Әдебиет

Дала сыры

Жазушы Тахауи Ахтановтың «Дала сыры» повесі 1963 жылы жарыққа шыққан. Осы шығармасы үшін ол 1966 жылы Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды.

Кейін автор бұл шығармасын қайта өңдеп, толықтырып, «Боран» романына айналдырды. Романның бас кейіпкері Қоспан — қарапайым еңбек адамы, соғыста тұтқынға түсіп, соның кесірінен кейінгі тағдыры дақиын болғанмен, ізгі арман-мұраттарынан айнымай, адамшылық қасиеттерін жоғалтпай, адалдық жолында ғұмыр кешкен жан.

Ахтанов — өмір шындығын бұрмаламай, ешкімге жалтақтамай қалам тартқан, өз заманының жалаң ұрандары емес, мәңгілік құндылықтарды ту етіп өткен жазушы. Сондықтан да оның туындылары, көтерген мәселелері бүгінде де өзектілігін жойған жоқ. (Ал кеңес заманындағы көп жазушының шығармалары КСРО тараған соң ескіріп, оқырманға керексіз болып қалғаны белгілі.) «Боран» романында да өткен ғасырдың 40-60жылдарындағы кеңестік заман келбеті боямасыз берілген.

Біз «Дала сыры» деген атпен оқырманға осы романнан шағын үзінді ұсынамыз.

Тахауи АХТАНОВ

Дала сыры

…Қоспан әбден қалжырады. Үш-төрт күннен бергі суық буын-буынына тарап, денесін тұтас тоңазытып тастаған. Тұла бойы зілдей, бір мүшесі илікпейді. Өткен түні қасқырмен айқаста қатты қимылдап бой алдырған түрі бар. Екі қасқырдың біреуін ақыры соғып алды. Көкжал жастығын алып өлді. Жарқыратып сегіз қойды жарып салды. Қоспан өлген қойдың етіне Құтпан мен Майлыаяқты тойындырып алып, таң қылаң бере қойын айдап жүріп кетті.

Таң алдында қайта тұтасқан қара бұлт қылаулап жауа бастады. Қоспанның жүрегін зуылдатып тағы да жел көтеріліп келеді. Бірақ енді теріскейден ауытқып, шығыс беткейден соғады. Қоспан желге қиялап, жерұйықтай бұлдыраған Кішкенеқұмға қарай жылжи бермек. Малдың ажары көңіліндегі күдігін қоюлата түсті. Бүгін де он шақты саулық жүруге жарамай жолда қалып еді. Енді тіпті күйлі, қоңды дегендерінің өзі божырап барады. Қазақы қойлардың бұрын да босап тұрған құйрықтары шөмиіп қалыпты. Ішкі пружинасы әлсіреп кеткендей қимылдары тіпті солғын. Кішкене тұяқтарын қардан әрең суырып, мықшыңдап келеді. Жанары суалып, өлеусіреген дымқыл көздерін қарға қадап жиі-жиі сұлық тұрып қалады. Қоспан қамшы үйіргенде өлексесін сүйретіп ілгері жылжығандай болады. Митыңдаған жүріс жер ұтқызар емес. Қар ұшқындаған ақ дала бұлардың тыпыршыған тіршілік әрекетіне селт етпей, бір адым кейін жылжымай сұлап жатыр. Қанша тырбанып жанын салса да, ызғарлы құшағынан шығаратын түрі жоқ. Тіпті тапжылмайды. Қоспанның діңкесін құртып, қол-аяғын тұсап тастап, енді бұл дүниеде бар-жоғын ұмытып кеткен. Өліп бара жатсаң шімірікпейтін қатыгез өгей дала.

Дүлеймен алысып төтеп беріп келе жатыр еді. Енді жалғыздық деген жау қосылды. Артта қалған ел-жұрттан хабар жоқ. «Олар да қол қусырып отырмаған болар, қам қылып жатқан шығар» деп қанша көңіл жұбатқанмен — ұшан далада қыбыр еткен бір қара көзіне түспейді. Кейде басы зеңгіп, көзі қарауытып кетеді. Айналадағы ақ мылқау еңсесін басып, тынысын тарылтып бара жатқандай. Қанша бұлқынса да шығып кете алар емес. Жаңыл мен Қаламұш өзге бөлек дүниеде қалып қойғандай, қиялында бұлдырап, алыстан елестейді. Ой-қиялына дейін енжар тартып, тұла бойын ауырлық басады. Айлап, жылдап жылжып келеді, жылжып келеді, бірақ басқан қадамы кейін кетеді — шетсіз-шексіз ақ тылсым еңсесінен төмен қарай тарта түседі. Қоспан аттан түсіп жаяу аяңдап, Тортөбелге қайта мініп желіп кетеді. Сілкініп серпілгісі келеді. Бірақ болдырып қалған Тортөбелдің желісі оңбай, желкесінен тоқпақпен ұрғандай солқ-солқ етеді. Әрі-беріден соң батпандай тұяғын әрең қозғап, сылбыр аяңға ауысады. Әлгі зіл салмақ Қоспанның үстінен қайта басады.

