кәсіпті екі мәрте атқарыппын. Бастапқыда 1981 жылы редактор Нұрқайыр Телеуовтің шақыруымен келіп, жеті жыл жұмыс істедім. Одан әрі Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторлығы, Шалқар ауданы әкімінің аппаратында бас маман қызметі.
1996 жылы бас редактор Идош Асқар қайтадан меншікті тілшілікті ұсынды, екі жылым осылай өтті. Кейінде қалған жылдарға үңілсем, ұтылмаған сияқтымын. Жер көрдім, ел таныдым, ой-өрісім кеңейді. Қазақ әдебиеті мен өнерінің айтулы тұлғаларымен сапарлас болғанымды қалай ұмытайын?! Қызмет барысында өзіме тілектес болып, алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай жасаған Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарындағы іс басында болған азаматтарға, үлкен-кіші замандастарыма алғысым шексіз. Олардың көпшілігі мәңгілік мекеніне аттанды, қазіргі күнде балаларын, жақын-жуықтарын көргенімізде көңіліміз босайды.
Облыстық газет редакциясында қызметтес болған аға-апаларымның, қатар-құрбыларымның кәсіпке баулудағы үлесін ризашылықпен еске аламын. Диалектикалық заңдылықпен сахнаға заманауи технологияны меңгерген, жігерлі жастар буыны шықты. Олардың ілгеріден қалыптасқан үлгілерді лайықты жалғастырып, сабақтастықпен өнімді еңбек ететіндеріне сеніміміз зор!
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
ақпарат саласының үздігі.