Қоспан шынтақтап сұлық жатыр. Желмен ойнап үйіріліп түскен жапалақ қар таусылар емес. Бүкіл дүниені бұлдыратып бүркеп алды. Ықтасынға иірілген қойдың жотасын көміп салды. Біреуі тырп етпейді. Кеудесінде тынысы бар тірі жәндік емес, қамшымен түртіп қалсаң, үгітіліп түсетін қардан соққан мүсін сияқты. Қоспанның домбығып кеткен қара қошқыл бетіне бейне көн қаптап қойғандай. Бетіне түскен қардың зәрін сезбейді. Тек суық сорған денесі азынап барады. Өн бойын қалтыратқан бір діріл бар.

Әлденеге көз алдына Жаппасбай елестейді. Өзіне-өзі риза, еш уайымы жоқ адамның арсыз кескіні. Бетім қайтып қалар, біреу мені ұнатпас-ау деп ойласайшы, шіркін. Осы өткен күзде, қасында Қоспанға жүзтаныс ауданның бір қызметкері бар, үйіне кеп түсе қалды. Қоспан қасындағы адамнан ұялғаннан қонақасы берді. Жаппасбай қазір пенсияға шыққан көрінеді. Бұрынғы етшең денесі аздап шөгіп, мұртына ақ кіріпті. Қалың қошқыл-қара бетіне де ірі-ірі сирек әжімдер түсіпті. Кәрілік кісіні тәубаға келтіріп, бетіне иман енгізер болар еді. Бірақ Жаппасбайдың жүзі баяғы сол қалпы сияқты. Содан ба, әйтеуір, Қоспанның іші жылымай, тіксініп қалды. Қашан кете-кеткенінше онымен тіс жарып сөйлеспей-ақ қойды.

Бірақ оған қысылған Жаппасбай жоқ. Ауыз жаппай гүжілдеп сөйлеп отыр. Қоспанмен, Жаңылмен бірге істескен кездерін еске алып, қасындағы жолдасына осы үймен ескі таныс екенін баяндап берді.

— Пенсияға шыққанмен, Жаппасбайға тыныштық беретін емес. Бұрын актеп болып қалғасын, кісінің өзі де қарап жата алмайды екен. Қазір енді комиссия болып, мал қыстатуға әзірлікті тексеріп жүргеніміз ғой шапқылап, — деп төрде шалқайып жатып алып әңгіме соғады.

Жүрер кезде Қоспанды оңаша шығарып алды.

— Өзім айтпасам, бұйымтайымды сұрайтын кескінің жоқ қой, сірә. Колхоз бағасы он бес сом ғой, соныңды төлермін. Маған қойыңның ең ірі, қоңдысын машинаға салып бере ғой. Өзің де қолымды қақпайсың ғой, бірақ заңды болсын деп басқармадан қағаз әкелдім.

Жаппасбай бір жапырақ қағазды төс қалтасынан суырып алып, Қоспанның қолына ұстатты. Қоспан оның бетіне қарап қайран болды. «Мына байғұсқа қиянатым тиіп еді-ау» деген зәредей өкініш болсайшы жүзінде.

Қоспан қолындағы қағазды паршалап жыртты да:

— Қойды басқарманың өзінен алыңыз, — деп бұрылып жүріп кетті.

Енді сол шімірікпейтін арсыз кескін көз алдында елестеп… дәл сондағыдай тұла бойын жиіркенішті діріл қалтыратып өтті.

Жаппасбайды есіне алғысы келмейді. Оны есіне алса, сонау бір жылдар көз алдына келеді. Сондағы жан азабы, көрген қорлығы… Жаппасбаймен қабаттасып сондағы бір жиіркенішті мүсәпірлік сезімі қайта тіріліп келеді.

Жоқ. Ол сезім Жаппасбайға кездесуден бұрын басталған. Сол қашан басталып еді? Елге келгесін бе? Әлде одан бұрынырақ па?

Біздің әскер жақындаған сайын тұтқындардың бойына жан кіргені Қоспанның есінде. Әбден титықтап, ақтық демі тақалғандардың өзі тіріліп, нұры солған көздерінде үміттің ұшқыны жылтылдаған. Жұрттың ендігі тірлігі тағаты таусылып күту мен үмітке айналды. Жақындап қалған зеңбірек гүрсілінен жүрек лүпілдеп алып ұшып баратты. Қуаныш. Қуаныш пен бақыттың зорлығы сонша… Халі бітіп әлсіреген тұтқындардың жарылып кетпей соған шыдағанына кісі қайран қалады. Әр солдат өзінің бірге туған бауырыңнан да ыстық… Құшақтасып сүйісіп жатқан жұрт; айқай-шу, мәз-мейрам боп күлген, жылаған дауыстар — соның бәрі көкірекке сыймас үлкен бақыт боп құйылып жатты. Осыған елге барамыз деген сағыныш-үміт араласып, ұзақ уақытқа дейін мас қылып жүрді.

Сөйтіп жүріп бұлар көп нәрсені байқамай қалыпты. Алғашқы тексерістерге де ешкім жөнді мән бермеген. Бірақ тексеру созылып бара жатты. Бұларды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, белгісіз халге салып қойды.

Тексеріп сұрастырған офицерлердің де қабақтары суйи бастады. Сөзіңді салғырт тыңдап, екіұшты көзбен қарайды. Әрине, бұлардың сөздері де бастапқыдай жалын атып, қасіретке толы боп шықпайды. Айта-айта жалыққан.

Бұлар сонау жау қолында жүргенде өз үйіне, отбасына деген сезімі туған жерге, елге деген сезіммен біте қайнасып кеткен-ді. Қатын-балаларын, жақын туыстарын көп сағынды ма, әлде туған жердің топырағын, елін көбірек сағынды ма? Бұлардың әрқайсысы-ақ үйіші, қатын-баласы жоғалып кетсе, өмір сүре алар еді. Бірақ туған жерді көрмей… Соншама тозақтан өтіп, зарығып жеткенде өз үйің саған өгей адамша сұқ көзімен қараса…

— Жағдайыңызды тағы да қайталап айтыңызшы, — деп жалығып тыңдап отырған мына әп-әдемі офицерлер қара тасқа мұңыңды шақтырып қояды.

Кеше ғана лагерь қақпасының аузында жылап көріскен ең жақындары осылар емес пе еді?!

Жұрт мұқият тексерудің заңдылығы мен керектігін дәлелдеп, бір-біріне жұбаныш айтады. Бірақ ақылдың айтқанын жүрек тыңдағысы келмейді. Көңілге беймағлұм белгісіздікпен бірге реніш кіреді.

Өзгелерден бұрын бір нәрсені сезген Гусев болды.

— Осылар бізге оң қабағын беретін түрі жоқ. Әлі де біраз әурелейтін сияқты, — деді бір күні.

— Сонда немене, елге қайтармай ма?

— Қайтарады ғой түбі. Бірақ о жақта да өгейлік көретін сыңайымыз бар.

— Оны қайдан білдің?

Гусев Қоспанның сұрағына жауап бермей, көңілсіз жымиды да қойды. Содан кейін:

— Дені сау адамның құтылмайтын пәлесі жоқ. Еш нәрсе етпес, — деп басалқы айтты.

Сол бір ыңғайсыз жайттар, белгісіз күту айлары көңілге дақ салғанмен, құтылудың үлкен қуанышын өшіріп тастай алған жоқ. Жұрттың орынсыз күдікке деген өкпесін «елге жетсем» деген сағынышы мен тілегі басып кететін.

Туған жерге қайтып оралып, жақын-жарандарымен қауышқан қуанышы Қоспанға сондағы көңілге түскен дақты ұмыттырып жіберіп еді. Мүмкін, ол екінші қайтып есіне түспес те еді…

…Ағайын-туғандарын аралап мауқын басып келгесін Қоспан қызметке тұруға бұрын өзі істеген ауаткомға барды. Көз көрген көне таныстар тіпті сиреп қалыпты. Басшылар да жаңарған. Аппаратта істейтін Ләшкер деген ескі танысы шұрқырап қарсы алып, ауатком председателінің орынбасарына ертіп кірді.

Орынбасардың түрі бастықтан гөрі жүк түсіретін жұмысшыға көбірек ұқсайды. Үстіне мақта салып сырыған кәдімгі жұмысшы телогрейкасын киген. Қаңылтыр қаптаған дөңгелек қара пеш бұрышта теңкиіп тұрғанмен, кабинетті онша жылытпайды екен. Сырланбаған еденге су сеуіп сыпырған шаң-тозаңның иісіне темекі иісі араласқан. Бастық пен оның кабинетінің жұпыны түрі майдандағы жағдайды есіне салып, Қоспанға бір түрлі үйреншікті, етене таныс боп көрініп, көңіліне жылы ұшырады.

Бастықтың түр-түсі де Қоспанның есінде қалыпты. Ұзын етшең мұрны төмен қарай салбырап біткен, ат жақты қара сұр кісі екен. Бет ұшында бір тал қылшық өскен қара сүйелі бар. Беті көк құйқаланып тұр. Қанша қырынса да, шешек айғыздаған бетінің ой-шұқырында сақал қылтанағы қалып қоя беретін болар. Қалың ісік қабақты болғанға ма, ұйқылы-ояу адам сияқты жүзі самарқау. Ләшкер таныстырғаннан кейін ұйқысы ашылып кеткендей жадырап Қоспанмен жылы амандасты.

— Аман-сау қайтып оралған екенсіз ғой. Жақсы болған. Бұрын істеген жеріңізге келгеніңіз дұрыс. Бізге де адам жетпей жатыр, — деп жақсы ықыласын білдірді. Өзі самарқау түріне қарамай іскер болса керек. Дереу іске көшті. — Ал көп сөйлесетін несі бар? Ұрыста тұрыс жоқ. Тезірек анкет толтырып, өмірбаяныңызды жазып әкеле қойыңыз.

Қоспанның анкетімен танысқан кезде орынбасардың түрі өзгеріп кетті. Анкеттің аяқ жағына жуықтаған кезде қағаз бетінде жүгіріп келе жатқан кішкене көзі бір ноқатқа тіреліп, қалың қабағын жауып алып, бастапқы ұйқылы-ояу қалпына қайта түскендей болды. Алдындағы адам өзгеріп кеткендей, қабақ астынан, Қоспанды бір шолып өтті. Қоспан оның кішкене көзінен ызғар мен үрей көрді. Осындай жат көзқарас оған таныс еді.

Содан-ақ орынбасар тілі күрмеліп қалғандай ыңылдай берді.

— Мм… Солай деңіз. Әйеліңіз бар шығар? Бала-шағаңыз бар ма? Әйеліңіз де қызмет істейтін болар? — деп әңгіменің бетін бұра бастады.

Өзі сұрақ берсе де, Қоспанның сөзін тыңдап отырған жоқ. Бір ыңғайсыз жағдайға түсіп қалып, содан қалай құтылудың амалын таппай қиналатын сияқты. Қоспан осы кабинеттен тезірек шығып кетсе, құдайға қой айтатын түрі бар.

— Мана сізге қате айтып қалыппын, — деді ол бір кезде. — Сіз кеткен соң кадр бөлімінің бастығын шақырып алып сұрасам… Бізде сізге ыңғайлы қызметтің орайы келмей тұр екен. Әзірге басқа жерге орналаса тұрсаңыз…

Қоспан басқа жерге де барды. Тырнағы ілігер жұмыс іздеп ауданның азғана мекемесін адақтап шықты. Көбі таныс, кейбіреулері етене жақын болмаса да, алыс жұрағаттығы бар адамдар. Жылы сөйлеседі. Хал-жағдайын сұрайды, бірақ әңгіме жұмысқа кеп тірелгенде бос орын жоқ боп шығады. Өзінің тілектес көңілін білдіріп өзге мекемеге сілтейді. Кейде ол жерде қандай ыңғайлы, бос орын барын да айтып береді. Енді сол мекемеге келсе, жаңағы орынға кісі алынып қойған, я болмаса жоғары жақ басқа біреуді ұсынғысы кеп отырған болып шығады.

Қоспанның көз алдынан талай мекеменің басшылары тізіліп өтіп жатыр. Әрі-беріден соң қайсысына бірінші рет келіп отырғанын, қайсысына қайтып оралып соққанын ұмытып қалатын болды. Бәрі бір-біріне ұқсас сияқты. Олардың ажарын да айнытпай танитын болды: «Сенің кім екеніңді, ана жақта не істегеніңді сайтан білсін, өзің кісіні пәлеге қалдырып жүрерсің. Бізден аулақ». Немесе: «Жағдайыңды түсініп-ақ тұрмын. Жаным да ашиды. Бірақ амал қанша…». Қай бастыққа кірсе де бетінен осы екі жазудың біреуін оқиды. Содан басқа еш нәрсе есінде қалмайтын болды.

Тек есінде қалғаны — сары шашты, шолақ қол орыс жігіт. Оның түр-түсінде ерекше көзге түсерліктей еш нәрсе жоқ. Кәдімгі орта бойлы, ақсары, қайқы тұмсық көп орыстың бірі. Мінезі елгезек, ақжарқын. Сол көп адамнан ерекше бір нәрсесі жоқтығынан ба, бір көргенде Қоспанға жүзі таныс сияқты болды да тұрды. Сол қолы әлі жұмысқа икемделіп болмаған екен, Қоспанның документтерін шашыратып, қобыратып берекесін алды. Содан қысылып, жымиып күлді де, иегімен алдындағы табуретканы нұсқады.

— Сіз отырыңыз, отырыңыз.

Қоспан тағы да «осыны бір жерде көрген сияқтымын ғой» деп ойлады. Кенет өзінің взвод командирі есіне түсті. Мұның түсінде оған тікелей, аумай ұқсап тұрған еш нәрсесі жоқ. Ол бұдан гөрі жасырақ та болатын. Бірақ, әйтеуір, белгісіз бір нәрсесімен сол сары жігітті еске салады. О да осындай елгезек болатын. Тәртіпті берік ұстайтын. Жаттығу кезінде солдаттарға да қатал еді. Қоспанды талай қара терге түсірген. Бірақ жұртқа әділ, өз жанын да аямайтын. Содан ба, жауынгерлер сыйлайтын. Харьков түбінде түнде барлауға барғанда аяғынан оқ тиген солдатты арқалап шығам деп қаза тапты байғұс.

Мына кісінің де жүзі ашық, адал екен. Талайдан түңіліп шыққан Қоспан осыдан үлкен үміт күтті.

Өз ойымен әлек боп байқамай қалыпты. Мұның да көзі анкеттің аяқ жағына тіреліп, қинала ойланып қапты.

— Бізде бос орынның ыңғайы болмай тұр… Сіз ғафу етіңіз… Ғафу етіңіз…

Ол Қоспанға тура қарай алмай, айыпты адамдай кібіртіктей береді. Жалғыз қолымен стол үстіндегі сия сауытты сығымдап ұстап алған. Кенет саусағының сияға боялып қалғанын көріп, оны қалай сүртудің ебін таппай молтақ қолының тұқылын бір-екі шошаңдатып қойды. Бірақ осы әбігері ыңғайсыз халде құтқарып, өзіне жеңілдік әкелгендей.

— Қолымның жалғыз екенін ұмытып кетіп… Ылғи өстіп былғап аламын… — деп Қоспанға қарап жымиып күлді.

— Мен сүртіп жіберейін, — деп Қоспан столдан газет алып ұсынып еді:

— Жоқ-жоқ. Рақмет, — деп ол газеттің бір бұрышынан жыртып алып, бес саусағымен умаждай берді.

— Ал сау болыңыз. Сіз енді ренжімеңіз…

Қоспан оны енді қинамайын деп тезірек шығып кетті. Оған ренжіген де жоқ. Адал адам екені көрініп тұр. Үстінен әлі шинелі түспеген. Майданнан қайтқан. Оң қолын соғыста берген. Қандай қауіпті тапсырмаға болса да бірге баруға болатын адам. «Осындай кісіні төмен қаратып, өтірік айтқызып қойған қандай күш?» — деп ойлады Қоспан.

Кенет сол белгісіз күш өзін елден, жұрттан бөліп тұрғанын сезді. Бел тіресіп сол күшпен алысайын десе… көзге көрінбейді, қолға ілікпейді. Бірақ барлық жерде алдынан шығады. Ауаға жайылып кеткен бір пәле ме? Енді бақса, осы күш сонау жеңіс жазындағы белгісіз қуанышқа толы болашаққа ынтықтырып, көкірегіне орнаған көктем нұрын өшіріп, тұла бойына күңгірт күдік, құлазыған өгейлік боп жайылып барады…

…Ақыры Қоспан заготживсырье деген мекемеге кладовщик болып орналасты. Жұмысы — тері-терсек, жүн-жұрқа қабылдау, соны реттеп жөнелту. Зауқы соққан жұмысы емес. Бірақ мұның сүйген асын кім берсін. Сонда жүк тиеуші боп жүрген Жаңылдың міндетін өзі қоса атқарып жүре берді. «Соғыс бітті ғой. Енді қаншаға созылар дейсің. Кімнің кім екенін анықтар. Біз де ел қатарына қосылармыз» деген тәтті үмітін талшық етті.

Бастығы Байеділ қартаң адам еді. Шашы мен мұрты шымқай ақ та өңі қара — бір қарағанда суреттің ақты қара, қараны ақ қып көрсететін негативі сияқты. Өзі байсалды, азғана оқуына қазақтың ақыл-парасатын қосқан мінезі жайлы, сыпайы адам. Ол Қоспанды жатырқаған жоқ. Қайта оны іш тартып суық көңіліндегі тоңын жібітіп келе жатқан.

Бір күні Байеділ Қоспанды кеңсесінде оңаша алып қалды. Біраз уақытқа дейін сөз бастай алмай қалам ұштайтын бәкісін әурелеп, төмен қарап тұнжырап отырды. Запы боп қалған Қоспан оның қиналған түрінен-ақ бір жаманатты танып, жүрегі зуылдап қоя берді.

— Қоспан шырағым, сені орныңнан босатайын деп отырмын, — деді Байеділ бір кезде басын көтеріп. — Жаппасбай сенің орныңды сұрап арыз бергелі бір ай болды. Жолатпай-ақ келіп едім…

Қоспан сөзінің ар жағын тыңдаған жоқ. Бәрі белгілі. Жаппасбайдың өңмендеп осы кеңсеге талай келгенін көріп еді. Өзге мекемелерді адақтап, енді осында келгені ғой. «Бәшеске сатылған пленды бауырына паналатып, мен сияқты ауданның ортан қолдай актебіне қызмет тауып бергің келмейді екен ғой, ә!» — деп талай зіркілдеген болар. Ондай қызыл көз пәлеге болмысынан жуас Байеділ шыдай ала ма…

…Орнын Жаппасбай тартып алғаннан кейін Қоспан енді қызмет іздеуге бетінен басып, сол жердің өзінде Жаңылмен бірге жүк тиеуші болып істей берді. Әрине, денесі алпамсадай қара күші мол Қоспанды ауыр жұмыс қажытқан жоқ. Бірақ сүтке тиген күшіктей жиіркенішті бір халге түсті. Өзге жұрт бір бөлек, бұл бір бөлек. Тағы да сол екі түрлі көзқарасты көреді. Әркімнің бетінен соның біреуін қапы жібермей оқиды. Баяғы — бір сенбестік, бір аяныш. Бір жаманы, өзі де әбден күдікшіл, кісі қабағын аңдығыш боп алды. Тіпті жанашыр кескін мен достық жылы жүздің өзін «осы мені бишарасынып, мүсіркеп тұр-ау» деп теріске жорып, қарап тұрып қорланып, іштей түйіле береді. Әрі-беріден соң өзінен өзі қуыстанып, қайда барса да кібіртіктеп қалатын пәлеге ұшырады. Еңсесі төмен тартып, көзімен жер шұқып жиіркенішті халге түседі.

Бір күні Гусевтен хат келді. Қатерлі кездегі жолдасы, бүгінгі мұңдасынан келген хабарды оқығанша тағаты жетпей, Қоспан қолы дірілдеп конвертті әзер ашты. Әріптерін шалқасынан салып жүгірте жазған досының қолы көзіне оттай басылды. Аман-сау көрінеді. Әйел алып, бала сүйіпті. Орталық Қазақстанда геологиялық барлау партиясында жұмыс істеп жүр екен. Әзіл-оспақпен қалжыңдап келіп Қоспанның үй ішінің амандығын сұрап, әйеліне, Мұрат деген жігітке сәлем айтады. (Мұраттың қаза болғанын ол қайдан білсін.) Гусев хатын қуақы тіліне салып қанша жайдары жазғанмен, Қоспан сөз арасынан күрсініс естігендей болады. Хатының аяғында «дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ» деп өзінің жақсы көретін сөзін айтыпты. Қоспанның халін ұғып қуат беріп қайрағаны ғой. Жалғыздық меңдетіп жүргенде мұңдасы табылып Қоспан кәдімгідей серпіліп қалды. Хатты қайтадан қолына алып, енді асықпай талмап оқыды. Қиын кезде қайта табылған досының қарасынан көз жазып қалам ба деп қорқып, отыра қалып хат жазды. Гусев ажырасарда: «Сенің ата-бабаң көшпелі болғанмен, өз мекенің тұрақтылау көрінеді, мен жөн-жосығымды тиянақтап, бір жерге якорь тастаған соң хабарласармын», —  деп Қоспанның адресін алып еді.

Осы хат келерден екі ай бұрын Қоспанды қауіпсіздік комитетінің бөліміне шақырған. Онда жиырмадан аз-ақ асқан жас лейтенант қабылдады. Тұтқында болған жайларын сұрады. Денесі талдырмаш, жұқа өңді, иман жүзді бала жігіт екен. Жүзі жылы ұшырады ма, әйтеуір, Қоспан бар шерін ақтарып, егіле сөйледі. Бастан кешкен оқиғаларын түк қалдырмай айтып берді. Лейтенант та ертек тыңдаған баладай кірпік қақпай ұйып қалды. Тек екі-үш Гусевтің аты аталғанда селт етіп, көзі жыпылықтап, қосымша сұрақ беріп қадағалап қойды. Қоспан бар сырын сарыққаннан кейін бала жігіт іштегі күрсінісін басқысы келіп, аз уақыт үндемей отырды. Содан кейін:

— Сіз осы айтқандарыңыздың бәрін жазып беріңіз. Әсіресе Гусевтің жайын көбірек айтыңыз, — деді.

— Бұл неге керек?

— Бұл Гусев үшін керек. Екеуіңіздің сөздеріңіз тұп-тура бір жерден шығып отыр.

Лейтенант ырза болғандай жайдары жымиып қойды.

— Сіз Гусевтің қайда екенін білесіз бе? — деді Қоспан жұлып алғандай. — Маған адресін беріңізші. Көптен бері хабарсыз жүр едім.

— Бізде адресі жоқ. Жалпы Қарағанды жағында көрінеді. Жағдайы жаман болмас. — Лейтенант бір нәрседен қапы кеткендей оқыс ойланып, қабағын түйіп алды. — Бұл әңгіме тек екеуміздің арамызда ғана. Сіз тісіңізден шығарушы болмаңыз.

— Жарайды, — деп, Қоспан да кілт өзгеріп суына қалды.

Жаңа ғана бел шешіп, сырласып отырған екі адамның арасынан ызғар жүгіріп өткенге ыңғайсызданып, жас лейтенант қипалақтап қалды. Содан бойын билеп:

— Сіздің орныңызды Жаппасбайдың тартып алуы әділдік емес. Мұны мен тегін қалдырмаспын. Бастықтармен сөйлесемін, — деп жылы шыраймен шығарып салды.

Кейінірек Қоспан жас лейтенантпен екі-үш рет кездесіп қалды. Бірақ қызмет жайында сөз қозғалмады. Екеуі де көмейіндегі айтпай, амандық сұрасып, ұсақ-түйек әңгімемен тарасып кетеді. Әсіресе соңғы кездескенде лейтенанттың айыпты адамдай қысылып тұрғанын көзі көрді. «Онсыз да мен үшін бастығыңнан қатты сөз естіген түрің бар-ау» деп, Қоспан анадағы уәдесін сұрап, оны қинамады. «Төзген мен-ақ төзейін» деп жүре берді.

Бірақ төзе алмайтын да нәрсесі бар екен. Зіркілдеп жұрқа, тері-терсек тасып жүрген Жаппасбай барып тұрған сұғанақ, жымысқы ұры боп шықты. Қоспан оның қасында жүн-жұрқа, тері-терсек тасып жүріп бәрін көреді. Жұрттың әкелген нәрсесінің тиісті нарқын кесу дегенді ол білмейді екен. Жиырма-отыз келі жүн әкелген шалға бір әшмөшке шай мен екі-үш шыт ұстатып қоя береді. Тіпті сонысының өзін көпсініп: «Ақсақал, сіз болғасын ғана амал жоқ» — деп бұлдап қояды. Бір сиырдың терісіне сары майын қосып әкелген кемпірге беретіні сыңар ұлтан. Онысын азсынып, адамға зекіп, тіл тигізеді. Соғыстан жүдеп шыққан қоңторғай халықтың азғана несібесін жыруға келгенде беті бүлк етпейді.

— Жаппасбай, сен мынауыңды қой, — деді Қоспан тікесінен келіп. — Болмаса оңбайсың.

— Нені қоямын? — деді Жаппасбай ежірейіп.

— Кемпір-шалдарды алдауыңды қой. Ұрлығыңды қой, білдің бе?

Жаппасбай алғашқыда шошып қалды. Мойнын иығына тығып, ала көзі жыпылықтап, қақпанға түскен аңдай Қоспанға үрке қарады. Бірақ аздан кейін есін жиып, тосыннан ақыл тапқандай батылданып, тіпті кесірлене сөйледі.

— Ал қоймасам не істейсің?

— Не істейтінімді өзім білемін. Бірақ не де болса оңдырмаймын.

Жаппасбай желкесі күдірейіп, сүзе қарап, Қоспанды ала көзімен атып жіберердей төне түсті. Енді тура қақпаннан өзіне қарсы атылған аң сияқты, қандай жауыздықтан болса да тайынар түрі жоқ.

— Сен өзің кімге жала жауып тұрсың… білесің бе? Сенің өзің кімсің, білесің бе?! Пәшестің тыңшысысың сен! Үкіметтің оң көзі болған адал адамға пәле жауып көрші осыдан. Тура мүрдем кетірейін, бұл күніңді көпсінсең. Үкімет кімге сенеді, білесің бе?!

Қоспан ертеңіне жұмысқа бармады. Сол сұмырайдың қол астында жүруге, қанша көнбісті болса да, шыдамы жетпеді. Әттең, мына бір бетінде тұрған шіркеуі болмаса, Жаппасбай сияқтылардың адымын аштырмас еді…

***

…Сол Жаппасбаймен керісіп қызметке бармай қойғаннан кейін Қоспан мүлде өзгеріп кетті. Торығып үйде жатып алды. Ешқайда шықпайды. Ауыр ойы күннен- күнге меңдетіп бара жатты.

Жаңыл алғашқы кезде одан: «Ау, мұның не жатыс, қарекет қылмайсың ба?» деп сұрамады. Үндемеген күйеуіне жаутаңдап қарап қойып, жұмысын істеп жүре берді. Бірақ ұзаққа шыдай алады ма, бір күні күйеуін сөзге шақырды:

— Жұмыс жағынан не ойың бар?..

— Білмеймін. Жер-көкке сыятын болмадым ғой мен. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді. Енді өлексемді сүйретіп, бір жаққа қаңғырып кетпесем…

Жаңыл күйеуінің көңілі басылсын деп біраз отырды да, ақырын жылы сөйледі.

— Өзіңді өзің қинай беріп қайтесің. Бізді қаңғыртатын да ешкім жоқ. Одан да ауылға барайық. Қанша айтқанмен, ағайын арасы…

— Сені мен менің қайбір екі туып, бір қалғанымыз толып тұр. Жұрт болғасын көзге шұқушылар табылмас деп пе едің.

— Соншама түңіліп немене, — деп Жаңыл кейіп қалды. — Бір сұмырайдан қорлық көрдім деп, бүкіл елдің бетіне түкіресің бе? Тіпті жұқарып қалыпсың ғой өзің. Одан да сөзді қойып, колхозға көшеміз. Күрекке боқ табылмайды деп қорқасың ба? Ел іші — алтын бесік. Бізге де өгейлік қылмайды.

Сөйтіп, Қоспан мен Жаңыл колхозға көшіп келді…

… Ол ешкім түрткілемейтін, қызғанбайтын жұмыс іздеді және жұрт көзінен қағыс оңашалық аңсады. Сөйтіп, Мінайдарға көмекші болды. Сол жылдары Қадыржан мен Уасиқа жас, қойды Мінайдар мен Салиқа бағады екен. Қаламұш бес жаста, жүгіріп жүр.

 

***

… Ақыры таң атты. Қоспан аурудан тұрғандай сүйегі салдырап қалған, сүлесоқ халде. Бірақ денесін сығып ұстаған құрсау үзіліп, басы жеңілдеп, ой көңілі сергіп те шықты. Осы бір дозақ түнде қауіп-қатер, азап-мехнатпен қоса, ауыр-ауыр ойлар кешті. Бұл сапар өз өміріндегі бір белес екен. Енді соны артқа тастап шағыл құмды кешіп келе жатыр. Әлдекімге сілтегісі келгендей, иығына артып алған ақ таяғын қыса түседі. Алдында осы күнге дейін тындыра алмаған үлкен шаруасы бар, алдында шығар күннің сәулесімен күмістей жарқыраған алып ақ дала жатыр керіліп.

Ақ қырдың беліне қылаң етіп жалғыз атты шыға келді. Оған ілесе тағы біреуі көрінді. Ойқастай шауып және бір үш атты қатар шықты. Алдыңғысы — Күреңқасқа. Қаламұш!.. Жеткен екен ғой, айналайын. Ағасын танып құйғытып келеді. Соңында жамырай шапқан жас өрім.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button